Бағаны тұрақтандыру маңызды
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков лездемелік мәжіліс өткізіп, орынбасары Талғат Төлегеновтің жетекшілігіндегі салалардың жұмысын саралады.
Қалалық Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов тапсырмалардың орындалуын баяндай келе, қала аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында, базарлар мен сауда нүктелеріне, ірі супермаркеттер мен азық-түлік дүкендеріне бөлім тарапынан тұрақты түрде мониторинг жүргізілетінін жеткізді. Мониторинг жұмыстары барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын негізсіз шекті бағадан тыс көтеру дерегі анықталған 25 дүкен мен супермаркетке заң аясында тиісті шара көру үшін құжаттары департаментке жолданған.
Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Бөлегенов бюджеттің атқарылуы мен индикаторлардың орындалуын баяндап, бөлімдерге қатысты кемшіліктерді ұсынды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы көтерілген мәселелерге қатысты қосымша тапсырмалар жүктеп, орындауға мерзім белгіледі:
- Жұмыс барысында заңдылықтардың сақталуына мұқият болуды тапсырамын. Заң алдында барлық адамның құқығы тең екенін назардан шығармаңыздар. Бір азаматқа артықшылық беру – екінші азаматтың құқығын аяқасты ететінін ұмытпаған жөн. Сіздерден заңдылықтың сақталуы талап етіледі, - деді шаһар басшысы өз сөзінде.