Рамазан Стамғазиев, әнші: «Әскерде біз де таяқ жегенбіз»

Oinet.kz 01-08-2019 1234

Screenshot_43.jpg

Отан алдындағы борышын өтеуге әрбір азамат міндетті. Осындай ойдың жетегімен ержетіп, 1984-87 жылдары әскерде болдым.Ол кезде қазіргідей бір жыл емес, екі жыл бойы  еліңнен жырақта жүресің. Осы екі жылдық әскери өмір маған үлкен мектеп болды. 

Орыс жеріне бірнеше қазақ жігіттері бардық.  Алдымен бізді жарты жылдай Ленинградтта оқытты. Кейіннен бәрімізді жан-жаққа таратты ғой. Мен осылайша Петрозаводскідегі танкілі әскер қатарына қосылдым. «Үйінен қырық қадам аттаған адам мүсәпір» деп бекер айтпаған. Үйіңде өз еркің өзіңде, жылы төсек, ыстық тамақ, әке-шешеңнің мейіріміне, ықыласына бөленіп жүрген ұлдың бір пәсте тәртібі темірдей қатал ортаға үйренісуі  қиын. Аз ұйықтап, мөлшермен тамақ ішіп, таңның атысынан қара кешке дейін жаттығып, жұмыс істеу маған да оңай соқпады. Әйтеуір ауылда еркін күреспен айналысқаным, жүгіргенімнің пайдасы көп тиді. Спортпен айналыспаған, ата-анасының ерке ұлдарының жағдайы әскерде қиындау болғанын көзім көрді. Әскерде маған ең қиын соққаны орыс тілін білмеуім. Петрозаводскідегі ротада жалғыз қазақ мен болдым. Әскери  қызметкерлердің, құрдастарымның сөздерін түсінбей шарасыз күй кешкенім, не оларға мардымды жауап бере алмағаным әлі есімде.    Бастапқы кезде таяқты біз де жедік. Түннің бір уағында тұрғызып алып,  орысшалап  бұйырғанда түк түсіне алмай дал болдым. Әскери жарғыны білмегендерді ұра жөнелетін. Ол ережені бір ай бойы тұрған орнымызда, жұмыс істеген жерімізде, жатсақ та, тұрсақ та қайталап,  жаттап алдық. «Аюға намазды үйреткен таяқ» дегендей, кейіннен орысшаға тілімізді үйретіп алдық. Әскерде жүріп темекі тартуды үйрендім. Бәр сәт қимылсыз тұра алмайсың. Таңның атысымен жүгіресің,  қара жұмыс істейсің, әйтеуір, әбден қажисың. Арасында темекі шегіп, демалуға мұрша береді. Сондайда бір сержант:  «Солдат, почему не куришь?» деп сұрады. «Я не курю» деймін.  –«Тогда работай!» деп жұмысқа қайта салады. Бір күні қуланып, аздап демалмақ болып, қолыма бір «беламорканы» алып тұтаттым. Түтінді ішке қарай сору керек. Оны қайдан білейін, тұншығып, шашалып, қақалып, өліп қала жаздадым. Сол күні темекіні тастап кеттім. Осылайша әскерде жүріп темекі тарттым да, тастадым да.    

Әскери өмірдегі ең керемет дүние хат екеніне келісетін шығарсыздар. Бірер айдан кейін қысы қатал өлкеге туған жерімнен алғашқы хат келіп жетті. Ақ парақты қолыма ұстатқан кезде оны тезірек ашуға, оқуға асықтым. Хатты үйдегілер жазыпты. Оқысам, «бізде бәрі жақсы» дегенді қайталай берген екен. Мені жыламасын, көңілі түспесін деп кейбір шындықты жасырып қалғанын ішім сезіп отыр. Кейіннен ата-анама «не болса да анығын жазыңыздаршы» деп өтіндім. Бәрінен де анаңның салып жіберген сәлемдемесінің құндылығын айтсайшы. Өз қолымен жасаған құрт, майының дәмі аузымнан әлі кеткен емес. Бірде әкем артымнан домбыра салып жіберіпті. Сол домбыраны кеткенше тарттым. Ол кезде бір ротаға жауап беретін старшина едім. Әнді де саламын, күйді де тартамын. Көбісі риза болады. Домбыра төрде ілініп тұратын. Кейін Қазақстаннан мықты-мықты төрт-бес жігіт келді. Солардың ішінде домбыра шертетін біреуі бар екен. Соның беделі асқақтап жүрсінші деп, домбырамды сыйға тартып кеттім.  

Бітпейтіндей көрінетін екі жылдың ішіндегі ең әсерлі сәті әрине Отаныңа, жанұяңа оралар сәтің. Петрозаводскіден бірінші Мәскеуге келдім де, кейіннен Алматыға қарай жол тарттым. Туған жердің топырағын басқанда өзгеше күй кешеді екенсің. Екі жылда жиналған сағынышың басылады. Әскери киімде жүргенде ел-жұрттың назары өзіңе ауады. Сонда бойыңда бір мақтаныш сезім пайда болады екен. Алдымнан күтіп алған анам мені көріп жылап жіберді. Ағам әскерге кеткесін, бір жылдан кейін мен де борышымды өтеуге аттанған едім. Қос ұлының тілеуін тілеп жүрген анамның қуаныштан  жанары жасқа болды. Ауылға келгесін ағайын-туыс, бауырлар, ауылдастар жиналып, үйде кәдімгідей мереке болды. Ақсақалдар «аман-есен елге  оралуыңмен, жігіт болуыңмен» деп құттықтап, ақ батасын берді. Біздің заманымызда әскерден оралу мереке болатын. «Пәленшенің баласы әскерден оралыпты, барып көріп қайтайық, жігіт болған шығар» деп сынап келетін.  Әскери киімімді естелікке сақтап қала алмадым. Белбеуімді бір інім алып кетсе, енді бірі фуражкамды, бірі костюмімді сұрап алды. 

Қазіргі жігіттердің көбісі әскерге барудан қашады. Оларды кінәлағым келмейді. Алайда әскер жігітті шыдамдылыққа, сабырлыққа үйретеді. Әскер балалық пен шалалықтан даналыққа қарай қадам басуға жетелейді. Сондықтан Отан алдында борышын өтейтін азаматтар көп болсын деген тілегім бар. Санаулы ғана қалған ардагерлерімізді көзі тірісінде құрмет көрсетіп, олардың ерлігін болашақ ұрпаққа үлгі етіп қалдырайық. 

Жазып алған: Айнұр Оңғарбай,

«Рейтинг» газеті №17-18, 5 мамыр 2016 жыл

Исамуддин Рысбаев: «Ардагерлер – өнегелі істердің ұйытқысы»
Сая Қасымбек: «Екіжүзділікті талап ететін саясаттан әйел жаны не таппақ?!»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу