Сая Қасымбек: «Екіжүзділікті талап ететін саясаттан әйел жаны не таппақ?!»

Oinet.kz 02-08-2019 1799

Screenshot_14.jpg

Сая ҚАСЫМБЕК, ҚР Мәдениет қайраткері, драматург

Өнер арқылы адамдардың дүниетанымы кеңейіп, эстетикалық талғамы өсіп, мінез-құлқы қалыптасады. Егер де қоғамның рухани мәдениеті жоғары дамыған болса, онда өмір сүретін адамдардың да мәдениетінің жоғары болары сөзсіз. Көпшілікке өте жақсы мәлім түсініктерді қайталап отыруымыздың өзіндік себебі де бар. Өйткені, сұхбаттасымыздың сүйікті ісі - өнер, драматургия болғанымен,  сұрағымыздың негізі қоғам өміріндегі өзекті дерлік мәселелерге қатысты болмақ. Яғни, өнер адамының қоғам өміріне көзқарасын, пікірін білгіміз келіп, есімі елге танымал драматург, ҚР Мәдениет қайраткері, Жұмат Шанин атындағы облыстық академиялық драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек ханымға бірнеше сұрақ қойған едік. 

- Қоғам өміріне қатысты көзқарасыңызды драматургиялық шығармаларыңыз арқылы білдіріп те жүрсіз. Осы орайда, алдымен әңгімемізді «Лифттен», яғни 26-27 мамырда елордалық көрерменге ұсынылып отырған психологиялық драмадан бастасақ. «Бүгінгі заманда адамның құны қанша?  Ұлт пен тектің арасалмағы немен өлшенбек? Түбі қайдан шыққанын білмейтін «тексіздер армиясын» ұлғайтып жатқандар кімдер?.. көрермен көкейіндегі кезек күттірмейтін осындай өзекті мәселелерге жауап іздейтін» шығарма қалай жазылды, не түрткі болды?  

- Қаламнан төгіліп шығатын әрбір туынды қоғамнан тыс болмауы керек. Себебі, сенің тікелей қолданушың – бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан адамдар. «Лифт» пьесасын жазуыма себеп болған, осы жылдың ақпан айында «Фейсбук» бетіне жарияланған бір бойжеткеннің; «Мен балалар үйінде тәрбиелендім. Күйеуге шығуға қорқамын. Әке-шешемнің кім екенін білмеймін. Тегім белгісіз. Болашақ күйеуім – бауырым боп шықса қайтемін?!» деген қысқаша ғана жанайқайы, жан-дүниемді қопарып түсті. Ойланған жанға сұмдық қой?! Соңғы кездері ғаламтор мен телеарналарды көруге қорқасың. Қор боп жатқан сәбилердің жантүршігерлік тағдыры... Көптен бері толғандырып жүрген ойыма жас қыздың жазғаны дөп түсті. Шынымды айтсам, жазған күннің ертесіне Астана Жастар театры репертуарына  бірден қабылданған пьесам болды. Бүгінде, отбасылық ғұмырдан баз кешіп, жеке бостандығын қимайтын қыздарымыздың саны жыл сайын арта түсуде. Бұл «бейқасиеттің» астарына үңіле қарасаң – әйел қажеттілігін өтеуге мұршасы келмейтін, баланың жауапкершілігінен қашатын ер-азаматтарымыздың саны паралельді түрде «нөпірге» айналыпты?! Драматург болған соң, қасыреттің түп-тамырына үңілмеске болмайды. Айналасындағы «бейқасиеттенген еркектерді» көруден жалыққан бойжеткендер, «өмірімізді несіне қорлаймыз?!» деген шешіммен, алданышына қажет баланы «жатырға егу» арқылы туып алуды кәдімгідей жолға қойып алды. Тыйым салатын ата-аналардың өздері; «Құрысын, өзін алып жүре алмайтын немеге қызым қор болғанша, бала туып алып жайын жасағаны артық» дейтінді шығарды. «Егіліп жатқан ұрық» кімдікі?.. Жауыздыкі ме, нашақордыкі ме?.. Бәлкім, сенің әулетіңнің атажауының ұрығы болар?! Ойлануға бас қатырмайды?! Бұдан асқан қасірет бар ма?! Аталарымыз әу бастан сөз қозғамас бұрын «тегің қандай?!» демеуші ма еді? Пьесамның бас кейіпкері Қыздың; «Қыздың жатырында бәлкім, жатжұрттықтың ұрығынан ектіріліп, анасының халқына қарсы шабар айдаһарлар өніп жатқан болар?! Ұлттың асылын сақтаушы аналарыңның жатырын ібіліс жайлап жатқанда кімге мақтанбақсың?! Болашаққа не бетіңді айтпақсың?! Жаһанданумен тайталасып, алға озғаннан табарың осы ма?! Құдайым-ау, жатыры жынмен ұрықтанған қыздан қандай ұрпақ өніп шықпақ?! Міне...Міне сіздерге бомба!.. Бізге атом бомбасын тастап әуреге түсудің қажеті жоқ. Біз өзімізге-өзіміз ұзақ мезгілдік, түп-тамырды жоятын  бомба тастап жатырмыз! «Мәңгірттену бомбасы»?!!- дейтін сөзі бар. Бұл, пьесамның басты идеясы. Адамдарға осыны жеткізгім келді.    

- Жаһанданумен тайталасып, демекші елімізде гендерлік саясат мәселесі көп жылдан бері  қозғалып келеді. «Гендерлік саясат»– әйелге теңдік емес, кемдік әпереді деп есептейтіндер де, керісінше, әйел-әкім, әйел-депутаттардың жалпы нәзік жанды басшылардың қатары көбейе түскенін қалайтындар да жеткілікті. Сіз қалай ойлайсыз, әйелдерді тордағы тотықұстай көрсетіп жүрген жоқпыз ба?

- Осы «гендерлік саясат» дегенді түсіне алмай-ақ қойдым?! Меніңше, қолынан іс келетін әйелдер, қашанда қоғамда өз орнын ала білген. Өз ойым, әйелдер басшы орынға бала-шағасы жетілген соң отырса тиімді. Балаң жас кезде тәрбие беруге мұршаң болмайды. Өз басымнан өткен соң айтып отырмын. Есейген соң, «бала қараусыз қалды» деп алаңдамастан, бойыңа жиналған нәріңді толығымен іске, қызметке беруге болады. Тым ерте бастағанның да зияны көп. Қызмет қуалап жүріп, дер кезінде отбасын құрудан кешігіп, екі тізесін құшақтап отырған қыздарымыз қаншама?! «Гендерлік» сөзінің өзі біздің дәстүрімізге сай ұғым емес. Атам қазақ әрдайым «мықтыны мойындай» білген. Жаугершілік заманда қол бастаған аналарымыз қаншама?! Ғасырлар бойы адамзат әлемінде «әйел- төменгі сатыда тұру керек» деген тамыры тереңдеген ұғымды, бір ғана «гендерлік саясатпен» орнына қоямыз деу, «шолақойлылық» болар. 

- Оңтүстікте әйелдердің саясатқа деген белсенділігі төмен! Күні кеше Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық коммиссия өткізген семинарда осындай пікір айтылды. Бұл пікірмен келісесіз бе? Жалпы еліміз бойынша оның ішінде облысымызда «Қазақстанның іскер әйелдер ассоциациясы», «Саясаткер әйелдер клубы» сынды қоғамдық ұйымдар бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бала тәрбиесі, бала саудасы, жас нәрестелерге қатысты қатыгездік секілді мәселелер соңғы кездері жиі көтеріледі. Осы орайда, жоғарыда аталған және басқа да қоғамдық ұйымдар өткізіп жатқан шаралар мен көтерген мәселелерден  әйелдер қауымы, оның ішінде үйде бала тәрбиесімен отырған қарапайым аналар мүлде хабарсыз, сырт қалады-ау деген күмәнді ой туындайды. Сіз не дейсіз?

-Оңтүстіктегі әйелдер саясатқа ақыл-ойының төмендігінен емес – отбасына деген жауапкершілігінің биіктігінен араласа қоймайды деп ойлаймын. «Саясат – сайқал әйел» ғой?! Екіжүзділікті талап ететін саясаттан әйел жаны не таппақ?! Бала күнімізден аналарымыздан «Еркек – пірің. Балаң - болашағың» дегенді құлағымызға құйып өскендіктен де болар?!  «Отан – от басынан құралатынын» оңтүстіктің аналары жадында тұтса керек. Сондықтан, «белсенділігі төмен» деген пікірге осындай ойды тіркеген жөн деп ойлаймын. Ол – жанұя, бала тәрбиесі. Сенің дұрыс тәрбиеңді көрген бала – ертеңгі болашақтың иесі. Осыны жадымыздан шығармауымыз керек. Ол – тек отбасынан шықпа деген сөз емес. «Әйел» сөзінің басты мүддесін айтамын. Саясатпен арпалысып жүріп, өз баласы нашақор, арсыз боп кеткен жандар қаншама?! Сонда кім ұтты?! Жоғарыда сіз атап өткен ұйымдарға  келсем, қаламызда бар екенінен хабардармын. Олар көтерген дүмпулі іс-шараларды естімеппін. Айтпақшы, бірде ғаламтордан «Шымкенттегі әйелдер қоғамының жиыны өтіп жатыр» деп, қаламыздағы ең қымбат қонақ үйге мемлекет басшылығында жүрген бір ханыммен болып жатқан кездесуді көріп қалған едім. Жалпылама кездесулерден, әсіресе, өнер мен мәдениет әлеміне еңбегі сіңген тұлғалармен болып жататын кездесулерде, мүмкіншілігі шектеулі балаларға арналған жиындарда ол кісілерді көрген емеспін. Үйде отырған әйелдер түгілі менің өзім кездестірмегендіктен, олардың қай деңгейде белсенділік көрсетіп жүргенінен хабарым болмағандықтан, нақылы жауап бере алмаймын. 

- Кей деректерге жүгінсек, қыз балалардың өзін-өзі өлтіруі бойынша еліміз бүкіл әлемде алдыңғы орынға шығыпты. Осы бір құбылыстың себеп-салдары туралы ешкім түсініктеме бере алмай отыр. Өзіңіз бұл мұсылман атаулыға жат мәселе төңірегінде ойланып көрдіңіз бе?

- Бүгінгі қоғамда ең қорғансыз – әйелдер мен балалар. Оны біз жасырғанымызбен, өзіңіз айтқандай «әлем біліп отыр». Түсініктеменің түп-тамыры осында! «Демографияны қолға алу керек» деп ұрандатқан мемлекеттің өзі, жас аналарға төлеп отырған жөргекақысына күлкің келеді. Тура бір мазаққа айналдырған дерсің?! Сол өзін-өзі өлтіріп жатқан қыздардың «жағдайы төмен» отбасынан шыққанына күмәнім жоқ. Неліктен?! Бүгінгідей «әдемі киім киіп, сәнді телефон ұстау» модаға айналған заманда, жас қыздар қатарынан қалғысы келмей жанталасады. Басқа тартса – аяғына жетпей, ата-анасы қажетін қамтамасыз ете алмай, жезөкшелікке ары жібермеген қыздарымыз, өкінішке орай – өз өмірлерін өлімге қыйып жатыр. Бұл жерге дін мен тәрбиені тықпалаудың қажеті жоқ шығар бәлкім? Солардың бәрі имансыз деп айта алмаймын. Сол деңгейге жеткізген – қоғам имансыз. Ғаламторда, мемлекет басшылары мен депутаттардың балаларының киген киімі мен жасаған қаракеттерінен көз тұнып, төбе шашың  тік тұрады. Соны көріп отырған жастар «сондай бақытты қажетсінбейді» деп айта аласыз ба?! Олар да сондай «көгілдір арманға қол жеткізуді» қажетсінеді. Кеше ғана бір жас ана; «Мектепте маевкаға шығуға 6000-нан жинап жатыр екен. Балама ақша тауып бере алмадым. Балам үйде жылап қалды» деп мұңайды. Ал, бұған не айтасыз?! Ана балалар мектепке оралған соң, «маевкада» болған күллі қызықтарды айтып, телефонға түсірген фотоларын көз алдына көлденең тартқанда, баланың күйі қалай болмақ?! Өзін қор сезініп, жетіспеушіліктен ашынғаннан жасөспірімдердің нашақорлыққа, кісі тонауға, кісі өлтіруге жол бермесіне, ақыр соңы өз өмірімен қоштаспасына кім кепіл?! Бүгінгі дүкендегі бағада еш шектеу жоқ. Шектеу салуға ұмтылып отырған мемлекет басшыларының белсенділігі бесенеден белгілі. Айлығымыз – шайлыққа әзер жетеді. Қарапайым ғана «жетімді бағада киіну» дегенді қоғамның басым көпшілігі ұмыта бастады. Жастар түгілі, ес тоқтатқан ересектердің төзімі таусылып, беті ауған жаққа безініп кетіп жатқандары қаншама?! Міне, сізге қоғамның шындығы?!   Жоғары оқу орындарында емтихан мәселесі ақшамен шешіліп жатқаны тағы да жасырын емес. Осының бәрін қолмен жасап отырған өзіміз. Шетелде қоғам – төрт сатыдан құралса, бізде тек екі сатыдан – байлар мен кедейлерден құралған. Бай – ойына келгенін ойрандаса, кедей – тамұқ тіршіліктен баз кешіп, өз өміріне қол салып жатқаны. Міне, қасіреттің астары қайда жатыр?! Бүгінгі «қажеттілікке талабы жоғары» жастарды құрғақ сөзбен тоқтата алмайсың. Бір тыңдар, екі тыңдар, үшіншіде «шаршайды»... Содан келіп, оларда ешкімнен сұрауды қажет етпейтін жалғыз байлық – өмірлерін тәрк ете салады.     

- Жуырда облыс прокурорының орынбасары оңтүстікте жасөспірімдерді мәжбүрлеп  жыныстық қатынасқа тартуға қатысты  жыл басынан бері 45 дерек тіркелгенін мәлім етті. Өңірде жасөспірімдерге қатысты жасалатын нәпсіқұмарлық сипаттағы қылмыстардың көрсеткіші жылдан жылға өсіп келеді. Мектеп оқушыларының жүкті болуы, ерте тұрмысқа шығуы сынды фактілер азаяр емес. Бұл орайда, жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу мақсатында аудан-ауылдарды аралап, жоғары сынып оқушыларына жыныстық қатынас туралы ашық түсіндіру керек деушілер де, қажетті ақпараттар мен бейнероликтерді әлеуметтік желілерге салуды ұсынушылар да бар екен. Сіз қалай ойлайсыз, не істемек керек? 

- Біздер ешқандай бейнероликсіз де арлы, қоғам алдындағы жауапкершілігімізді сезініп өсіп, «үлкенге – ізет, кішіге – мейірім» деген ұғыммен тәрбиелендік. Бұл жерде біріншіден – жасөспірімдерді жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген ересектердің ар-ұяттан жұрдай болып, имансыз болғанына келіп тіреліп тұр. «Қарыны тоқтық, қайғысы жоқтық, аздырар адам баласын...» дегенді Абай атамыз текке айтпаған. Бүгінде, қалтасына азды-кем ақша бітсе, көңілі кекірек атып, «өмірге кеткен есесін қайтарып қалғысы» келетіндер саны көбейгені өкінішті-ақ?! Кезінде «жарымағанның кегін» – қорғансыз жас қыздардардан алған пенделерді «адам» сөзіне қосудың өзі күнә деп ойлаймын.   Екіншіден – ғаламтор деген жалмауыз, жасөспірімдердің санасын хайуандықпен улауда. Шетелде парнографиялық көріністері бар фильмдерге шектеу бар. Бізде, оған ешкім бас қатырмайды. Ақыл тоқтатпаған, бойында ақылынан – адреналині тасып тұрған жастар, көргенін қайталайды. Өз басым, мектепті 11-12 класқа дейін оқытқанға қарсымын. Мемлекет, қашанда географиялық ерекшелікке байланысты адам табиғатының дамуын міндетті түрде ескеруі керек. Еуропа, суық өңір болғандықтан, адам табиғатының жетілуі де кешін дамыйды. Біз – күні шуағын төккен жылы өңірде өмір сүргендіктен, адам табиғаты күнмен аймаласа ерте дамыйды. 11-12 класта қыздарымыз 18-19-ға келеді екен. Ол дегеніңіз, нағыз бір үйдің шырағын қолға ұстауға талпынатын тұс. Табиғаты отау құрып, ана болуды талап ететін жасқа келген жасөспірімдер, мектеп қабырғасында өздерін «абақтыда жүргендей» сезінетіні жасырын емес. Осыны неге ескермеске?! «Анау сөйтіп жатыр» екен деп, шетелдің біздің ұлттық дамуымызға сәйкес емес тұстарын «келсін-келмесін» зорлықпен енгізудің қажеті қанша?! Идеология ақсап жатыр. Тек, партияның атын ұрандатумен шектеліп жатқандығы кейде көңілге кірбің енгізеді. Жөн-жобаны қажет ететін жастарға нақтылы көрсетіліп жатқан көмек, жоқтың қасы десе де боларлықтай. Жастарымыз шетінен мисыз, имансыз деу күпіршілік болар. Тек, дер кезінде дұрыс жолға сілтей білсек. 

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Еркін ДОСЫМБАЙ,

«Рейтинг» газеті №19, 19 мамыр 2016 жыл

Рамазан Стамғазиев, әнші: «Әскерде біз де таяқ жегенбіз»
Өмірзақ Айтбайұлы: «Мен пайғамбар емеспін»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу