Қалқаманов неге қамалмайды? Әкім орынбасарына қатысты күдікті фактілер көп
Түркістан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, Шөкеевтің отставкасынан кейін, былтыр жыл соңында қызметінен босатылған Сәкен Қалқамановқа қатысты елді елең еткізетін фактілер айтыла бастады. Бірақ экс-орынбасарға бұл жолы да құзырлы органдардың тісі батпай отыр.
«Бұл жолы да» деуіміз бекер емес. Естеріңізде болса, 2020 жылы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Н.Исабек сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл мәдениет басқармасына тікелей бақылау жасайтын облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың карьерасына ешқандай әсер еткен жоқ. 2021 жылы Қалқаманов тікелей басшылық жасаған спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы П.Қырықбаев сотталды. Қалқаманов бұл істен де «құрғақ» шықты. Енді міне, Қалқаманов тікелей басшылық жасаған Қоғамдық даму басқармасының бұрынғы басшысы Дамир Жүнісовтің үстінен іс қозғалды. Күдікті қамауда отыр. Экс-орынбасардың бұл істен де «судан таза, сүттен ақ» болып шығуы арға да, заңға да сия ма? Өкінішке қарай, «Әділетті Қазақстанның» Түркістандағы сиқы елді қайран қалдырып тұр.
Қаңтар айында антикор Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының бұрынғы басшысы Дамир Жүнісовтің үстінен іс қозғалғанын жария етті. Әдетте ұсталған шенеуніктердің ісіне қатысты мәліметтерді таратуға келгенде томаға-тұйық антикор осы жолы ағынан жарылды. Ресми ақпаратта Жүнісовтің пандемияның кезінде бюджеттің 239 миллион теңгесін талан таражға салды деген күдікке іліккені, кінәсін мойындағаны, қазіргі уақытта үй қамаққа жіберілгені айтылды. Алайда бұл істің арғы жағында көпшілікке беймәлім біраз гәп бар болып шықты.
Кешегі күні «Рейтинг» газетінің редакциясына Дамир Жүнісовтің әкесі Дәулет Жүнісов арнайы келіп ұлының ісін жүргізу жүктелген тергеушілердің әділдігіне, іс-әрекетіне көңілі толмайтынын, күдікті көп жайттың барын мәлім етті. Арызданушының құзырлы органдар кінәнің бәрін Дамир Жүнісовтің басына үйіп-төгіп, ал іске тікелей қатысы бар өзгелерді ақтап жіберген деген уәжі зерттеп, зерделеуді қажет етеді.
– Ұлымның айтуынша, ол Қоғамдық даму басқармасының басшысы қызметін пандемияның кезінде атқарған. Басқарманың мойнына облысқа келген қонақтарды, тексерушілерді, журналистер мен блогерлерді күту, шығарып салу, алып жүру міндеттері жүктелген. Әрине, мұндай шығындарға қазынадан ақша бөлінбейді. Дамир шығындардың бәрін басқарманың көтере алмайтынын айтып, Қалқамановқа кірген. Тіпті өзін жұмыстан босатуды сұранған. Алайда Қалқаманов шығындарды жабу үшін өзінің туыстарының, таныстарының аттарына ашылған фирмаларды тендерге қатыстырып, жеңімпаз етудің жолдарын көрсету арқылы «оларға 5-10 теңгесін бересің, қалған ақшаларды қайда жұмсау қажеттігін өзім айтып отырамын»,– деген фактілердің анық-қанығы неге тексерілмейді? Заңсыз тірліктер осылай басталған. Оңды-солды кетіп жатқан қаржылар көбейген соң ұлым Сәкен Қалқамановқа тағы кіріп, мұның соңы жақсылыққа апармайтынын айтқан. Ақыр аяғында заңсыз тірліктер жиілеген соң Дамир жұмыстан өз еркімен босап кетті,– деді бізге мән-жайды түсіндірген әке.
Осыдан кейін Д.Жүнісов екі ай бос жүріп, Астанаға қызмет ауыстырады.
– Дамир – менің жалғыз ұлым. Былтыр ақпанда инсульт алып, бірнеше ай төсек тартып жатып қалдым. Осы кездері ұлымды жұмысынан шығартып, Шымкентке шақыртып алдым. Дамир келген соң қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тұрды. Бәрі осыдан кейін басталды. Былтыр жазда антикордың тергеушілері оны қамады. Ұлым мән-жайды маған осыдан кейін барып айтты. Тексеру жүріп жатқан кезде ол Қалқамановқа кірген. Алғашқыда әкім орынбасары: «Бәрі дұрыс шешіледі. Жігіттер жұмыс істеп жатыр», дегенді айтыпты. Кейінгісінде «Мен ештеңе білмеймін, өз тірлігіңе өзің жауап бер» деп, басын алып қашқан көрінеді,– деді арызданушы.
Антикор қызметкерлері тергеу барысында Дамир Жүнісовті Сәкен Қалқамановпен беттестірген.
– Беттестіру кезінде ұлым ақшаларды қашан және қай жерде бергеніне дейін бәрін айтып берген. «Қалқаманов қып-қызыл болып, сөйлей алмай қалды» дейді. Осыдан кейін Дамирді тергеушілер үйқамаққа жіберді. Енді осыменен Қалқамановқа қатысты тергеу амалдары басталатын шығар дегенбіз. Жоқ, екі күннен кейін оны босатып жіберген. Ал Дамирдің өзін қайтадан қамап қойды,– дейді Дәулет Жүнісов.
Қазіргі уақытта Д.Жүнісовке қатысты іс Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлімінің 2-тармағымен, яғни сеніп тапсырылға бөтен мүлікті ірі мөлшерде талан-таражға салу дерегімен жүріп жатыр. Қалқаманов бұл іс бойынша жай ғана куәгер. Әрине, тергеу амалдары аяқталмай жатып, алдын ала пікір айтудан аулақпыз. Дегенмен арызданушы жоғарыдағылардан мына мәселеге назар аударуды сұранады.
– Ұлым тергеушілерге жазған арызында ұялы байланыс орталықтарындағы кіріс-шығыс қоңырауларын, ұшақ билеттерін, арнайы тапсырмамен кімдердің «Каспий голдына» қанша ақша қалай аударым жасағандарына дейін көрсеткен. Тергеушілердің осыған қатысты тексеру амалдарын жүргізуге құлық танытпауы әртүрлі күдікті ойларға жетелеп отыр. Қылмыстық істе аты аталған серіктестіктерге қатысты бірде-бір аудиторлық тексеру әрекеттері жүргізілмеген. Неге? Антикордың таратқан ақпаратында осы істен мемлекетке келтірілген шығын 239 миллион 871 мың теңге деп көрсетілген. Алайда бұл жалпы мемлекеттік сатып алу кезінде бөлінген қаржылар. Ал нақты шығынды анықтау үшін экономикалық сараптама жүргізілмеген. Сондықтан мен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Бас прокурор Берік Асыловтан ұлымның тағдырына ара түсуді сұранамын. Қалқамановқа қатысты тексерулердің қайта жүргізілуін, барлық айғақ-дәлелдемелердің бәрін назарға алуды талап етемін. Егер ұлымның мемлекетке келтірген шығындары дәлелденсе, ол бәрін төлейді. Бірақ бұл іске қатысы бар басқалар да жауапкершіліктен тыс қалмауы керек,– дейді Дәулет Жүнісов.
Ал енді шарасыз әкенің жанайқайына құзырлы органдар, Ақорда мен Бас прокуратура қаншалықты құлақ асады? Күтіп көрейік.
"Рейтинг" газеті, 7 наурыз, 2023 ж