Әйтеновтың қай орынбасары қызметінен кету керек?
Күні кеше халыққа арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Әкімдердің үш орынбасары ғана болу керек. Ары кеткенде төрт орынбасар. Бұл мәселені Президент Әкімшілігі өз құзыретіне алуы қажет, – деді. Қазір әкімдер қай орынбасарын орнынан босатарын білмей дал болып отырғаны анық.
Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновтің бүгінде төрт орынбасары бар. Миллион халқы бар үшінші мегаполистің тақиясына үш орынбасар тарлық етпейтіні анық. Яғни, төртеудің біреуін қысқарту керек. Егер құдайшылығына салсақ, орын босату өз саласын тарта алмаған орынбасарға тиесілі. Ал, бұл жағына келгенде қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан «іздегенге сұраған» болып тұрған сияқты. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ол жұмыстан қуылса жұрт таң қалмас еді.
Күлбілтелемей бірден турасына көшсек Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан таяуда абыройы айрандай төгіліп атынан ауып түсуі мүмкін. Себебін тарқатып айтайық.
Біріншіден, Шыңғыс Мұқан қалада халықпен тығыз жұмыс істейтін, жауапкершілік жүгі көптеу салалардың бәрін қол астына шоғырландырып алды: білім беру, денсаулық сақтау, ішкі саясат, мәдениет. Қай-қайсысының да жүгі ауыр салалар екендігі рас. Әрине, мұндай салаларды үйлестіру үшін мықтылық керек. Ал, Шыңғыс Мұқан мықтылықты емес, дәл қазір «көтере алмас шоқпарды белге байлағанның» керін келтіріп тұр.
Екіншіден, Шыңғыс Мұқан келгелі аталған салалардың басынан қиқу кетпей қойды. Ана жерде «жеп қойды, ішіп қойды», мына жерде «ұсталды, қамалды», енді міне, мына жерде тағы да былық-шылық.
Әйтенов «Жаңа Қазақстанды» орынбасарларын реформалаудан бастауы керек.
Наурыздан басталған шу үдеп барады
Шымкентте былтыр Наурыз тойын тойлауға бөлінген 500 миллион теңгеге жуық қаржының «жыры» әлі таусылған жоқ. Бақсақ, мәдениет саласындағы былық қаржымен ғана шектелмейді екен. Биылғы Наурыздың алдында мегаполистегі бір топ мәдениет майталмандары бас қосып, мәдениет басқармасында болып жатқан келеңсіздіктерге алаңдаушылық білдірді. Олардың арасында уақтысында қаладағы іргелі өнер ордаларына басшылық жасаған, әлі де басшылық жасап жүрген Бастарбек Пірімбетов, Асқар Әлихан, Құралай Сәтмұхамбетова, Игор Вербицкий, Анар Жаппарқұлова бар. Бүгінде мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымына жетекшілік етіп жүрген Бастарбек Пірімбетовтің айтуынша, қалалық мәдениет басқармасына Ханзада Есенованың келуімен өңірдің мәдениетіне мол үлес қосып жүрген кадрларды жаппай жұмыстан босату басталған. Өз еркімен арыз жаздыру белең алған. Бір мекемеде бір жылда үш рет бастық ауысқан жағдайлар кездескен.
Мегаполисте мерекелік іс-шараларға қаржыны оңды-солды шашу әдетке айналған. Театрдағы бір қойылымға 70 миллион теңге, «Музарт» тобының концертіне 30 миллион теңге кеткен. Мәдениет басқармасындағы қызметкерлердің арасында өзара жаға жыртысып, әкімшілік жазаға тартылған жауапты басшылар да бар болып шықты. Бұл мәдениеттен мәдениеттің кеткенін білдірмей ме? Пірімбетовтің айтуынша, бұған дейін қаланың идеология саласына бақылау жасайтын әкім орынбасары мәдениет қызметкерлерімен тығыз байланыс жасаған. Ал, енді қазір қалада мәдениет саласына бақылау жасайтын орынбасар тарапынан ондай белсенділік, жанашырлық байқалмайтынға ұқсайды.
Бір сөзбен айтқанда, мәдениет өкілдерінің сөздерінен түйгеніміз, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан нашар идеолог. Мегаполистің мәдениет саласында қозғалып жатқан қылмыстық істер туралы не әкімдік, не құзырлы органдар тарапынан жарытымды түсініктеме жоқ. «Пәленше ұсталыпты, түгенше қамалып кетіпті» деген алыпқашты әңгімелер үдеп тұр.
Былтыр Шымкентке келіп, «туған жеріме қызмет етемін» деген белгілі әнші Сәкен Майғазиев «Түркістан» сарайының директорлығынан кетіп тынды. Осы қызметті атқарып жүрген оның қоғам белсендісімен соттасқанын, бірақ кейінірек жеке айыптауынан бас тартқанын бұған дейін жазғанбыз. Майғазиевтің орынбасары, ол кеткен соң директор болып тағайындалған азаматтың жуырда қамауға алынғандығы белгілі болды. Білетіндер «жас жігіттің түк те кінәсі жоқ, босқа шырылдатпаса болар еді» дегенді айтып жүр. Басқарма мен «Түркістан» сарайы есепшілерінің параға қатысты іс бойынша қамауға алынғаны туралы ақпарат оған дейін де тараған. Егер рас болса, жуырда басқармадағы бөлім басшысы пара алды деген күдікпен Алматыда ұсталып, ал басқарма басшысының Алматыдағы пәтеріне тінту жүргізілген. Бұл істердің немен аяқталатынын уақыт көрсетеді.
Ең сорақысы, күмәнді-күдікті, ел аузындағы алыпқашты әңгімелерге түсінік берген не әкімдікті, не осы салаға бақылау жасайтын бірінші орынбасар Шыңғыс Мұқанды көрмедік.
«AUHAL»-дың артында тұрған кім?
Соңғы бір жылдың көлемінде мегаполистің медицина саласында да дау жиіледі. Қазір осыған қатысты арыз-шағымдар Ақордадан бастап, құзырлы органдарға дейін ағылып жатыр. Оның көшірмелері «Рейтинг» газетіне де келіп жетті. Шымкентте халыққа медициналық қызмет көрсетуді кейінгі жылдары жекеменшік клиникаларға жүктеу үрдісі қалыптасып келеді. Бұл әрине, медицина саласындағы бәскелестікті арттырады. Ал бәсеке бар жерде сапаның жоғарылайтынын жоққа шығармаймыз. Бірақ, қалалық әкімдік бұл үрдісті қара базарға айналдырып жіберген сияқты.
Редакцияға осы аптада Шымкенттегі Достық шағын ауданынан бір топ тұрғын хабарласып, аталған елді мекендегі медициналық пунктті әлдебір компанияның алып қоюына байланысты жабылғанын айтты. Осыған байланысты енді медициналық пункт әжептәуір қашықтықта жатқан Төлеметов көшесінің бойындағы ғимаратқа уақытша ауыстырылатына шағымданды. Мәселенің мән-жайын білу үшін біз осы ғимаратта халыққа медициналық қызмет көрсетумен айналысып келген «OTAU MED» клиникасының басшыларымен байланысқан болатынбыз.
Аталған клиника 2020 жылдан бергі аралықта Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес алғашқы медициналық көмек көрсетумен айналысады. Жалпы тәжірибелі дәрігерлік, акушер-гинекологиялық, мамандандырылған күндізгі стационар және зертханалық-диагностикалық бірнеше бөлімдер жұмыс істейді. Үш тәжірибелі дәрігерлік бөлімнің бірі Қ.Төлеметов көшесінің бойында, бірі Достық шағын ауданында, үшіншісі Тұран шағын ауданында орналасқан. Клиникаға тіркелген тұрғындардың саны 44 мыңнан асады.
Клиника халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметінің қолжетімділігін арттыру мақсатында қаладағы №10 емхананың теңгеріміндегі Достық шағын ауданындағы медициналық ғимаратты жалға алған. Бұл ғимаратта клиниканың тәжірибелі бөлімшесі орналасқан. Бөлімшеде жалпы 55 қызметкер, оның ішінде 17 дәрігер, 32 медбике, 6 кіші медперсонал жұмыс істейді. Бөлімше жергілікті тіркелген 13 мыңнан астам халықты алғашқы медициналық қызметпен қамтамасыз етеді.
– Медицина саласындағы тәжірибемізді байытып, қызмет сапасын арттыру мақсатында біз алдымызға көптеген жоспарлар қойдық. Осы мақсатта жалға алған ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Себебі ол санитарлық-гигиеналық нормаларға сәйкес келмейтін. Жөндеу жұмыстарына 16 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Осылайша халыққа да, мемлекетке де пайдалы жұмыстарды атқарып жатқан клиникада жуырда күтпеген өзгеріс болды. 16 ақпанда Шымкент қаласының қаржы басқармасы біз отырған ғимаратты жалдауға сауда жариялады. Тендерде ойламаған жерден «AUHAL» деп аталатын алматылық серіктестік ұтып кетті. Шымкент қалалық әкімдігі «OTAU MED» серіктестігінің осы ғимаратқа өз қаражаты есебінен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгеніне және 2020 жылдың 15 қыркүйегінен бастап жергілікті тіркелген халыққа тегін медициналық көмек көрсетіп келе жатқанына қарамастан жоғарыда аталған серіктестікті жеңімпаз деп тапты. Тіпті «AUHAL»-дың жеңімпаз болғаны жария да етілген жоқ, біз оны өзіміз сұрап жүріп білдік. Бір қызығы, шарт бойынша аталған ғимаратты жалға алған компания оны тек медициналық мақсатта пайдалануы тиіс. Ал «AUHAL» серіктестігінің алғашқы медициналық санитарлық көмек қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар- жоғы белгісіз, – дейді «OTAU MED» клиникасының директоры Қайрат Джахаев.
Қазіргі уақытта «AUHAL» ЖШС ғимаратты босатуды, ал «OTAU MED» клиникасы құзырлы органдарға арыздар жіберіп, қалалық әкімдіктің қабылдаған шешімдерін, сауда-саттықтың нәтижесін жоюды талап етіп отыр. Мұндай күтпеген шешімге клиниканың қызметін пайдаланып отырған «Достық» шағын ауданының тұрғындары да алаңдаулы. Бізбен байланысқан тұрғындардың айтуынша, дау-дамай жақын күндері Шымкенттің шекарасынан асып, министрлікке дейін баруы ықтимал. Үнсіз отырған Шымкент қалалық әкімдігі ғана.
Осы жерде айта кетері, осыған ұқсас дау бұған дейін мегаполистегі №2 емхананың басында да болған. Аталған емхана да Шымкент билігінің келісімімен «BAІR GROUP» клиникасының ғимаратына көшіріліп, халыққа медициналық қызмет көрсетіп келеді. Алайда ойламаған жерден бұл ортаға «AUHAL» деп аталатын алматылық компания килігіп, соңы шуға ұласты. Тағы да сол «AUHAL». Ақыр аяғында әкімдік емханаға тіркелген 60 мың халықтың жартысын «BAІR GROUP» клинкасына, жартысын «AUHAL» серіктестігіне бөліп бере салған көрінеді. Аталған компанияның артында тұрған қандай дәу?
Шымкенттегі шатақ шығып жатқан емханалар мұнымен бітпейді. №13 емхана ұжымы өздерінің жекеменшікке өтіп кеткенін 1 айдан соң бір-ақ естісе, №11 емхана пациенттерінен айырылып қалғанын территориясын бөлшектеп иемденген жекеменшік клиникалардан біліпті. Бүгінде пациенттерінің көбінен айырылып қалған №11 емхананың болашағы бұлыңғыр. Қалған 29 мың тұрғынын да жекеменшік клинкаларға бөліп беру туралы сөздің әкімдіктен шығуына қарағанда, жабылып қалуы да мүмкін. Сол сияқты коронавирус өршіп тұрған тұста қыруар қаржы жұмсалып, күрделі жөндеуден өткен №1 емхананың да басына бұлт үйіріліп тұр. Бұл емхананың таяқ тастам жердегі 10 мыңнан астам пациентін «СҰҢҚАР» жекеменшік клинкасына беріп жіберудің арғы жағында да біраз құпиялар жатқан сияқты. Енді лентасын әкім Әйтеновтің өзі қиғанына көп бола қоймаған «Ер-Ана» медициналық орталығы да №1 емхананың 20 мың пациентін бөліп беруді сұрап, қалалық денсаулық басқармасына хат тастапты. Осылай санаспай сыртынан бөлуге тұрғындар да қарсы, жекеменшік клиникаға барғысы келмейтіндерін әлеуметтік желіде жазып жариялап жатыр. Егер «Ер-Ананың» сұранысы қанағаттандырылса, онсыз да пациенттері 46 мыңға азайған №1 емханаға тіркелгендер 26 мыңға бір-ақ кемиді. Бұл дегеніңіз №11 емхананың кебін киюмен тең жағдай. Сонда бюджеттің қыруар қаржысына толық жаңарған ғимараты бар емхананы жабылуға дейін жеткізу кімге керек? Қазір денсаулық сақтау саласы қызметкерлері арасында «бір пацинет – 1 доллар» деген сөз көп айтылады. «Сіз қанша берсеңіз, сонша пациент аласыз» деген алыпқашпа сөздің ақиқатын анықтау алдағы күндердің еншісінде.
Шыңғыс Мұқан жетекшілік ететін ішкі саясат саласынан да шығып жатқан шу аз емес. Жалпы соңғы уақытта мегаполистегі қоғамдық-саяси ахуалға да жақсы деген баға беруге болмайды. Шыңғыс Мұқан уақтысында журналистика саласында тер төккен азамат. Алайда оның дәл қазір төртінші билік өкілдерімен де сәлемінің түзу еместігі байқалады. Журналистер демекші, Шыңғыс Мұқан құрылтайшылық еткен «Мазмұндама» қорының аты аталған әрқилы жұрт жағасын ұстайтын жағымсыз ақпараттар жуырда жергілікті басылымдарда, әлеуметтік желіде жарияланды. Қорға қатысты бюджеттік мекеме басшылары арасында да жайсыздау әңгімелер көп. Бұл өз алдына бөлек тақырып.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктерге «халықтың талап-тілегіне құлақ асыңдар» дейді. Ал Шыңғыс Мұқанның керісінше, елден оқшауланып, қабылдауына келген азаматтарды «сотқа беремін» деп қорқытатынын бұған дейін де жазғанбыз. Бұл нені білдіреді? Шыңғыс Мұқан сияқты популизмге салынған, сөзіне ісі сай келмейтін шенеуніктердің дәуренінің өтіп бара жатқанын ба?
Жәнібек ТАРХАН,
"Рейтинг" газеті, 31 наурыз, 2022 ж