Кентауда «пара алмаймын» деген әкім парамен сотталып кетті
Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған Хасан Муслимовқа үкім шығарылды. Кентау қалалық соты экс-әкімді пара алу бабымен кінәлі деп тауып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Істің мән-жайына қарағанда, Ескі Иқан ауылында З.Бабаев деген азамат жер телімін 9 бөлікке бөліп, оның әрқайсысына мемлекеттік акті рәсімдеген. Осыны білген ауыл әкімі Хасан Муслимов одан 4 миллион 150 мың теңге пара сұраған. Егер бермеген жағдайда Кентау қаласындағы құзыретті органдарға тиісті ұсыныс хат жолдап, шешімді бұзатыны туралы ескерткен. Бабаев осыдан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне арызданған.
24 қаңтарда Бабаев Муслимовтың жұмыс орнына 2 миллион теңге алып келген. Муслимов оны Ескі Иқандағы ұлының құрылыс заттарын сататын дүкеніне алып барады. Ол параны сол жерде өзінің ұлы арқылы алған. Осылайша Хасан Муслимов 4 150 000 теңге параның 2 000 000 теңгесін өз ұлы А.Х.Муслимов арқылы алып, ал қалған 2 150 000 теңгесін алу әрекетін өзіне байланысты емес мән-жайлармен ақырына дейін жеткізе алмаған.
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Тәртіп бойынша сот үкімі күшіне енген соң Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов отставкіге арыз жазуға міндетті.
Ескі Иқан ауылының әкімі Хасан Муслимов былтыр «мен пара алмаймын» деген челлендж арқылы ғаламтордың жұлдызына айналып еді. Әкім бар-жоғы бір жылдан кейін пара алып, сотталып кетті.