Қаскелең оқушылары Тоқаевтан көмек сұрап, үндеу жасады (видео)
Әлеуметтік желіде Алматы облысы Қарасай ауданының мектеп оқушылары интернетке қосылуды сұрап, видеоүндеу жасады деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме жасап.
Видеодан кадр Видео Instagram әлеуметтік желісіндегі kaskelenkz тобында жарық көрді.
Кадрдан бір топ баланың "интернет жоқ" деген плакатты көтеріп, өз өтініштерін жеткізгенін көруге болады.
"Біз ойын алаңын сұрамаймыз. Біз кедергісіз сабақ оқығымыз келеді. Сондықтан бізге ғаламтор қосуларыңызды сұраймыз", - дейді олар.
Ролик авторы хаттың Қаскелең қаласы, Сәукеле көшесінің кішкентай тұрғындарынан келгенін жеткізген.
"Болашағымыз - осы балалар! Ал олардың болашағы жарқын болуы үшін алаңсыз білім алуына жағдай жасау - үлкендердің міндеті. Ал егер айдан аз уақыт қалған қыркүйекке дейін бұл мәселе шешілмесе - жергілікті әкімдерге сын", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар жазба соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Instagram желісіндегі парақшалары белгіленген.
Бұл видеоүндеуге цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары Бағдат Мусин Facebook желісіндегі парақшасында жауап берді.
- Қаскелең қаласы бойынша шағым тіркелген болатын. Сіздерге жеке және заңды тұлғалардың шағымдары бойынша кез-келген тексеру жүргізілетін бизнес-процес туралы айтып берейін.
1. Келіп түскен өтініш негізінде прокуратура органдарында (ҚСжАЕК) тексеруді тіркейміз.
2. Бүгін мен Үкімет мәжілісінде айтқанымдай, байланыстың тек екі жылжымалы өлшеу кешені бар. Қаскелеңге ең жақыны Қызылорда облысында орналасқан. Сондықтан, ертең бір өлшеу құралы сонда жеткізіледі.
3. Арнайы құралдармен сигналдың сапасын өлшегеннен кейін ғана, біз толық қорытынды жасай аламыз. Ал егер лицензиялық міндеттемелердің бұзылуы анықталған жағдайда, әкімшілік жазаға дейін ден қоюдың тиісті шараларын қолдана аламыз. Дайындық жұмыстары басталып та кетті. Барлығын жеке бақылауымда ұстаймын", - деді министр.