Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Әбілсейіт Рабаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы:
«Заңда мансап пен мандатқа артықшылық қаралмаған»
- Есімін ел біле бермейтін, әлі отызға да толмаған жас жігіттің атқаратын тірлігі ауқымды, жауапкершілігі мол, айқай-шуы да аз емес мекемеге, яғни жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарманың басшылығына тағайындалуы жұрттың таңданысын туғызды. Сондықтан, Әбілсейіт Рабаев кім? Ол қайдан келді? Әңгімені әуелі осыдан бастасақ.
-М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың түлегімін. 2003 жылы «жол қозғалысын ұйымдастыруға» мамандандырған оқуымды тәмамдаған соң осы басқармаға бас маман болып жұмысқа тұрдым. Жұмыстағы қарым-қабілетім ескерілген шығар, 2005 жылы бөлім бастығы, 2008 жылдың шілде айында басқарма бастығының орынбасары қызметіне жоғарыладым. Осы қызметті бір жылдай атқарғаннан кейін облыс әкімі Асқар Исабекұлы маған сенім білдіріп, басқарма бастығы етіп тағайындады.
- Ел аузынан естіген әңгіме: жаңа басшы, жас басшы Әбілсейіт Рабаев – облыс әкімінің орынбасары Болатбек Әлиевтің кадры екен. Бұған не дейсіз?
- Маған сенім білдіріп, қызметке тағайындаған- облыс әкімі. Облыс басшысының сенімі – халықтың сенімі деп білемін. Болатбек Нәжіметдинұлы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылығына келгенге дейін де осы мекемеде жұмыс істейтінмін.
- Биыл жол жөндеуге қанша қаржы бөлінді?
- Еліміздегі ең халқы көп облыстың жолын жөндеуге 2009 жылға республикалық және облыстық бюджеттен 16 миллиард теңге қаралды. Былтырғымен салыстырғанда қаржыландыру екі есе ұлғайды. Қаншама адамды жұмысқа қамтыған «Жол картасы» бағдарламасына тиесілі үлес 7,5 миллиард теңгені құрайды. Бөлінген қаражатқа 1600 шақырым жолды жөндеу көзделуде. Оның 1400 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұндай әдіс бойынша жөнделген жолдарға үш жылға кепілдік беріледі.
- Шымкент қаласындағы көптен бері жөндеу көрмеген жолдарға көңіл бөлудің орнына Қонаев даңғылы мен Тәуке хан даңғылының сапасына сын тағылмаса да қайта-қайта жөнделуін мәслихат депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдары «тендерден теңге сауу» деп бағалап жүр. Адырбеков көшесінің де дау-дамайы басылмай тұр.
- Облыс орталығындағы жол жөндеу мәселесін көбінесе қалалық әкімдік өз бетінше шешеді. Біздің оған анау айтқандай араласымыз жоқ.
- Биыл біздің облыста тендердің өтуі жылдың орта тұсына дейін кешеуілдегенін ескерсек айналдырған алты айдың ішінде 16 милиард теңгені игеру қалай жүріп жатыр? Қыруар қаржыны игеруге қабілетті, материалдық базасы мықты мердігерлер облыста жеткілікті ме? Әлде басқа аймақтардан тендердің бәйгесіне ат қосқандар бар ма?
- Басқа аймақтардан жол жөндеуге құлшыныс танытқандар некен-саяқ. Олардың өзіне облыстан филиалын ашуды міндеттеп, салықтың шетке кетпей жергілікті бюджеттің қоржынын толтыра түскенін қадағалаудамыз. Қалғандарының барлығы оңтүстіктің құрылыс саласында «суығына тоңып, ыстығына күйіп» жүрген мердігерлер. Жол жөндеудің кестесінен кешіккен, өзге де талап пен тәртіпті сақтамаған мердігерлердің бірқатарына айыппұл салып етек-жеңдерін жинауды қатаң ескерттік. Жалпы жыл соңында қаржы игерілмей қалады деген қауіп жоқ. Өрескел заң бұрмалаушылықтарға барған мердігерлер екеу ғана. Оның біреуінің тендерден ұту үшін жалған құжат тапсырған ұрлығы ашылып қалды. Екеуін де сотқа беріп теріс әрекеттерін әшкереледік. Енді олар арнайы тізімге тіркеліп заңға сәйкес 18 ай бойы тендерге қатыса алмайды. Ал сапалы жұмыс істейтін, материалдық базасы мықты, барлық талаптарға жауап беретін мақтаулы мердігерлердің қатарында «Шымкентдорстрой» ЖШС, «Береке А»корпорациясы» ЖШС, «Түркістан жол сервис», «Ташяпы Қазақстан», «Айжамал» сияқты мердігерлерді айрықша атауға болады.
- Сіз мақтауын келтірген, пікірін батыл айтып жүрген облыстық мәслихаттың депутаты Рәшкүл Оспанәлиева басшылық жасайтын «Береке А» корпорациясы» ЖШС-ның өкілдері осы аптада тендерге байланысты нендей шудың шығып жатқанының шетін шығарып қойды. Олармен бәсекелес болып тендерде жеңіске жеткен «Түркістан жол сервис» - облыстың бұрынғы әкімі Нұрғали Әшімовтің жетегіне ерген мердігер компания екенін естідік. Бұған қоса осы тендерде бақ сынаған «Айжамал», «Ташяпы Қазақстан» дейтін қалған екі мердігер компания да бүгінде облыстағы биліктің биігінде отырған лауазымды адамдарға тікелей қатысты деген елдің пікірі қаншалықты жел сөз, қаншалықты жөн сөз екеніне не айта аласыз?
- Алдымен айтарым, Заңда мансап пен мандатқа артықшылық қаралмаған. Сондықтан мердігер компания мейлі депутатқа, мейлі шенеунікке қатысты болсын, кімнің меншігінде болса да, талап пен тәртіп, қолданыстағы заң бәріне ортақ. Айталық Рәшкүл Оспанәлиеваға депутат деп емес, оған мердігер компанияның тағдырына жауап беретін адам ретінде қараймыз. Есте сақтайтын бір жайт, адам айтқан сөзіне жауап береді. Егер азаматтың ар-намысына тисе ол сотқа шағымдануға құқылы.
Енді «Береке А» корпорациясы»ЖШС өкілдері шу шығарған конкурстың өзі жөнінде айтып өтейін.Көксарай су реттегішінің құрылысына байланысты Шардара мен Арыстың арасын жалғастыратын жолды су алып кету қаупі бар болғандықтан,Үкімет қосымша қаражат бөліп, айналма жол салуды тапсырды. Біздің басқарма жариялаған мемлекеттік сатып алу конкурсында қатысып тендерде ұта алмаған «Береке А» корпорациясы» ЖШС сотқа шағым түсіруге толық құқылы. Бірақ мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысты соттың анықтамасын «Береке А» корпорациясы» ЖШС өкілдерінің өздері әкеліп тұрғаны заңға сыймайтын әрекет. Заңдылыққа сүйенсек соттың құжаттарына тек сот орындаушылары ғана иелік ете алады. Жоғарғы Соттың талабы осындай.
Айта кетер жайт, биыл облыста жол жөндеу жұмыстарына бөлінген 16 миллиард теңгенің 4 миллиард 243 миллион теңгесі «Береке А» корпорациясы» ЖШС-на бұйырды. Мемлекеттік сатып алу саласында дәл мұндай көлемде жол жөндеп жатқан бірде-бір компания жоқ. Ендеше атқарушы билік тарапынан осы мердігер компанияның толыққанды жұмыс жүргізуге барлық жағдай жасалған ба, әлде әділетсіздік орын алып отыр деу қисынға келе ме? Төрелігін мәртебелі оқырманның өзі айтсын.
10 жылдан бері жол жөндеумен шұғылданатын тәжірибелі компания «Айжамал», Еуропаға танымал «Ташяпы Қазақстан» деген компаниялар біріншіден жол жөндеумен айналысқандары кеше, бүгін емес, қаншама жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатса, екіншіден бүгінде облыстағы биліктің биігінде отырған лауазымды адамдарға тікелей қатысты екені рас болса, онда неліктен олардың айы оңынан туудың орнына Астанаға ауысып кеткен бұрынғы әкіммен байланысты компанияның бағы жанған дейтін сауал өз-өзінен туындамай ма? Ал «Түркістан Жол сервис» ЖШС Әшімов облысқа әкім болғанға дейін танылып қойған белгілі мердігер компания.
- Мердігер компания бұрын құрылған, көп жылдан бері жұмыс істейді дегенмен оның құрылтайшыларының құрамы бертінде өзгеруі мүмкін ғой. Бұған келісетін шығарсыз?
- Оны да жоққа шығармаймын. Қалай болғанда да, осы мердігер компаниялардың қай-қайсысы да мойнына жүктелген міндеттемелерін ойдағыдай атқарып, жүзеге асыруға қабілеті жететініне толық сенім бар. Ең бастысы, заңды түрде жұмыс істеп, мемлекеттің саясатын жүзеге асыру, жол құрылысы мен жөндеу ісін сапалы түрде жүргізу.
"Рейтинг" газеті