Алматы тауларынан шаңғышы өлі табылды
16-10-2023
Ошат Рақымов, Ж.Шанин атындағы облыстық сазды-драма театрының әртісі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс, Сайрам ауданының құрметті азаматы:
Мұғалімім шашымды қырқып қолыма берді
Атақты Арыс пен Ақсу өзендерінің тоғысқан жерінде, Сайрам ауданының бұрынғы «Қызыл әскер» колхозы, қазіргі «Құтарыс» деп аталатын жасыл желекке оранған ауылда 1939 жылдың қауын піскен мезгілінде дүниеге келіппін.Шешем сегіз құрсақ көтерген. Содан қалғаны екі әпкем және мен үшеуміз ғана. Ұл балалар шетіней берген соң мен туылғанда жеті кемпірдің астынан өткізіп, Нұраш атамыз етегіне салып алып қашып, паравоздың астынан өткізіп, кіндігімді балтамен кесіп, әйтеуір өздерінің білген ырымдарын жасапты. Кіндігімді балтамен кескен Жаппар көкем атымды Балтабай деп қойғысы келіпті. Оған әкем ошақ басынан кетпесін деген ырыммен Ошақбай деп атапты.
Бала кезімде құлақта сырға, төбеде айдар шаш болатын. 5-сыныпқа өткенде ұзын айдар шашымнан ұялып, тақиямның астына жасырып қоятынмын. Бір күні сынып жетекшіміз «ескінің сарқыншағы» деп сырғамды алып, төбедегі шашымды қырқып, қолыма берді. Бұл жағдай мен үшін күтпеген, тосын жағдай болды. Сабаққа да қарамай сырғам мен шашымды алып, үйге қарай зымырадым. Шешем жұмыста екен. Тояш әжем «молдаға алдыратын едік, мұнысы несі» деп жанары жасаурап жүр. Шешем жұмыстан кеш келгеніне қарамастан, ауылдағы кемпір-шалдарды жинап, болған жайтты айтты. Ертеңіне мұғалімді шақырып, үлкендер жағы ортаға алды. Бұл жиынға ауылдың қадірлі ақсақалы Асқар қожаны да шақырып, құран оқытып, шаштың орнын ұстарамен алдырды. Жиын соңында Асқар қожаға сый-сияпат жасалып, мұғалімім Әпсейіт ағайға костюм кигізіп, әйтеуір көңілді тарқасты.
Алматыға шыдамай ауылға тайып тұрдық
Қазақстанның халық әртістері Сәбит Оразбаев пен Ақсақал Қалмырзаев та оқыған мектепті бітіріп бір жылдан кейін нағашым Жолдасбекпен ақылдаса келіп, Алматыға аттанатын болдық. Алматыға атақты нағашым Құрманбек Жандарбековты іздеп шықтық. Аяқта керзі етік, қолда тағамға толы қапшық. Нағашым театр директоры болатын. Ол анасы Пәтидің, яғни інісі Жорабектің үйіне жайғастырды. «Осында бола беріңдер, хабар өзімнен болады» деді. Бұл қыркүйектің орта тұсы болатын. Бір аптаның ары-берісінде бізді кабинетіне алып келді. Телефонмен сөйлесті. Әйтеуір Факе деп әлдекіммен сөйлесіп жатқаны есімде. Содан кейін «осы кісіге барасыңдар, оқуға қабылдайды» деп қолымызға тілдей қағазды ұстатты. Бардық, жолықтық, оқуға түстік. Бұл Ауыл шаруашылығы институты екен. Әлгі Факесі ректор болып шықты. Оқудың басталғанына 15 күн болып қалған. Студенттердің бәрі бізге біртүрлі қарайды. Онысы түсінікті. Біз емтихан тапсырмадық, оның үстіне 15 күн кешігіп келіп тұрмыз.
Ауылдан ұзап шыға қоймаған бізге бірден үлкен қалаға үйрену оңай болмады. Көңіл шіркін ауылды аңсайды да тұрады. Темір жол вокзалын торуылдау әдетке айналды. Ақыры бір күні шыдамай ауылға тартып кеттік. Қайтып келмедік. Уақыт-зымырап, ілезде бір жыл өте шықты. Алматыға қайта баруға бет жоқ Құрекең үшін біз қашқынбыз. Осылай жүргенде ауылға Құрекең бастаған бір топ әртіс келіпті. Көршілес совхоздағы Жақыпбек деген кісінің үйіне түсіпті. Барып сәлемдестік. Құрекең ренішін айтты. Бірақ өз қолын өзі қалай кессін. Інісі Жолдасбек нағашым екеуі ұзақ сөйлесті. Қысқасы, осы кездесуден кейін Алматыға қайта жол тарттым. 1957 жылы алғаш ашылған студияға түсіп, оны бітірген соң 3 жылға жуық М.Әуезов атындағы театрда жұмыс істедім. 1962 жылдың қараша айынан бастап 47 жыл үзіліссіз Ж.Шанин атындағы театрда өнер көрсетіп, екі жүзге жуық ролдерді сомдадым.
Құда түсіп қойған қызды алып қаштым
Бір күні нағашымның баласы Әшірбай «ауылда Есенкүл деген қыз бар, мектепті бітіріп жатыр, өзі сұлу, ақылды қыз, айттырып келушілер көбейіп жатыр екен», деді. Ол кезде аса мән бере қоймадым. Бірақ, Әшірбай қыз жайын қайталауды үдетті. Тіпті бұйыруға да көшті. Ол кезде Теспеде мақта егілетін ауыл тұрғындары үлкен-кіші демей түгел мақта терімге шығатын. Әшірбай түс кезінде шай дайындатып, қыздардың біразын үйге шақырды. Араларында әлгі қыз да бар екен. Сыртынан көрсетіп қойды. Шынында да көрікті қыз екен. Шай ішіліп, әңгіме-дүкеннің арасында Әшірбай «әртіссің ғой, қыздарға ән салып бер» деп маған қолқа салды. Мен ән айтып, өлең жазып, суырып салып айтысатынмын. Шешем Ажар әнші, айтыскер болатын. Жалпы нағашы жағым өнерлі, сауықшыл болатын. Шешемнің туған інісі Жолдасбек әнші, сері айтыскер еді. Не керек сол күні ән айтылып, қызықты отырыс болды.
Аядай ауылда қызбен оңаша жолығу қиынның қиыны. Ең дұрыс жол хат жазып, Әшірбай арқылы жеткізу болды. Хатты қаламмен жазыппын, кейін ол өзіме таяқ болып тиді. Жауап хатында менің тілегіме қарсылығы жоқтығы байқалады, бірақ, «хатты қаламмен жазыпсыз, ол тез өшіп қалады ғой» деп астарлы ой айтыпты. Осыдан кейін Әшірбай таситын хаттар жиілей түсті. Кезекті бір хатында басының бос еместігін, құда түсіп, қалың беріліп қойғанын, бірер аптада ұзатылатынын жазыпты. Енді не істеу керек? Тәуекел! Алып қашу! Бірақ, қалайша? Осындай ойлар ұйқымды қашырды. Байқауымызша мұны шешесі сезетін секілді. Бірақ, қарсылық танытпады. Осыны пайдаланып, сөз байластық. Қызды алып қашатын күні шешесі «қыдырып» кететін болды.
Сөз байласқан жерде үш айғырмен қызды алып қашуға дайындалып тұрмыз. Уәделескен уақыт өтіп барады. Қыз жоқ. Сағат түнгі үшке айналды. Қой, болмас деп аттан түсіп, жаяу, жүгерінің арасымен өзім баруға бел будым. Қас қылғанда жүгері суарылған екен. Батпаққа батып, үйіне әрең жақындадым. Күтіп жатырмын, дыбыс жоқ. Бір кезде тон киген біреу келе жатты. Басқа біреу болар деп қорықтым. Бірақ, үндемей жата бердім. Бір кезде тонын тастап, жылдам қозғала бастады. Қорқып қалмасын деп жайлап дыбыс бердім. Сол кезде ұғысқан қос жүрек 46 жылдан бері бірге соғып келеді. Үш перзент тәрбиелеп өсірдік. Олардан немере, шөбере көрген бақытты ата-әжеге айналдық.
Жазып алған Шадияр Молдабек