Әмірхан Сәлімбеков: «Науқастардың ешқайсысы да ауруын айтып келмейді»
Әмірхан Сәлімбеков, ОҚО наркологиялық диспансерінің бас дәрігері
– Әмірхан Молдаханұлы, өзіңіз басшылық ететін облыстық наркологиялық диспансерде бүгінде қанша адам тіркеуде тұр?
– Облыстық наркологиялық диспансерде спирттік ішімдік түрлеріне тәуелділік бойынша бүгінде 9079 науқас есепке алынған. Ал, есірткі заттары бойынша 2183 адам тіркеуде тұр. Жалпы алғанда, бұлардың қатары елімізде 156 мыңнан асады.
– Бұл көп пе, аз ба?
– Бұл нақты мәлімет емес. Бұдан көп болуы да мүмкін. Өйткені науқастардың арасында өздерін ауру санамайтындары, наркологиялық диспансерге келмейтіндері жетіп артылады. Олардың басым бөлігі жекеменшік медицина орталықтарына барып, жасырын емделеді. Ондай жеке медициналық ұйымдар қоғамға аса қауіп төндіріп тұрмаған болса, пациенттері туралы мәлімет бермейді. Жалпы, дәрігерлік құпияның өзі де солай сақталады. Ауру тарихын науқастың өзінен басқа ешкімге айтуға болмайды. Сондықтан есірткіден болмаса да алкогольден айыққысы келетін аурулар бұдан да көп болуы мүмкін. Дегенмен, биыл есепке алынғандар біршама азайды.
– Нақты мәлімет болмаса, азайғанын қалай анықтадыңыздар? Сосын адамдар неге жекеменшік клиникаларда жасырын емделеді?
– Бұрын тұрғылықты мекен жайы анықталмаса да, жеке сәйкестік нөмірі болмаса да емдеуге қабылдай беретінбіз. Қазір базалық бағдарламаға кірмейтін болған соң амал жоқ алып тастадық. Соның есебінен тіркеуге алынғандар саны азайды. Неге жекеменшік клиникаларға жасырын барады? Өйткені адамдар ішкіш, маскүнем екен деген елдің қаңқу сөздерінен қорқады. Бізге келсе, «есепке алады, жұрттың көзіне түсіп қаламыз» деп ойлайды.
– Жарайды, статистикаға сүйенбей-ақ қоялық. Дәрігер ретінде айтыңызшы, маскүнемдер мен есірткіқұмарлар жылдан жылға азайып бара ма, әлде көбейіп жатыр ма?
– Спирттік ішімдіктерден гөрі анаша шегетін жастар көбейіп барады. Диспансерге келіп эксперизадан өтетіндер көп. Онда да олар мәжбүрлі түрде келеді. Ауру зәр тапсырғанда анықталады. Синтетикалық естірткі түрлеріне тәуелділердің қатары да артып барады. Бұл енді үлкен проблема! Көлік жүргізу куәлігін беретін Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да біздің дәрігерлеріміз жұмыс істейді. Сол уақытта да медициналық тексерулерде анықталып жатады. Көп адам ойлайды, «бір апта бұрын бір-ақ рет тұтындым ғой, шықпайтын шығар» деп. Бірақ, есірткінің уыты адам бойында бір айға дейін сақталады.
– Сіздер маскүнемдер мен нашақорларды науқас санайсыздар. Негізі бұл әдет емес пе?
– Бастапқыда спирттік ішімдік, есірткінің жеңіл түрлерін адамдар қызығушылықпен қабылдайды. Бір-екі рет тұтынып, әдетке айналдыруы мүмкін. Егер тоқтай алмаса, адам ішімдік пен есірткіге психикалық, физикалық жағынан тәуелді бола бастайды. Әрі қарай емделмесе болмайды.
– Маскүнемдердің, әсіресе есірткіқұмарлар арасында байлардың балалары көбірек кездеседі деп естиміз. Расында солай ма?
– Байлар да жылайды дегенді естіген шығарсыз. Олар да ауырады. Бұл диспансерде байлығы бар, қызметі де жоғары азаматтар емделеді. Жалпы аурудың қай түрі болмасын байлыққа қарамайды. Әрине, адам ауырам деп ойламайды. Сондықтан алғашқыда олардың қай-қайсысының болмасын асып-тасымаса да жағдайы тым төмен болмаса керек.
– Есірткі түрлері көп қой, оларды сатып алу екінің бірінің қолынан келе бермейді емес пе?
– Иә, мойындауымыз керек, нашақорлардың көбісі материалдық жағдайлары жақсы отбасылардан шыққандар. Кедейлер қанша құмартқанымен есірткіге ақшасы жете бермейді. Есірткіні саудалайтындарға да байлардың балаларын көбірек жағалаған жақсы. Қақпанына бір түсіріп алған соң тәуелді етеді. Әке-шешесінің тапқанын тығып болса да алып шығады. Біраз уақытқа дейін есірткі саудасын қыздырады. Ал, кедей не істейді? Көп ақшасы болмаған соң ұрлайды, қылмысқа барады...
– Жағдайы жақсы адамдарға не жетпейді, сонда?
– Біз бүгінде сананы тұрмыс билейді деген қағидамен өмір сүріп келеміз. Материалдық жағдайы жақсы адамның мәселесі болмауы тиіс деп ойлаймыз. Сол оймен перзенттерімізді қатарының алды қылып, ештеңеге мұқтаж етпей өсіруге ұмтыламыз. Ұрпағымыз үшін аянбай еңбек етеміз. Күндіз үй бетін көрмей, таң азанымен кетіп, түннің бір уағында оралатын ерлі-зайыптылар да бар. Не ішіп, не кием деп уайымдамайтын ұрпақ «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқта» білгенін істеуі мүмкін ғой. Мойындауымыз керек, біз ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген жоқпыз. Ұғымымыз да басқаша, ештеңеден тарықпаған ұл-қыз жаман жолға түспейді деп ойлаймыз. Тәлім-тәрбиені мектептен іздейтін болғанбыз. Оның бастауы отбасы екенін ескере бермейміз. Соның салдарынан ба, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөзді қанша қайталап айтып жүрсек те іс жүзінде мағынасына онша мән бермейтін болып алдық. Қоғам солай қабылдап үйренген соң билік те халықтың ығына жығылып, балалардың бұзақылықтары үшін мектеп басшыларын, мұғалімдерді жазаға тартуды әдетке айналдырды. Қазір кештеу болса да баланың тәрбиесіне ең алдымен ата-ана жауапты болатынын жұрт түсіне бастаған сияқты. Міне, біздің қай-қайсымызға болсын жетпей жатқаны – ең алдымен дұрыс тәлім-тәрбие. Материалдық жағдайымыз жылдан жылға жақсарып келе жатқанымен ұрпағымызды тәрбиелеуді ұмыт қалдырыппыз.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының еліміздің жарқын болашағына апарар бағдарымызды рухани жаңғырудан іздеуі бекер емес. Түсінген адамға Елбасымыздың ұлтымыздың дамуын көздейтін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының бастауы – отбасылық тәлім-тәрбие. Сондықтан қай ата-ана болсын, Президенттің мақаласын түсініп оқығанын қалаймын.
– Науқастар диспансерге қандай жолмен келеді? «Жедел жәрдеммен» жеткізіле ме, әлде полиция мәжбүрлеп әкеле ме? Олардың арасында өздері келетіндері бар ма?
– Науқастардың ешқайсысы да «маскүнеммін», «нашақормын» деп мойындап, өздігінен «мені емдеңіздерші» деп келмейді. 70-80 пайызын туыстары алып келеді. Кейбіреулерін жақындары полицияның көмегінен мәжбүрлеп әкеліп, емдеуді сұранады. Дегенмен, бізге өздері келетіндер де бар, бірақ көп емес.
Облыстық диспансердің Шымкент қаласының 17 шағынауданындағы 210 орынды бөлімшесінде адамдар ерікті түрде ем қабылдайды. Бұдан басқа тағы үш бөлімшеміз жұмыс істейді. Онда науқастар еріксіз, соттың шешімімен 6 айдан 3 жылға дейін жатып емделеді. Көбісі 6 ай, 1 жылға келеді. 2-3 жылға соттың шешімі шығатындары көп емес.
– Бір жылға келіп түскендер мерзімінен бұрын түзеліп, ауруынан айығып жатса, соттың шешімі өзгертіле ме?
– Емдеу ережесі бойынша бірінші келіп түскендер 6 ай жатады. Бір жылға келгендер сіз айтқандай мерзімінен бұрын ауруынан айығып жатса, біз сырқатынан сауыққаны туралы медициналық анықтаманы соттың қарауына ұсынамыз. Соттың шешімімен келіп жатқандар соттың шешімімен ғана үйіне шығарылады.
– Зиянды әдеттердің бірі – шылымқұмарлық. Сіздерге темекіні қойсам деп көмек сұрап келетіндер бар ма?
– Бар. Диспансерде оларды қабылдайтын арнайы кабинет бар. Дәрігерлер, кеңес беретін психолог мамандар жұмыс істейді. Темекі де тәуелділік. Басында әуестік болғанымен әркімде әрқалай тәуелділік пайда болады. Кейбір адамдар бір айдан кейін, енді біреулер бес жылдан соң темекісіз тұра алмайтындай жағдайға жетеді.
– Емдеу тегін бе, ақылы ма?
– Тегін. Еріктісі де, еріксізі де тегін жүргізіледі. Ел бюджетінен бір күнге төрт жарым мың теңге қаралған. Оған емі, тамағы, жататын орны, бәрі кіреді. Ешкім қалтасынан ақша шығармайды.
Маскүнемді де, нашақорды да емдеу үш кезеңнен тұрады. Бірінші – детоктикация, ағзаны тазалау. Екінші – реабилитация. Оңалтумен психологтар, психотерапевттер, әлеуметтік қызметкерлер айналысады. Үшіншісі де реабилитация. Бұл кезеңде еңбекпен емдеуді қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта емдеу бөлімшелерінде шеберханалар аштық. Ауруханаға қажетті жиһаздар, төсек-орын төсеніштерін, пластикалық есік-терезелер, аяқ жол төсеніштерін, шлакоблок жасап шығаратын құрал-жабдықтар сатып алып орнаттық. Ендігі кезекте ішкі нарықтың сұранысын өтесек пе дейміз. Сонда сатылымға шығарылған өнімдерден түскен табыстың белгілі бір мөлшерін жұмыс істейтін науқастардың банкте есеп-шоттарын ашып, аударып отырамыз. Бұлай етуіміздің бір себебі – бізге келіп түсетіндердің көбісі жұмысқа жарамды соқталдай азаматтар. Бір-бір үйдің асыраушылары. Олар мұнда емделіп жатқанда отбасыларын кімдер асырайды? Еңбекке баулу, емдеу арқылы түскен табысты карточка арқылы бала-шағаларына табыстасақ, оның несі айып? Бұл пациенттерге де, мемлекетке де пайда.
– Ойыңыз дұрыс-ақ. Бірақ, нарыққа кіру оңай шаруа емес...
– Иә, нарықта бәсекеге қабілетті, заман талабына сай халық сұраныстарын өтей алатындарға ғана орын бар. Бұл бағытта аяқтан тік тұрып кетуімізге облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Кеңесбекұлы көп көмектесіп жатыр. Сол кісінің қолдауымен әзірге облыстағы емдеу мекемелерінің сұраныстарын жасап шығаруды жоспарлап отырмыз.
– Мұндай қолайлы жағдайлардан кейін науқастар ауруларынан айықса да үйлерінен қайтқысы келмей қалмай ма? Қарыны тоқ, көйлегі көк...
– Біз ешкімді мәжбүрлемейміз. Қолынан іс келетін 5-6 пациентімізді тұрақты жұмысқа қабылдағанбыз. Ішкілікке қайта салынып кетпесе, олардың жұмыс істегені бізге де жақсы. Ауруынан толық айықса, үйлеріне барып келіп істей берулеріне болады.
Диспансердің үнемделген қаржысы есебінен өз күшімізбен мини стадион соқтық. Волейбол алаңшасын да салдық. Заман талабына сай төбесі жабық алаң жұмсақ жасанды төсенішпен қапталған. Жуынып шайынатын душы да бар. Ашылу салтанатында журналистерді шақырып, науқастар арасында волейболдан турнир өткіздік. Бұл да салауатты өмір салтын қалыптастыруға бастайтын спорттық ем.
– Емдеу тегін болған соң денсаулықтарына немқұрайлы қарап, ішімдікқұмарлар қайта-қайта түсе беретін шығар. Мүмкін, ақылы болса, өз қалтасынан төлейтін болған соң саналы түрде зиянды әдеттерден арылар ма еді, қалай ойлайсыз?
– Ойыңыз дұрыс. Бірақ, бізге келіп емделетіндердің 70-80 пайызының ақша төлеуге жағдайы көтермейді.
Келесі жылдан бастап елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетінін білесіз. Бұл жүйе уақыт талабына сай емдеу мекемелерін де мемлекетке алақан жайып отырмауға бейімдейді. Медициналық ұйымдар бюджеттерін өздері табыс табу арқылы жасақтауы қажет. Соған қазірден дайын болуымыз керек. Осы мақсатта диспансерде 20 орынды ақылы бөлімше ашуды жоспарлап отырмыз. Оның бір күндік төлемі 8 мың теңге шамасында болады. Емі, тамағы, жататын орны, бәрі соның ішіне кіреді. Ақылы болған соң соған сай қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Теледидар, тоңазытқыш, жұмсақ жиһазбен қамтылуы мүмкін. Сосын аты-жөнін көрсетпеу, құпия ұстау қызметі де кіреді. Бұл үшін ғимаратымыз да дайын тұр. Шаруашылық құқығын жүргізуге ие болсақ, бұл жоба іске асады.