Жаннета Жазықбаева: Балаларды қолдау әкімдердің көзқарасына тәуелді

Oinet.kz 18-12-2014 822

- Дүниежүзілік балаларды қорғау күнін қалай қарсы алмақсыздар?

image.png

«Балаларды СПИД-тен қорғау" қоғамдық қорының президенті:

- 1 маусым біздің төл мерекеміз іспетті. «Балаларды СПИД-тен қорғау» қоры мемлекеттік ұйым болмағандықтан, қаржы табуда тек кәсіпкерлердің, жаны жомарт жандардың көмегіне жүгіне аламыз. Одан бөлек дүниежүзілік ұйымдардың жобасын жүзеге асырамыз. Былайша айтқанда, қаржыны өзіміз іздейміз. Жыл сайын маусымның алғашқы күнінде атап өтілетін мерекеге орай демеушілер іздестіреміз. Балалардың спортқа, өнерге жақын болып өскенін қалаймыз. Бұл иммунитеті төмен бүлдіршіндер үшін өте қажетті. Сол себепті жаздың алғашқы күнінде болатын балалар мерекесін концерттік бағдарламамен атап өтсек, келесі жылы спорттық жарыстар ұйымдастырамыз. Айталық, былтыр балалар облыстық филармонияда ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны тамашалап, өздері де сахнада өнер көрсетсе, биыл ОҚМУ-дың «Буревестник» спорт кешенінде спартакиада ұйымдастырмақпыз. Жеңімпаздарды түрлі сыйлықтар күтіп тұр. Осылайша жылына бір келетін балалар мерекесін есте қаларлықтай жоғары деңгейде өткізгіміз келеді. 

- Халықаралық жобаларға қаншалықты жиі қатысасыздар?

- Біздің қор кезінде ондай жобаларды жүзеге асырып келді. Қазір ондай халықаралық қайырымдылық қорлар экономикалық ахуалы төмен елдерге көмектесуге көшкен. Қажет кезде бізге де көмектесті. Қазір, құдайға шүкір, экономикамыз көтеріліп қалды. Сол себепті қауіпті дерттің алдын-алу іс-шараларын ұйымдастыруды мемлекеттің өзі міндетіне алуы керек. Басқа амал жоқ. Осы жағдайды екі-үш жылдан бері тынбай айтып, ұсыныстармен шығып жүріп, биыл мемлекеттік тапсырыс алдық. Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ішімдіктің алдын-алу және нашақорлыққа қарсы күрес тақырыбына насихат жүргізу мақсатындағы екі лоттың жеңімпазы атандық. Сондай-ақ, Шымкент қалалық әкімдігі ұйымдастырған конкурста бір лот бойынша жеңімпаз деп танылдық. Енді жыл соңына дейін осы лоттарда белгіленген тапсырыстарды орындау үшін облыс орталығынан бөлек аудан-қалаларға да шығып, насихат жұмыстарын жандандыратын боламыз. Өз-өзімізді қаржыландырудың көздерін таппасақ, қордың жалға алып отырған ғимаратының, коммуналдық қызметтердің ақысын төлеп отырудың өзі оңай емес. 

- Ерікті түрде демеушілік жасайтын азаматтар бар ма?

- Ондай азаматтар, өкінішке қарай, өте аз. Тіпті, 1-маусымның өзінде демеушілерді өзіміз іздеуге тура келеді. Жалпы балаларды қолдайтын қорға қол ұшын созу жергілікті әкімдердің көзқарасына тәуелді секілді. Бір әкімдер түрлі сылтауларды алға тартып, қолдау жасаудан қашқақтаса, бірі қолдан келетін көмегінен аянбайды. Айталық, бұрын облыс әкімінің денсаулық сақтау саласына жауапты орынбасары қызметін абыроймен атқарған, қазіргі Сайрам ауданының әкімі Уалихан Қайназаров науқас балалардың ахуалымен жақсы таныстығы нәтижесінде  жиі жәрдемдесіп тұрады. Төле би ауданында бір ата-ананың баспанасы өрт құшағына оранғанда аудан басшысы төрт бөлмелі үй берді. Ал Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Молдасейітовтың біз үшін орны бөлек. Оның қайырымдылық іс-әрекетіне алғысымыз шексіз. 

Қайрат Құсейінұлы қалаға әкім болып тағайындалған кезде қолдау көрсетуін өтініп, алдына барғанмын. Ол осыдан кейін кеңсемізге арнайы келіп, хал-жағдайымызды өз көзімен көрді. Жағдайымызға қанығып қана қойған жоқ, «мен сіздерге жеке ғимарат соғып беремін» деп уәде етті. Уәдесін жерге тастамай, қаладан жер бөліп, екі қабатты ғимараттың жобасын жасап, айтқанын іске асыруға қол жеткізді. Бұйыртса, биылғы жылдың аяғына дейін жеке баспаналы боламыз ба деген үмітіміз бар. Одан бөлек қалалық әкімдік ұжымы мереке сайын біздің балаларға қуаныш сыйлаудан шет қалған емес. Шынымды айтсам, Қайрат Құсейінұлына ұқсап біздің жай-күйімізбен бірде-бір шенеунік танысып көрген емес. Қордың басшылығын қолға алғалы бергі жеті жылдың ішінде, тіпті, бір ғимаратта отырған басқарма басшыларының өзі осы кезге дейін бас сұғып, есігімізді ашып көрген емес. 

Әкімдер келеді, кетеді. Бірі мұңымызды түсінсе, бірі түсінгісі келмейді. Біз ұдайы жоғарыдағылардың алақанына қарап отырмас үшін жеке, кішігірім цех ашсақ деген ойымыз бар. Шамамыз келсе, жоқтан бар жасап, балаларға қуаныш сыйлай алсақ, мақсатымыздың орындалғаны. Құдайға шүкір, осы кезге дейін иммунитет тапшылығына тап болған бүлдіршіндер жаңа жыл, балаларды қорғау секілді  мерекелерде елеусіз қалған емес. 

 - Қазір аты жаман ауруға шалдыққан балалардың саны қанша?

- Біздің қорда 230 бала тіркеулі. Олардың ең үлкенінің жасы жиырмаға келіп қалды. Бір қызымыз М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетті үздік үлгеріммен тәмамдағалы отыр. Былтыр грантқа түсе алмай қалған екі баланың біреуі қайта бағын сынап көрмекші. Екіншісі колледжге оқуға түспек. Иммунитет тапшылығына тап болған балалар ауыр жұмысқа жарамайды. Сол себепті, олар ертеңгі күні өз күндерін өздері көру үшін жоғары білім алудың, ағзаға ауырлық түсірмейтін мамандық иеленудің маңызы зор. 

- Балалар есейіп жатыр, оларды отбасы болуға дайындау қажет шығар...

- Әрине, әрбір адамның есейгеннен кейін отбасылы болу керектігі табиғат заңдылығы. ВИЧ дертіне шалдыққан балалар да өскенде өз сүйгеніне қосылғысы келеді. Бірақ, кедергілер көп. Әсіресе, ұлдар жығы  үшін қиындау. Өйткені, ұлдар  ұрықты ананың жатырына құяды. Негізінде ВИЧ дертінің қоздырғыштары науқастың қанында, ұлдың ұрығында, қыз баланың емшек сүтінде көп кездеседі. Ұлдар болашақ жарына өзінің кеселі жайлы жасырып қалуға болмайды, айтуға міндетті. Оған қыз жақтың немесе ұл жақтың ата-анасы, бауырлары, туған-туыстары оңай келіседі деп айту қиын. Ал қыздар сау балаға тұрмысқа шыға алады, бірақ, табиғи жолмен емес, кесер тілігі арқылы босанады. Баласын емізуге болмайды. Жұптары жарасып жатса, ортадағы балаға кесел жұқтырудан сақтауға болады. Тіпті, екеуі де иммунитет тапшылығынан зардап шегетін ерлі-зайыптылардан да дені сау бала туылады. Ауруды жұқтырмау балалардың иммунитетіне, әлеуметтік ахуалына көп байланысты. Баспанасы, тұрақты жұмысы бар, құнарлы тамақтанатын ата-аналардан туылған баланың да дені сау болуы мүмкін. Бұл жердегі ең маңызды мәселе – азаматтардың ВИЧ-пен ауыратындардан қорқып, бойын аулақ ұстағысы келетінінде болып тұр. Алдағы үш-төрт жыл көлемінде ер балалардың ұрығын вирустан тазалау мәселесіне қол жеткізуіміз керек. Ондай тәсіл шет мемлекеттерде қолданылады. 

- Тіркеудегі балалардың жалпы жағдайы қалай?

- Қазір 192 науқас тұрақты түрде химия терапиялық дәрі-дәрмек қабылдаса, соның үш-төртеуінің жағдайы ауыр. Оларды шетелге жіберіп немесе шетелден мамандар шақыртып емдесек деген арманымыз бар. 

- Дәрі-дәрмектер сапасыз деген дау шыққан болатын, қазір қандай? 

- Жыл сайын мемлекеттік сатып алу арқылы қамтамасыз етілетін дәрі-дәрмектердің сапасын қадағалауға құқымыз бар. Бір кездері брендтік терапияның орнына оны алмастырады дейтін генериктерді бере бастағанда қарсылық білдірдік. Қазір қайтадан сапасы жоғары брендтік терапия беріліп жатыр.   

- Кеселі ұзақ уақыт бойы анықталмай келген науқас балалардың қазіргі жағдайлары қалай?

- Ондай жағдай былтыр күзде бір, биыл көктемде бір балаға қатысты анықталды. Екеуі де Сайрам ауданының тұрғындары. Екеуінің де ата-анасы, бауырлары ВИЧ дертінен таза, екеуі де осы облыстың тұрғындары, шетелдерде емделмеген, жергілікті ауруханаларда ем алған. Ендеше, кесел қайдан жұғуы мүмкін? Әрине, емдеу мекемелерінен. Бұдан басқа ешқандай күдігіміз жоқ. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша ақ халаттылар балалардың бірін де қалдырмай скринингтен өткізуі тиіс. Өкінішке қарай, осы скрининг қаншалықты нақты, сапалы жүргізілетінін айту қиын. Аталған екі баланың сырқатының кеш анықталуы да осы скринингтен өткізген, өткізбегеніне байланысты болып тұр. Скринингтен өткен баланың ауруы міндетті түрде анықталады. Демек, балалар скринингтен жүз пайыз өткізіледі дегенге сену қиын. Әрбір медициналық қызметкер өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен атқаруы тиіс. Ақ халаттылардың қолдан жасалған анықтамалары бүлдіршіндердің тағдырын бүлдіруі мүмкін екенін ойларынан шағармауы тиіс. Тиын-тебен пайда көремін деген дәрігерлердің әрекеті өздерін жұмыстан айырса, балаларды денсаулығынан айыруға себеп болады. 

- Халықты қауіпті дерттен сақтау жолдары қайсы?  

- Халықтың арасында әлі де ВИЧ дертін жұқтырып алу қаупінен сақтану, жыныстық қатынас жөніндегі сауаттылық төмен. Менің ойымша, мұндай сауаттылықты арттыру үшін мектеп оқушыларымен де, ата-аналармен де осы тақырып төңірегіндегі жұмыстарды күшейту керек. Мұнымен мемлекеттік емес ұйымдардың көбірек айналысқандары жөн секілді. Әрине, көрсеткіш үшін емес, нәтиже үшін жұмыс жасау керек. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қаржылай қолдау қажет. 

Мұрағаттан: 30.05.2013

Рахима Тәжиева: «Құлыным Ләззат өмірдің өзі шахмат екенін жиі айтатын»
Болат Шанин: «Спектаклдің 10 минут кеш басталуын Сталинге қастандық деп қарастырған»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу