Әйгерім Жұмағұлова, «Отырар» медиахолдингінің директоры: «Журналистің көзінде от болу керек»
Әйгерім Жұмағұлова, «Отырар» медиахолдингінің директоры
Құрамында телеарна, қос газет және бір сайт бар «Отырар» медиахолдингі тек өз геолокациясындағы Шымкент қаласы мен Түркістан облысының аумағында ғана емес, республика көлемінде танымалдыққа ие. Оған дәлел, еліміздегі ірі телеарналар, мерзімді басылымдар және ақпараттық агенттіктер біздің өңірге қатысты ақпараттарды Отырарға сілтеме жасап тұрақты түрде жариялап тұрады. Осыдан-ақ жұрт тарапынан медиахолдингке деген сенім өте жоғары екенін бағамдауға болады. Себебі, Отырар әрқашан жедел және шынайы ақпараттар таратады. Ең бастысы, тұтынушы сұранысын қанағаттандырады. Отырарда көрсетілген, жарияланған материалдар оқырмандар арасында көбіне қызу пікірталас тудырып жататыны бар. Бұл –бұқаралық ақпарат құралдарының саны күрт өскен тұста мақтанарлық жетістік. Мұндай деңгейге Отырар қалай жетті? Біз осы жөнінде аталған медиахолдинг директоры Әйгерім Жұмағұловадан сұрап едік:
– Әйгерім, сізді және ұжымыңызды «Отырардың» 27 жасқа толуымен құттықтаймыз! Ең алдымен телеарнаның тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігіне көз жүгіртіп өтсек.
– Рахмет! «Otyrar TV» телеарнасының девизі – «Біз сіздің телевидениеңізбіз!» еске салып өтейін. Арнаның негізгі мақсаты – ақпаратты қолжетімді әрі пайдалы қылу болды. Қазіргі таңда да арнаның бағыты – барлық отбасыны қызықтыратын ақпараттық-танымдық тұрғыда жаңалық тарату. Адам өз құқығын қорғау үшін не істеу керек? Міне, телеарна осы бағытта да жұмыс істеді. 2018 жылдан бері жастарға арналған контенттер дайындауды күштейттік.
Қазіргі таңда телеарна 2006 жылы қайта алған тіркеу жөніндегі лицензия бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында (қазіргі Түркістан облысы) үш тілде (қазақ, орыс және өзбек) ақпарат таратуға рұқсат алды. 2012 жылы 28 мауымнан бастап Отырар телеарнасы Otyrar.kz сайтында және Ютуб платформасында онлайн хабар тарата бастады. Телеарнаның флагманы және негізгі хабар тарату көзі - жергілікті өмірді жан-жақты қамтитын жаңалықтардан тұрады. Жаңалықтар күнделікті таңертең, түсте және кешкі уақытта қос тілде (қазақ және орыс) эфирге шығады. Телеарна медицина, экология, экономика, мәдениет, агро, спорт тақырыптары мен жалпы Қазақстан жаңалықтарын қамтиды.
Ал, Otyrar.kz сайты қазақ және орыс тілдерінде ақпарат таратады. Сайт жиі жаңарып отырады. Және де бізде жалпы апталық таралымы 13 мыңды құрайтын «Рабат» және «Оңтүстік Рабат» газеттері бар. Қазір газеттер «Digital» бағытта жұмыс істеуді бастап кетті. Қысқаша айтқанда біз әрқашан оқырман көңілінен шығуға тырысамыз.
– Бұрындары «газет «өледі» деген болжамдар жиі айтылды. Расында да қазір коммерциялық газеттер толықтай «өлмесе» де, басым көпшілігі өлімші күйді бастан кешіп отыр. Бүгінде жиі айтыла бастаған «Телеарналарды ешкім көрмейді. Олар да газеттер кешкен күйді бастан өткереді» деген пікірмен келісесіз бе?
– Қазіргі таңда ТВ-ның өзінің тұрақты аудиториясы бар. Олар ақпаратты телевидение форматында алып үйреніп қалған. Және де телевидениеге берілетін жарнама бюджетіне қарап оның төлем қабілеті жоғары көрермендерінің әлі де көп екенін бағамдауға болады. Әрине, көрермендер саны жылдан-жылға азайып келе жатқанын жасыруға болмас. Нақтырақ айтсақ, жылына шамамен 3 пайызға азаюда. Алдағы уақытта интернет-технологияның дамуына байланысты кеміп жатқан пайыз көлемі артуы мүмкін. Осыған байланысты біз көрермендерімізді жоғалтып алмас үшін Ютуб арнамызда онлайн көрсетілімді ұйымдастырдық. Соңғы 4 жылда аталған платформадағы арнамыз айтарлықтай дамыды. 2018 жылдың соңында арнамызға жазылушы көрермендер саны 120 мыңға жетті. Осы үшін Ютубан алғаш рет Күміс түйме (Серебряная кнопка) жүлдесін алдық. Қазір біздің Ютубтағы аудитория 160 мың көрерменге жетті. Ай сайын жазылушылар саны орташа есеппен 4500 адамға көбейіп жатыр. Ютуб – дәстүрлі телевидениені сандық-әлеуметтік ортамен байланыстырушы таптырмас платформа. Қазір біз Ютуб арнамызға Google жүйесінен жарнама алып жатырмыз. Әрине, одан түскен табыспен бүкіл редакцияны асыру әзірге мүмкін емес.
Осы жерде айта кетейін, біздің телеарна мен Ютубтағы контентімізге жарнама берген клиент ұтылмайды. Біз оның жарнамаға салған ақшасының әрбір тиыны өз-өзін ақтағанын қалаймыз. Әзірге ешқандай клиент жарнамаға қатысты шағым білдірмеді. Біздің медиахолдингтің негізгі табыс көзі – жарнамадан. Ал, мемлекеттік тапсырыс жалпы телеарна табысының 15-20 пайызын ғана құрайды.
Қазір телеарнаның әлеуметтік желілердегі парақшаларын дамытып, монетизация жасауға күш салып жатырмыз. Себебі, бүгінде адамдар әлеуметтік желілерде өмір сүреді десек болады. Олар ұзақ мәтінды оқығысы келмейді. Тіпті, ұзақ видеоны да көруден қалып барады. Себебі, ақпарат ағына өте мол. Олар ағынға ілескісі, үлгергісі келеді. Артық айтқандық емес, Инстаграмдағы сәтті түсірілген бір фото кейде бір сәтте Голливуд блокбастерінен де кең танымалдыққа ие болып жататын кездер болады. Қазір тұтынушылар нарқы. Сондықтан да аудиториямен жұмыс істеу өте маңызды. Аудитория өзі келеді деп күтіп отырған мүлдем дұрыс емес. Керісінше, аудиторияға біз баруымыз керек. Оларды өзіміз іздеп табуымыз қажет. Бүгінгі бәсекелестік заманында аудитория үшін күресу өте маңызды.
Осыған орай, біз Инстаграм, Фейсбук, Твиттер, Телеграм әлеуметтік желілерінде, мессенджерлерінде парақшалар аштық. Инстаграмдағы парақшамызда ілгерілеушілік бар. Дәл қазір парақшамызға 60 мыңдай адам жазылған. Бұл жерде ешқандай жазылушыны күштеп, қулықпен алдап шақырған жоқпыз. Бәрі өз еркімен жазылды. Осыған қарап біздің аудитория өсіп жатқанын аңғаруға болады. Қазір телеарнаның негізгі аудиториясының жасы 25-тен басталады. Біз бұны 17-20 жасқа түсіргіміз келеді. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Телеарнаға, сайтқа шыққан жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшаға сол күйінде бере салуға болмайды. Сол күйінде берілсе материал оқылмай, тарамай қалады. Себебі, мұнда жаңалық беру форматы, стилі басқа. Осыған орай, біз SMM мамандар іздеп, әлеуметтік желі оқырмандарына лайықтап ақпарат беруді, олармен байланыс орнатуды күшейтудеміз. Әр платформада оқырмандармен, көрермендермен әр түрлі стильде жұмыс істеп жатырмыз.
– Аутсорсингпен жұмыс істейсіздер ме?
– Жоқ. Біздің медиахолдингте 100-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Сондықтан да біз контентті өзіміз дайындауға, оны бірінші болып таратуға барынша күш саламыз. Бүгінде арна контентінің 70-75 пайызы – өзіміздікі.
– Күннен-күнге бәсекелестік артып келе жатқан заманда білікті кадр табу оңай шаруа емес. Кадр мәселесін қалай шешесіз?
– Өткен жылы кадрларды кастинг арқылы іздедік. Сол кезде келгендерден әлі күнге дейін істеп жатқан білікті жастар бар. Қазір біз Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-мен келісімге тұрдық. Олар көктемде жаңадан ашылған журналистика факультетінің студенттерін бізге өндірістік тәжірибеден өткізуге жібереді. Біз олармен белсенді жұмыс істеп, ой-пікірлерін біліп, қажетті деп шешкендерді жұмысқа алып қалуға тырысамыз.
Осы уақытқа дейін Отырар қаншама мықты кадрларды дайындап шығарды. Республикалық арналарда жұмыс істеген Евгений Дробязко, Дина Төлепбергенова, Мәди Манатбек, Ләйлә Шәймерденқызы және тағы да басқа көптеген түлектерімен мақтана алады.
Телеарнаға жаңадан келген журналисті маман етіп шығару үшін құрылған жүйе бар. Жас журналист ең бірінші «Ата-анасыз бір сағат» телебағдарламасында жұмыс істейді. Одан кейін «Жас толқын» бағдарламасында ысылады. Бұл жерден шыққан соң жаңалық дайындаушы тілшілермен бірге жүріп тәжірибе жинайды. Кейін өзі жаңалық түсіре алатын дәрежеге жеткен соң сараптамалық бағдарламаларға материал дайындаумен айналысады.
Қазір біз жас журналистерді тәрбиелеуді мықтап қолға алдық. Телеарнада жастарған құралған редакция бар. Олар күнделікті 5 минуттық жастарға қатысты «Жас толқын» және «На самом деле» бағдарламалары, апта сайын 25 минутқа созылатын «Жалындаған жаспыз» және «Молодежное время» апта жаңалықтарын қорытындылайтын бағдарламаларын дайындайды. Жас тілшілер мультимедиялық журналистикаға дағдыланып жатыр. Олар өздері сюжет, фото түсіріп, сайтқа және газетке де материал жазуды дағдыланған. Қазір Отырардың журналистерінің дені конвергентті деуге болады.
– Сіз журналист болғысы келетін жастардан диплом талап етесіз бе?
– Жоқ. Ең бірінші кезекте ол адамда өз жұмысына деген қызығушылығы болу керек.
– Сіз қандай басшысыз? Қарамағыңыңыздағы қызметкерлеріңіздің бойынан қандай қасиетті жоғары бағалайсыз?
– Мен негізінен өзімді басшымын деп есептемеймін. Біз ұжымымызбен «дримтим» болуға ұмтылып жатырмыз. (Дримтим – бір мақсатқа бір үйдің балаларындай жұдырықтай жұмылып ұмтылушы, әрбір мүшесі қандай жағдайда не істеу керек екенін білетін кәсіпқой топ - автор) Мен қызметкерлерімнен ең алдымен инициативаны күтемін. Осы қасиетті өте жоғары бағалаймын. «Мынаны былай істейік» деп талпынып тұрғандарын қалаймын. Олар «осы тақырыпты түсірейік» деп көздері жанып тұрса мен оларға «жоқ» демеуге тырысамын. Бір қызық айтайын, мен телеарнаға дейін қалалық әкімдікте жұмыс істедім. Қазір сол жердегі біраз достарымнан айрылып қалдым. Себебі, олар «осыны түсірмей-ақ қойыңдаршы» деп өтініш айтып жатады. Бірақ, мен жеме-жемге келгенде оларды емес, журналистерімді таңдадым. Себебі, оларға «басқа-басқа, осыны түсірмеңдер» деп шектеу қойғым келмеді. Егер мен оларға шектеу қоя берсем, онда көздеріндегі от, бойларындағы энергия сөніп қалады. Бұлай болғанын қаламадым. Керісінше, оларға мотивация бергім келеді. Өтініш жасаушыларға «бұл журналистің таңдаған тақырыбы екен. Егер журналисім келіссе ғана аталған тақырыпта түсіруді тоқтатуға, өзгертуге болады» деп айтамын. Көріп тұрғандарыңыздай, бізде демократия. Журналистерге шығармашылық еркіндік берілген. Сөз соңында айтарым, жалындап тұрған, істеймін деп ұмтылып тұрған жастарға біздің есігіміз әрдайым ашық!
Сұхбаттасқан Абылайхан Есімбай,
"Рейтинг" газеті, №42, 31 қазан, 2019 ж