Домбыра маусымы басталды
12-04-2024
- Айдар, музыкалық аспаптардың ішінен таңдауыңның виоленчельге түсуі неде?
- Мен Қарағанды қаласында музыканттардың отбасында дүниеге келгенмін. Әкем Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінде контрабасшы, анам кезінде осы оркестрде домбырашы болған. Қазір Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінде ұстаздық етіп жүр. Бірі контрабасшы, бірі домбырашы болғасын олар менің басқа музыкалық аспапты игергенімді қаласа керек, алты жасымда Қарағанды музыка мектебінің виоленчель бөліміне алып келді. Аспапты алғаш үйрене бастаған сәттен мен оған «ғашық» бола бастадым. Осылайша виоленчельді кәсіби түрде үйреніп, кейіннен Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына «Қазақстанның алтын виолончелі» атанған музыкант Ермек Құрманаевтың сыныбына түстім. Консерваторияның магистратурасын да бітіріп шықтым. Екінші курс оқып жүргенімде атақты композитор Сейдолла Бәйтерековтің ұлы Санжар Бәйтереков «Игеру» ансамблінің құрамында өнер көрсетуге ұсыныс жасады. Ұжыммен бірге жұмыс істеуге қарсы болған жоқпын. Қазір ансамбльмен бірге отандық, шетелдік сахналарда қазақ музыкасын танытып жүрген жайымыз бар. Алдағы екі-үш айға жоспарланған жеті концертіміз бар. Арасында жеке шығармашылық кешімді өткізуді де жоспарлап отырмын.
- Виоленчель қайғы-мұңды жеткізетін аспап дейді. Солай ма?
- Ертеректе солай болған шығар. Бірақ қазір ол әмбебап музыкалық аспапқа айналған. Себебі виоленчельмен класссикалық қана емес заманауи музыканы да ойнай береміз. Мәселен: эстрада, рок. Сондай-ақ виоленчель фильмдерге арнайы жазылатын саунтректерде көп қолданылады.
- Қазақстанда виоленчельге шығарма жазатын авторлар бар ма?
- Сонау Кеңес заманынан бері келе жатқан композиторлар бар. Олардың қатарын бүгінде талантты Санжар Бәйтереков, Айгерім Сейілова, Жәмилә Жазылбекова, Ангелина Ершова секілді композиторлар толықтырып отыр.
- Шәкірттерің бар ма?
- Виоленчель бір қарағанда ауыр аспап секілді көрінеді. Шындығында ол жеңіл. Көптеген ата-аналардың балаларын қолайсыз деп осы аспапқа бергілері келмейтіндіктері сондықтан шығар. Алайда қазір жастардың виоленчельге қызығушылықтары артуда. «Маған да үйретіңізші» деп қолқа салған жас балалар кездесті. Қызығып тұрған жастардың көңілін қалай ғана қиясың?.Америка, Нигерияда осындай шәкірттерім болған. Өз елімізде де талай балаларға ұстаздық еттім.- Музыка адамның жан дүниесіне ерекше әсер ететін құдіретке ие. Ал виоленчельдің құдіреті неде?
- Төрт ішекті аспаптың өзіне ғана тән ерекше дауысы бар. Әдетте ол адамның, әсіресе, ер адамның дауысын елестетеді. Сахнада виоленчель жалғыз ойнап жатқанда тыңдарманмен «сөйлесіп», «сырласып» жатқандай әсер қалдырады.
- Музыкант Карел Хенн 26 сағат бойы виоленчельде үздіксіз ойнап, рекорд орнатқан екен. Ал сіздің рекордыңыз, ойыңызша қанша сағатқа созылар еді?
- Тәжірибемде 14 сағатқа дейін демалмай ойнап, дайындалғаным бар еді. Меніңше кез-келген виоленчельші рекордтты жаңарта алады. Бірақ мәселе санда емес сапада. Сен музыкалық аспапта бір сағат ойнасаңда ол тыңдарманның жүрегіне жету керек. Сағаттап отырып аспаптың ішегін тарта берсең музыканың да қадірі қашпай ма?
- Қанша виоленчелің бар?
- Үш виоленчелім бар. Алматыда аспапты жасайтын бір-екі шеберлер бар деп естіп едім. Алайда біздер көбінесе оны Еуропадағы шеберлерден, фабрикалардан алдыртамыз.
- Музыканттың көңілінен шығатын арудың табылмай жүргені ме, әлде бойдақ жүруіңнің басқа да себебі бар ма?
- Білмеймін. Шынымды айтсам жеке өмірімді жайғастыратын уақыт таппай жүрмін. Шығармашылық жұмыстар, концерттер, гастрольдік сапарлар бас көтертер емес. Әрине мұның бәрі сылтау ғана. Мүмкін ойымдағы аруды әлі кезіктірмегендіктен үйленуге бел бумай жүрген шығармын. Бұйырған күні күйеу жігіт атанармын.
Мұрағаттан, 2017 ж