Бішкекке ту тіккен Рахымжан

Oinet.kz 08-02-2019 1165

261A1725-640x427.jpg

Қазақ драматургиясы қырғыз көзімен

Қазақ пен қырғыз театр өнерінің байланысы бұрыннан бар дүние. Қазақ театры қырғыз драматургтерінің, қырғыз театры қазақ драматургтерінің пьесаларын сахналап, қоян-қолтық араласып кеткелі қашан?!. Барыс-келісі үзілмеген тамаша байланыс екі елге ортақ төл өнердің тамаша насихатталуына жол ашып келеді.

Қазақ-қырғыз театр өнері бір­ге дамып келеді деген сөзді бе­кер айтып отырған жоқпыз. Қыр­ғыз театрының да бастауында қазақ­тың Жұмат Шанин мен Мұхтар Әуезовтей ұлы тұлғалары тұрғанын айыр­қалпақты ағайындар да жасыр­майды. Бауырлас екі елдің театры әлі күнге бір-бірімен байланысын үзген емес. Оның бір дәлелі – күні кеше Бішкек төрінде өткен жазушы-драматург, ҚР еңбек сіңірген қай­раткері Рахымжан Отарбаевтың театр фестивалі.
Қазақ жазушысының драматур­гиясы негізінде өткізілген Біш­кектегі театр фестивалі бір туған елдердің бауырластығын тағы бір биікке көтеріп тастады. Бір жұма бойы Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының сахнасында қойылған спектакльдерді қырғыз көрермені ерекше ықыласпен тамашалады.

«Абай сотымен» басталған жол

Рахымжан Отарбаевтың дра­матургиясы қырғыз театрына ал­ғаш рет жол тартып отырған жоқ. Қаламгерді драматург ретінде тұ­сауын кескен де – қырғыз театры. Сонау 1995 жылы Қырғыз ұлттық ака­демиялық драма театры Отар­баев­тың «Абай соты» пьесасын алғаш рет қойғаны бар. Спектакльді ұлы Айтматовтың өзі тамашалап, қаламгерге сәт-сапар тілеген екен. Сол үрдіс 22 жыл бойы үзілген жоқ. Бұл жолы сахнада «Тағдыр» бар, «Актриса» мен «Моно Лиза» бар. «Қошалақтағы оқиға» мен «Күзгүнүн сыры» да көрермен на­зарына ұсынылды.
Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген артисі Пұсырман Одрақаев: «Бұл фестивальдің өтуіне қырғыз жағы мұрындық болды. Өйткені Рахымжан Отарбаевтың есімі қырғыз оқырмандарына жақсы таныс. Бұған дейін де қыр­ғыз көрермендері жазушының «Абай соты» пьесасын тамашалаған болатын. Бұл спектакль осыдан 22 жыл бұрын, яғни 1995 жылы тұңғыш рет қырғыз сахнасында қойылды. «Абай сотын» көрермендер жақсы қабылдады. Ешкімге ұқсамайтын өзгеше болмыс иесі Рахымжан Отарбаевтың шығармаларымен қырғыз халқы етене таныс. 1994 жылы Т.Абдумомунов атындағы қырғыз ұлттық академиялық драма театрында тұңғыш рет Халықаралық Айтматов театры ашылды. Осы өнер шаңырағында «Жәмила» пьесасын қоюға дайындалдық. Шыңғыс Айтматов ол кезде елшілікте жұ­мыс істейді. Шетелде тұрады. Бель­гия­дан қоңырау шалып: «Театрды қандай қойылыммен ашқалы отырсыңдар?» деп сұрады. «Жәмиламен» ашатынымызды айттық. «Жәмила» 25 жылдан бері қойылып жүр. Одан бөлек не бар?» деп сұрады. «Екіншісі – қазақ драматургі Рахымжан Отарбаевтың «Абай соты» деген едік, «Жәмиланы» емес, «Абай сотымен» ашыңдар» деді. Сөйтіп, театр алғаш рет «Абай соты» спектаклін қойды. Ашылу салтанатына Шыңғыс Айтматовтың өзі қатысты. Рахымжан Отарбаевқа ақ батасын берді. Рахымжан бүгінде Қырғызстан театрлар қайраткерлері одағының театр өнері қоғамдық академиясының академигі. Жиырма екі жылдан бері оның пьесалары қыр­ғыз сахнасынан түспей келеді» дейді. Бішкектегі театр фестивалінде қа­зақ сахнасында қойылмаған бір­не­ше пьесаның тұсауы кесілді.
«Қо­ша­­лақтағы оқиға» мен «Актри­са» – қырғыз театрының жемісі.

Талқыға түскен тағдыр

Театр фестивалінде сегіз спек­такль көрсетілді. Оның ара­сында «Моно Лиза», «Тағдыр» спек­такльдері бірнеше рет қайталанып қойылды. Театр фестивалі – әрі актерлердің мерейін асыратын ме­рекенің бірі. Шалғайдағы об­лыс­тардан да әртіс қауымы ке­ліп, Отарбаевтың шығармасын сах­на­лап жатса, қуаныш емес пе? «Мо­но Лизаны», «Тағдырды», «Күз­гүнүн сырын» қайталап көрсек те, әр театрдың өз қолтаңбасын бай­қау­ға болады. Мәселен, Қош­қар му­зыкалық драма театры қой­ған «Моно Лиза-Мончок» пен Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры­ның «Моно Лизасын» салыстыруға келмейді. Әр режиссер өзіндік шеберлікпен келген. Спектакльді қою формасы да бөлек. «Тағдыр» спектаклі туралы да солай айтуы­мызға болады. Отарбаевтың «На­шақорлар» пьесасын қазақстандық театрлар да бірнеше рет қойған еді. Айырқалпақты ағайындар «Тағдыры» мүлдем бөлек шыққан. Декорация бөлек, ракурс басқа. «Тағдыр. Бақытты отбасы бүлінді. Бір-біріне ғашық болған екі жан. Талқыға түскен тағдырлар. Бұған не себеп? Мәңгі зат! Құтқарыңыз дегенде, сол мәңгі затқа тәуелді етіп, өзіне тартатындар көп. Мәңгі затқа тәуелді болған Жалқытайдың тағдыры көрерменді ойландырмай қоймайды. Үй бұйымдарын ұрлап сатып, тіпті анасын да өлімге қию­ға әзір Жалқытайдың аянышты тағ­дыры. Жалғыз ұлды есірткіге тәуел­ді еткен тағдырды кінәлайсыз ба, от­басынан безген Жалқытайды кінәлайсыз ба?
Спектакль соңында ата-ана да жоқ, сүйген жары да жоқ, дос-жа­раны да жоқ – жар басында жалғыз ТАҒДЫР тұр. Бұл бір тағдырдың басынан кешкен азабы емес, бір тағдырдың артында мың тағдыр тұр.
Қошқар музыкалық драма театрының да, Т.Абдумомунов атын­дағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының «ТАҒДЫРЫ» осыны баян етеді.

Моншақ қыздың тарихы

Екі бірдей театр сахналаған спектакльдің бірі – «Моно Лиза». Яғни, Моншақ қыздың тағдыры. Бірін Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық театры қойса, екіншісін Қыдыкеева атындағы жас көрермендер театры қойды. «Моно Лизаның» кейіпкері – суретші. Барыстың бір ғана арманы бар: сүйгені Моншақтың суретін салу. Әрі ол сурет атақты Леонардо до Винчидің Моно Лизасынан кем болмауы тиіс. Суретші бұл арманына әсте жете алған ба? Елес кезген суретші шынайы өмір мен қиялдың арасында неге адасты? Моно Лиза елес пе? Моншақ ше? Сүйген жардан неге айырылды?
Екі бірдей театрдың да қойы­лымында кемшіліктер жоқ емес. Шығарманың ой-желісін дұрыс тарқата алмаған. Тіпті Қырғыз ұлт­тық академиялық драма театры­ның Леонардо до Винчиді сахнада жуындырып қоюы көзге ерсі көрінді.

Жұлдызы жанған «Актриса»

«Актриса» спектаклі де алғаш рет қойылып отыр. Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық акаде­миялық драма театрының жанынан құрылған студияның «Актриса» спектаклінде мін жоқ. Студия жас­тары осы спектакль арқылы театр­дың ішіндегі ғана емес, жалпы адами құндылықтарды да паш етті. Бір театрдың ішіндегі оқиғаны көрсете отырып, екі елдегі келеңсіз жайларды баян етті. Әдемі, астарлы күлкімен ұштастыра отырып, әр актер өз кейіпкерінің мінезін тапты. Былай қарасаңыз, жеңіл жүріске, бай­лыққа, оңай олжаға, атақ-даңқ­қа ұмтылатын адамдардың іс-әрекеті, олардың талас-тар­тысы секілді көрінеді. Шын мә­нін­де, оның астарында үлкен мә­селе жатыр. Өмірде мұның бәрі кез­деседі. «Актрисаның» рөліндегі Жанара Борисованың шеберлігі бәрімізді тәнті етті. Талантты қыз­дың ойнына риза болмаған жан қалмады. Бір сөзбен айтқанда, «Ак­трисаның» жұлдызы жанды. Дра­матург Рахымжан Отарбаев бір сөзінде: «Бұл «Актриса» атты әңгімемнің желісімен жазылған комедиям еді. Оны алғаш оқыған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың ғажайып театр сыншысы, менің аяулы ағам Әшірбек Сығай еді. «Рахымжан, бұл әңгімеңді оқып, түске дейін ішек-сілем қатып күліп жүрдім. Сен мұны неге жаздың? Біз мұны қоя алмаймыз ғой» деді. Сол «Актриса» алғаш рет осы қырғыз сахнасында қойылып отыр. Автор әр қойылымға қуанышпен қарайды. Бірақ студент жастардың комедияны үлкен абыроймен алып шығуы – бәріміз үшін үлкен қуаныш! Тәнтімін. Әрқайсысы бір-бір тұлға болып қалыптасып келеді екен. Тұлғалар жасай берсін!» деді. Эркин Егембердиевтің режиссерлік шешіміне келіспеске амалың жоқ. Таптаурын дүние байқалмайды.

Қазақ өнеріне жасалған құрмет

«Моно Лизаның» да, «Қоша­лақтағы оқиға» мен «Актрисаның» да тұсауы қырғыз сахнасында кесілді. Ғұмыры ұзақ болғай! «Тағдыр» пьесасы – өте көп қойылған спектакльдің бірі екенін қырғыз драматургі Сұлтан Раевтың өз аузынан естідік. Қазақ драматургінің шығармасы Бексұлтан Жәкиевтен кейінгі екінші орында тұрса, бұл да айырқалпақты ағайынның қазақ өнеріне көрсеткен ерекше құрметі деп білеміз. Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтан фестиваль туралы әсерін сұрағанымызда:
– Фестиваль барысында әр театр өз шама-шарқына қа­рай ше­берліктерін көрсетті деп ойлаймын. «Актриса», «Қоша­лақ­тағы оқиға», «Айнағұмыр» спектакль­деріне мін тағы алмаймын. Әрине, сәл-пәл кемшіліктер бол­ғанына қара­мастан, өкпелей алмаймын. Өйткені бауырлас ел «сенің мәр­тебеңді көтеремін» деп күннің ыстығында, ораза айында елдің түкпір-түкпірінен ат сабылтып, бүкіл декорациясын арқалап келіп жатыр. Кім үшін, не үшін келіп жатыр? Қазақ өнері үшін келді. Сондықтан фестивальге қатысқан осынау театр ұжымдарына алғысым шексіз. Қырғыздың Мәдениет министрі Түгелбай Қазақовтың өзі осы фестивальді өткізуге нұсқау беріпті. Қырғыз театрларында 22 жылдан бері менің пьесаларым сахналануда. Бұл фестиваль сол еңбегімді қорытындылағандай болды. Әйтпесе, қырғыз елінде де керемет драматургтер аз емес. Шыңғыс Айтматовтың шығар­маларының өзі неге тұрады? Кезінде есімі Одаққа танымал болған Мар Баджиев, Бексұлтан Жәкиев, Мұрза Қапаров, Сұлтан Раевтың шығармалары қазақ сахнасында да қойылып жүр. Бұлар елге кеңінен танылған драматургтер. Солардың ішінде менің фестивалімді өткізіп жатқандары қазақ өнеріне құрметі деп білемін. Алақандарына салып, драматургия саласындағы қадамы­ма қолдау көрсеткен Шыңғыс Айтматов, Ескендір Рысқұлов, Со­ветбек Жұмаділов сияқты рух­тар­дың көзі кетсе де, әлі күнге ме­ні желеп-жебеп жүрген сияқты сезінемін.

Үздік спектакль – «Актриса»

Расында да, әр театр өз хал-қадерінше қазақ драматургінің шығармаларын сахнаға алып шықты. Қырғыз режиссерлері де, артистері де шама-шарқына қа­рай өнер көрсетті. Үздік актер де, үз­дік актриса да, үздік спектакль номи­нациясына ие болғандар да осал емес. Олардың әрқайсысы өздеріне лайық сый-сияпатқа ие болды.
Ош облыстық Бабыр атындағы өзбек музыкалық-драмалық театры­ның шығармашылық ұжы­мы қойған «Күзгүнүң сыры» спектаклі, «Моно Лиза» қойылымымен Т.Абдумомунов атындағы қырғыз ұлттық театры, Қасымалы Жантөшев атындағы Ыстықкөл облыстық музыкалық драма театрының «Жарық қайда?» спектаклі, Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық театры­ның «Тағдыры» марапатқа ие болды.
Ең мықты дебют номинациясын Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры қойған «Моно Лиза» спектаклінде Барыс рөлін ойнаған Қанболат Атақанұлы алса, екінші пландағы үздік әйел рөліне Қошқар музы­калық драма театры қойған «Моно Лиза-Мончок» спектаклінде Моно Лизаның рөлін ойнаған Элиза Тансыкова ие болды.
Екінші пландағы ер адам бейне­сін Қасымалы Жантөшов атындағы Ыстықкөл облыстық музыкалық театры қойған «Жарық қайда?» спектаклінде көрші шалдың рөлінде ойнаған Шәршен Дүйшөнкулов жеңіп алса, бірінші пландағы үздік ер адам рөлін Бабыр атындағы Ош мемлекеттік академиялық өзбек театры сахналаған «Күзгүнүн сыры» спектаклінде ата рөлін ойнаған Махмуд Рахматов иемденді.
Үздік әйел бейнесін Т.Абду­момунов атындағы Қырғыз ұлт­тық академиялық драма театры сахналаған «Тағдыр» әлеуметтік драмасында ананың рөлін ойнаған Айсалқын Оспанова иеленді. «Қошалақтағы оқиға» мен «Моно Лиза» спектаклін қойған екі бір­дей шығармашылық ұжым (Чуй облыстық театры мен Б.Қыдыкеева атындағы жас көрермендер театры) марапатталды.
Сегіз спектакльдің ішінен да­ра шауып, мәреге оза жеткені – «Актриса». Талантты жастардан құрылған студия комедияны өте биік деңгейде алып шықты. Бас жүлдені иемденген ұжымға қаржылай сый­лықпен қатар, Р.Отарбаев: «Сахнаға жиі шығып, ысыла берсін, үлкен ор­таны көрсін деп, күз айын­да Атырау қаласына театрдың гастроль­дік сапарын ұйымдастыруды өз мойныма аламын» деп уәде берді.

Атабейітке тағзым етті

Бішкекте Қазақстанның түк­пір-түкпірінен жиылған бір топ қа­лам­гер, өнер қайраткерлері Несіпбек Дәутайұлы, Жұмабай Шаштайұлы, Мереке Құлкенов, Сұраған Рахметұлы, Сүлеймен Шадкам, Мұхтар Байжұманов, Ер­кін Жуасбек бастаған топ Атабейітке барып, 1937 жылы атылып кеткен боздақтардың рухына, Шыңғыс Айтматовтың қабіріне құран бағыштап, тағзым етті. Одан бөлек, Шыңғыс Айтматов­тың музей-үйін аралап шықты. Қаламгердің басқан ізіне дейін құрмет көрсетіп отырған қырғыз жұртының ыстық ілти­патын сезініп қайтты.
Сұлтан РАЕВ, драматург:

Отарбаевтың «Тағдыры» бес жүз рет қойылды
– Рахымжан Отарбаевпен таныстығымыз ерте басталды. Екеуміз 1987 жылдан бері таныспыз. Екеуміздің Мәскеуде жолымыз түйісті. Алғаш оны қаламгер ретінде таныдым. Оның әңгімелері, көркем прозасы маған ерекше әсер етті. Рахымжанның драматургиясын бертінде ғана тани бастадым. Бүгінде оның пьесалары қазақ театрларының сахнасында жиі сахналанып жүр. Оның өзгешелігі – заман тынысын сезіне алатыны әрі сол сезінгенін оқырманға жеткізе алатыны. Әлеуметтік мәселелерді жиі көтеріп жүр. Тарихи тақырыптарға да жиі қалам тербейді. Оның фестивалін қырғыз жерінде өткізуіміз – драматургтің шығармашылығына жасаған ерекше құрметіміз. Оның да бір себебі бар: Рахымжанның драматург ретінде тұсауын кескен қырғыз сахнасы. «Абайдың сотымен» басталған жол тоқтаған жоқ. Қырғыз театры Отарбаевтың шығармаларын жиі сахналайды. Қырғызстанда қойылған спектакльдердің арасында жиі қойылатыны Бексұлтан Жәкиевтің шығармасы болса, одан кейінгі кезекте Рахымжан Отарбаев тұр. Оның «Тағдыр» атты спектаклі қырғыз сахнасында 530 рет қойылыпты. Драматургтың миссиясы қандай? Ол өз шығармасын жазып бітіру. Яғни, ол шикізат ғана. Оны әрі қарай өңдеп, дамытатын – режиссер. Режиссер шикізатты қалай өңдейді, көрермен солай қабылдайды. Мәселен, бір «Тағдыр» спектаклін он режиссер он түрлі қоюы мүмкін. Сол себепті де, Отарбаевты бағы жанған драматург деп айтар едім. Оның бағы – мықты режиссерлерге жолыққаны. Әйтпесе, «Тағдыр» соншама рет қырғыз сахнасында қойылмас еді.

Еркін ЖУАСБЕК, қазылар алқасының төрағасы, драматург:

Театр фестивалі өнердің дамуына үлес қосады
– Бір фестивальмен, бір спектакльмен, не болмаса бір автордың қойылымымен жалпы қырғыз театрының, қазақ театрының деңгейін анықтауға болмайды. Ол мүмкін емес. Шыны керек, әр театрдың репертуарында отызға жуық қойылым болады. Оның барлығы шама жеткенше, түрлі бағытта қолданылатын режиссерлік шешімдермен сахнаға шығады. Сондықтан бір театрдың жамбасына бір бағыт, екінші бір театрдың жамбасына басқа бір бағыт дөп келуі мүмкін. Ол негізінен шығармашылық труппаның құрамына байланысты. Кей театрларда жастар жағы басым әрі олар шапшаң болуы мүмкін. Екінші бір театр үлкен артистерге сенім артып, солармен репертуарын толықтырып отырады.
Бұл фестиваль – сегіз қойылымның төңірегінде өтті. Оның ішінде бірнешеуі қайталанып отырды. Жалпы, театр өнеріне ортақ бір мәселе бар: режиссура саласының әлсіздігі. Бұған тағы бір рет көз жеткіздік. Бұл қырғыз театрының басындағы хал емес. Қазақ театрларында, әсіресе облыстық театрларда жиі кездесетін жайт. Сегіз спектакльдің ішінде режиссердің шешімі қандай болды, автордың айтар ойын ұғына алды ма, актерлердің ойыны қалай шықты, осының бәрін ескеруге тырыстық. Осы сегіз спектакльдің ішінде «Актриса» қойылымы ерекше көңілімізден шықты. Оны Эркин Егембердиев атты жас режиссер сахналаған екен. Бүгінгі таңда комедия қою қиын. Қиындығына қарамастан режиссер өте сәтті шешім жасай білген. Шекспир «Өмірдің өзі – театр. Бәріміз соның актеріміз» дейді. Бұл спектакль өмірдегі келеңсіз құбылыстарды бір театр ішіндегі оқиғамен көрсетті. Сондықтан «Актрисаны» ең ұтымды спектакль деп тауып, соған бәйге бердік. Жалпы, қырғыз елімен мәдени байланыс бұрыннан бар. Біздің театрлар осы елде өтетін фестивальдерге жиі қатысып отырады. Осыдан үш жыл бұрын М.Әуезов театры осында келіп онкүндік өткізді. Қырғыз театрлары да Қазақстанға келіп жүр. Тілі, діні, түбі бір халықтың бұлайша араласуы өнердің дамуына, халықтың рухани тереңдеуіне көп әсер етеді. Жалпы, қырғыз елі басқа елдің жазушысын өз еліне шақырып, арнайы фестиваль өткізуді бірінші рет қолға алып отыр.

P.S.

Белгілі драматург Еркін Жуасбек сонау бір жылдары театр фестивалінде Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасын бірнеше театр ұжымының сахналағаны туралы айтқан еді. Осы бір үрдісті жаңарту қажет секілді. Егер театр ұжымдары келешекте Рахымжан Отарбаевтың бір пьесасының желісінде театр фестивалін өткізсе, ғажап болар еді. Драматургтың «Нашақорлар» пьесасын қаншама қазақ театрлары қойды. Одан бөлек, «Сұлтан Бейбарысты» да сахналаған ұжымдар бар. Бұл да театр өнеріндегі жаңашылдық болар еді. 
Станиславский: «Үлде мен бүлдеге оранған сахна, қымбат киім, декорация маңызды емес, маңыздысы – драматургтың идеясы» деген екен. Бұған біздің тағы бір рет көзіміз жетті. Бішкек сапары осымен тәмам. Алайда 22 жыл бұрын басталған қазақ драматургінің көші ары қарай жалғаса бермек. Бір автордың қолынан шықса-дағы, әртүрлі мінез, әр алуан образ, түрлі бояу-реңктерді көргенімізді еш ұмытпасымыз анық…

Гүлзина БЕКТАС


16 тіл білетін адамның 10 ақылы
Михаил Литвак: Махаббат – жүктілік секілді.Ол не бар,не жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу