Шымкентте тәрбиеші балаларды инемен қорқытқан
Шымкент қаласының Тұран ауданында орналасқан №59 «Айша» мемлекеттік бөбекжай-балабақшасында тәрбиешінің балаларға қатысты өрескел әрекеттері әшкереленді. Алдын ала мәліметке сәйкес, тәрбиеші бүлдіршіндерді шприцпен қорқытып, қол көтерген деп жазады Оinet.kz порталы.

Бейнекамерада тәрбиешінің балаларды шприцтің инесімен нұқып, шошытқаны көрінеді. Қалалық білім басқармасының хабарлауынша, аталған дерек бойынша қазір құқық қорғау органдары мен салалық басқармалар жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
— Балабақшаның «Бәйтерек» мектепалды тобының тәрбиешісі Р.М. тарапынан балаларға психологиялық және физикалық қысым көрсету белгілері анықталды. Атап айтқанда, шприцпен қорқыту және күш қолдану фактілері тіркелді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары, салалық басқарма өкілдері, ата-аналар мен балабақша қызметкерлерінің қатысуымен жедел кеңес өтті. Тергеу қорытындысы бойынша заңнама аясында тиісті құқықтық баға беріледі, — деді Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Күлзина Уәлиханова.


