Шымкенттің өңдеу өнеркәсібі жаңа биікке көтерілуде

Oinet.kz 18-09-2025 51

image.png       

 Шымкент қаласының индустриялық дамуы қарқынды жүруде. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлының айтуынша, биылғы жылдың алғашқы жеті айында қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 812,6 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 15,8%-ға артты.

        Өңдеу өнеркәсібі қала экономикасында маңызды орын алады. Бұл сала жалпы өндірістің 89%-ын құрап, 724 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өндіріс индексі 117,6%-ға жетіп, республикалық көрсеткіштен  жоғары болып, өңірлер арасында үшінші орында тұр. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында да айтарлықтай өсу байқалады: химия өнеркәсібі екі жарым есе, машина жасау екі есе, сусындар өндірісі 81%-дан астам, тамақ өнімдерін өндіру 27%-ға, мұнай өнімдерін қайта өңдеу 20%-ға, бейметалл минералдық өнімдер 14%-ға, ал металлургия 2%-дан астам өскен.

       Болашақта да қала өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беруде. 2025–2030 жылдар аралығында инвестициялық құны 4,9 триллион теңге болатын 211 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға бағытталған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 136 жоба жүзеге асырылып, 3,4 триллион теңге көлемінде инвестиция салынып, 9 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

        Жоспарланған жобалардың жылдар бойынша бөлінісі де айқын: 2025 жылы – 22 жоба, 62,9 миллиард теңге; 2026 жылы – 72 жоба, 110,2 миллиард; 2027 жылы – 37 жоба, 123,7 миллиард; 2028 жылы – 3 жоба, 94,5 миллиард; 2029 жылы – 1 жоба, 38,4 миллиард; ал 2030 жылы ең ауқымды жоба – 3 триллион теңге инвестициямен іске қосылады. Биылғы жылы 22 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 1 211 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған, оның ішінде алты жоба бүгінде іске қосылды.

         Мысалы, «Sauran Bricks» газобетон өндірісін дамытса, «QazAlPack» алюминий қаптамасын шығару өндірісін жаңғыртып, 112 жаңа жұмыс орнын ашты. Сонымен қатар, «ZeineP» бір реттік медициналық бұйымдарды, «BIK Kanc» қағаз өнімдерін, «RaiMar» құрылыс материалдарын, ал «Cleans Fabric» ылғалды майлықтар өндірісін іске қосты.

        2025–2030 жылдар аралығында жүзеге асырылуы жоспарланған ірі жобалар да айтарлықтай: алюминий профильдері мен кабельдерді өндіретін зауыттар, электротехника өнімдерін шығаратын кәсіпорындар, ет және құс етін терең өңдейтін зауыттар, металлургиялық цехтар, майлау материалдарын өндіру және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту. Олардың жалпы инвестициялық құны бірнеше триллион теңгеге жетеді.

        Сәрсен Абайұлының атап өтуінше, бұл жобалар тек өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, қаланың еңбек нарығын дамытып, тұрғындарға тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етеді. Жаңа өндірістер мен ауқымды инвестициялар Шымкенттің өңдеу өнеркәсібін дамытудың айқын үлгісін көрсетіп, қала экономикасын алдағы жылдары да тұрақты өсімге бағыттайды.

        Шымкенттің өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытындағы осындай нақты қадамдар қаланы Қазақстанның ірі индустриялық орталықтарының біріне айналдырып отыр. Жоспарланған жобалар толық жүзеге асқанда, қала тек экономикалық көрсеткішті арттырып қана қоймай, технологиялық дамудың да көшбасшысы болады.

Шымкентте мемлекеттік қызмет цифрлануда
Шымкентте коммуналдық қызмет заманауи стандартқа өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу