Масылдықтан арылу қажет

Oinet.kz 26-06-2023 852

Ерекше зәрулігі бар болса да, бойындағы қабілетімен биік тұратын жандар көп. Таланты мен таудай талабының нәтижесінде өз ортасының алды боп жүрген азаматтың бірі Түркістан облысы Түлкібас ауданының Тастұмсық ауылында тұрады. Сырқатының көп мазалайтынына қарамастан бірнеше тілдерді жетік меңгерген, кітапханашы, аудармашы Мейірхан Мейрамбекұлымен әңгімелесудің сәті түскен еді. 

Screenshot_12.jpg

Ол өз сөзін «Адамның ішкі рухын әр күні тәрбиелемесе, бәрі бос нәрсе. Өзің  кім болуға ұмтылсаң, сол боласың. Өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ. Мен үшін тіл үйрену - өзімді бір нәрсеге алдандырудың жолы. Олай жасамасам, мен үшін бәрі ауыр болар еді. Бойымдағы дертті ұмытып, өзімді адам сезінудің жалғыз жолы да  осы  - тіл үйрену. Әр сөздің мәніне бала кезден мән беріп қарап, әр тілдегі ең ғажап деген сөздерді үйренуді әдетке айналдырдым.  Өзімнің жүрегіме  ана тілімнен кейін ең жақын тілдер -  түрік, испан, француз тілдері.  Тіл үйренуге өмірімнің алданышына айналдыру арқылы көп достар таптым. Өзімді таптым. Сыйлас адамдарымның саны көбейді. Менің ұстазым  Академик Рабиға Қуатбекова бір сұхбатымызда "Мейірхан, сенің адамдығыңды айшықтап тұрған нәрсе - адалдығың мен адамға деген махаббатың. Сол қасиетің тіл үйренуіңе де себепкер сияқты. Жолыңда жақсы адамдар кездесіп, үлкен-үлкен есіктер ашылатынына сенімім зор. Тілдің киесін ұғынып, өзіңді тіл ғылымына арнағаныңа шын жүректен қуанамын!"-деп өз ойын жеткізген кезінде еріксіз көңілім босап, ерекше қанаттандым. Анама бала күнімнен осы жолға бағыттағаны үшін разы болдым. Әр күні  он  минуттан өзім білетін әр тілден өлең оқитын әдетім бар. Әр оқыған өлеңді қойын дәптерге қазақшалау арқылы  өз санамды жаттықтырамын» деп бастады.

Дені сау бола тұра, қоғамға, мемлекетке масыл болып жүргендер жиі кездеседі. Мейірханның кітапқа, тілге деген қызығушылығы сондайларға сабақ болса керек. Масылдық туралы сөз қозғай бастағанымызда «Біздің қоғам мүгедектігі бар азаматтарға не аяп қарайды, не масыл деп қарайды.  Мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа алудан көп жұмыс берушілер қашады. Өйткені, мүгедектігі бар адамның қолынан түк келмейді деп ойлайды.  Турасында,  мәселесі көп адаммен мәселеге тап  болармын деп қауіптенеді. Түбінде мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамту қажет. Онсыз біз қоғамды ізгілендіре алмаймыз. Жыл өткен сайын  әр түрлі себептермен мүгедектігі бар балалар өмір есігін ашуда. Олар ертең өзгелермен  тең қоғамда  өмір сүруі үшін біздер бүгін әрекет жасауымыз керек деп білемін. Менің кітапханашы болуымды өмірде үш адам тілек етті. Балқарларда: "Тірлік етпегеннің өмірге берері жоқ" деген әдемі есті сөзі бар. Мен де өмірлік мақсат -  адамға масыл болмау. Үйде жатып, өзімнің талантымды  тұншықтырып, болмысыма қиянат еткім келмейді. Жанымды жадыратар бір жақсылық болса, ол - жұмыс жасауым.  Жұмыс жасамасам, менің талмаға ішетін дәрімді анам мен әкем зейнетақысынан әперер еді» деді. 

«Жұмыста өзімді мүгедек адаммын деп сезінбеймін. Бәрі тең. Олар істеген жұмысты ел қатарлы жасаймын. 2019 жылы Жаскешу ауылдық мәдениет үйіне ұйымдастырушының көмекшісі болып жұмысқа бардым. Басшымыз - Гүлзат Керимова маған барлық жағынан қолдау көрсетті. Өз бауырындай қарады. Жұмыста өз отбасыңдағыдай  жанашыр адамдар болмаса, ісің өнбейді. Кемшілігіңмен қабылдап, қолдау көрсетпеген жағдайда  ол ортада өзіңді таба алмайсың. Қазіргі күні де солай. Қасымдағы әріптестеріммен жұмыс барысында жиі кітап талқылаймыз. Оқырмандарға кітап оқуды насихаттаймыз. "Кетпеншінің шабар егіні бір" деген  түркімендердің халық жырындағыдаймыз. Аудандық орталық кітапхананың басшылығы, ауыл округ кітапханашыларының қолдауы болмаса,  бұлай сізбен сұқбаттасу мүмкін болмас еді. Жалғыз адам - жетістікке жетпейді. Бастысы, масылдықтан арылу қажет» деп түйіндеді. 

Өмірге деген шексіз махаббаты мен мейірімді жүрегінің арқасында сырқатын жеңіп, аяғынан тік тұрып ұрпақ болашағы жолында еңбек етіп жүрген кейіпкеріміздің өмірлік ұстанымы кімге де болса үлгі болуы керек. Әсіресе, мемлекетке масыл болып, еңбексіз-ақ алда болуды армандайтындарға Мейірханның сөзі сабақ болса игі еді.

Қоғамда кез-келген азаматтың құқығы тең
Аналарды ардақтап, балаларды бақытты ету – басты міндетіміз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу