«Жазушылар Одағы - жағымпаздықтың одағы...»

Oinet.kz 11-07-2019 1292

Screenshot_10.jpg

       Өзбекстанның Жазушылар одағы бірден 30-ға тарта мүшесінен «айырылды». Нақтырақ айтқанда, одақ құрамынан 26 ақын-жазушы тәуелсіздіктің қалыптасуына ат салыспағандықтары үшін мүшеліктен шығарылған. Оған ел президенті Ислам Кәрімовтың «Әдебиетке деген көзқарас — рухани өмір мен болашаққа деген көзқарас» атты жолдауы себеп болып отыр. Онда бұдан былай Жазушылар одағына тек қоғамның алдында өзін жауапты сезінетін жанкешті адамдар ғана мүше бола алады делінген. Жолдауға сәйкес, Жазушылар одағының сарапшылар кеңесі «отан үшін отқа түспегендерді» осылайша жазалап жатыр.   

       Жазушылар одағы құрамынан шығарылған шығармашылық тұлғалардың ішінде Хуршид Даврон секілді Өзбекстанның халық ақыны, Саломат Вафо сынды жазушы, Нортухта Кылыч, Хамракул Аскар және Сулаймон Рахмон секілді ақындар бар. Сонымен бірге, тізімнен шығарылғандардың ішінде Мамадали Махмудов (Эврил Турон) пен Мухаммад Салих секілді шетелде тұратын диссидент жазушылар бар. Мұнан өзге оппозициялық көзқарастары үшін елден қуылған Батыр Норбой, Ядгар Абид және Юсуф Джума секілді жазушылар да енді мүшелікте емес.

         Алайда, одақтан шеттетілген шығармашылық топ бұл шешімге қуанбаса ренжімеген секілді.  Олар биліктің бұл әрекетін өздері үшін абырой санайтындықтарын айтады. Қазіргі жүйенің қаруы болғанша, билетсіз жүрген әлдеқайда дұрыс деп есептейді.

        Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Гафур Эшмурадовтың айтуынша,  26 ақын-жазушы билеттерінен бір уақытта айырылмаған. Оларды одақтан бірнеше жылдың жүзінде біртіндеп шығарған көрінеді. «Ел арасына желдей тарап кеткен ақпаратты БАҚ беттерінен оқығанда шынымды айтсам таңырқап қалдым. Анық-қанығын тексере келе білгенім - әріптестерімді билік жыл сайын біртіндеп шеттетіп отырған екен. Өз басым бізге тағылған айыптың барлығын негізсіз деп  санаймын»,- дейді ол. Мүшеліктен шығып қалғасын қаламгерлер тілшілерге ашық сұхбат беріп, іштегі наздарын да білдіруде. «Жазушылар Одағы халықтан гөрі билікке жақын. Оны жағымпаздықтың одағы деп атаған дұрысырақ шығар. Сол себепті бұған еш өкінбеймін»,- дейді ақын Мухаммад Салих. «Одақ биліктің құралына айналып кеткендіктен ондағы шығармашылық ортаның мәні де, сәні де кетті»,- дейді әріптесін қостаған ақын Диларом Исхакова. Ал жазушы Мамадали Махмудов осы оқиғаға байланысты мынадай түсініктеме берді:"Шығармашылық орталықты шынайы ақындар мен жазушылар ғана жасайды. Біздің уақытта шығармашылық өмір қайнап жатты. Қазір өлі тыныштық. Шындықты айтатын жазушыларға әр заманда қиын болған. Сол себептен мені Жазушылар одағынан шығарып тастағаны үшін тек ғана риза екенімді жеткіземін".

          Кейбір ақпараттарға сенсек,  қазақ жерінде дүниеге келген ақын, публицист,  кезінде КСРО Жазушылар одағында Өзбекстан әдебиеті бойынша консультант болып қызмет істеген Сабит Мадалиев, Нортухта Кылыч және Сүлейман Рахмон Каримов идеологиясының құлы болғанша Жазушылар одағынан кеткеніміз дұрыс деп кетуге өз еріктерімен арыз жазған көрінеді. Сондай-ақ, жазушы Саломат Вафо өзбек халқының жан-дүниесіне сай келмейтін романы үшін қуылыпты. Айта кетейік, Вафо 2004 жылы жарық көрген «Құпия мемлекет» туындысынан кейін танымал болған. Аталмыш роман қоғамда түрлі пікірлерді тудырған болатын. 

Мұрағаттан, 2016 ж

Қазақ ежелден қонақжай халық
Ажырасудан «үздік» ондықтамыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу