Бәйдібек би мен Домалақ ана кесенелері қыз-келіншектер көп барады
Түркістан облысында киелі орындар көптеп кездеседі. Түркістан өлкесінде киелі орындардың көптігі – оның тарихы тым тереңде жатқанын айғақтаса керек. Расында да Түркістан өңірінің Қазақстан тарихында алар орны ерекше. Өлкенің тасын түртсең тарихы сайрай жөнелетіні баршаға аян. Соның бірі – Бәйдібек ауданы. Ауданда тарихи мекендер өте көп. Атап айтсақ, Бәйдібек би мен Қос ана, Домалақ ана кесенелеріне зиярат етіп барушылар өте көп.
Бәйдібек кесенесі, Қос ана - тарихи ескерткіштер кешенінің құрамдас бөлігі. Бәйдібек ата ауылының аймағында орналасқан.
Бәйдібек Қарашаұлының Қарахан дәуірі үлгісіндегі Балабөген өзеннің биік жағасында ежелден сақталған көне мазар күмбезі болған. Ескі мазар күмбез замана толқынымен қаншама рет бұзылып, қайта тұрғызылып келді.
«Бәйдібек - Сыланды» қайырымдық қорының (президенті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Е.Тұрысов) ұйымдастыруымен 1996-1998 жылдар аралығында Бәйдібек ата мен қасиетті бес ана - Марау (Сары бәйбіше), Зеріп, Жұпар, Қарашаш, Сыландының мазар кесенелерінің орнына шығыс сәулет өнерінің үлгісінде орнатылған. Бас сәулетшісі - Ғабит Сұлтанғалиұлы Садырбаев.
Бәйдібек кесенесі құрылысына Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанда өндірілетін таңдаулы құрылыс материалдары - Ташкент зауыттарының арнаулы сары кірпіші, Нұратаның ақшыл мәрмәрі, Тараз бен Қаратаудың қызыл граниттері, Қошқарата қатпарлы тау жыныстарының тақтатастары пайдаланылған. Бәйдібек ата кесенесін салуға Самарқанд, Ташкент, Сайрам, Шымкент шеберлері қатысқан.
Бәйдібек баба 1356-1419 жылдары Шығыс Қаратау өлкесінде өмір сүріп, осы ауданның қазіргі Бәйдібек ата елді мекені жерінде дүниеден өткен. Сүйегі Балабөген өзенінің жағасында жерленген. Бәйдібек Қарашаұлының өмірі, заманы, өскен ортасы жайлы тарихи деректемелер негізгі Қазақ елінің шежіресі, ел ішінде сақталған аңыз-әңгіме және әйгілі Шығыс зерттеушісі ғалым-этнограф Николай Аристов, Шоқан Уәлиханов жазбалары арқылы баяндалады. Өз заманында көшпелі елдің басын біріктіріп, елді, жерді сыртқы жау шапқыншылығынан қорғауды ұйымдастырушы және бастаушы, ақылшы, қолбасшы ретінде көрінетін аса ірі тарихи тұлға болған.
Бәйдібек бүгіндері қиыр шеті Алтай, Шәуешек, көршілес Қытай халық республикасының Шыңжаң өлкесімен бірге республикамыздың Алматы, Жамбыл облыстары, Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас, Төлеби, Сайрам, Бәйдібек, Ордабасы аудандарын мекендеген ежелгі Албан, Суан, Дулат, Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты ру тайпаларының түпкі аталары.
Домалақ ана кесенесі – Али Сыланқызы Нуриланың мазарының үстіне салынған. Қаратау бөктерінде Балабөген өзенінің бойында орналасқан. Домалақ ана Байдібек атаның кенже әйелі болған. XI-XV ғасырлары бірнеше рет жөнделіп, 1966 жылы ақ тастардан қайта қаланған.
Домалақ ана (Нұрила) 1378–1456 жылдар аралығында өмір сүрген. Қаратау, Балабөген өзенінің жағасында жерленген. Есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі. Түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі. Әкесінің есімі -Әли Сылан, анасының есімі-Нұрбике. Нағашы ағасы Уәйіс хан-Моғолстанның ханы болған.
Домалақ ананың әкесі Әмір Темірдің әскерінде қызмет етіп түзде жүреді, ел анасы ерте қайтыс болып, жетім қалады. Сөйтіп Нұрила атасы Мақтым Ағзам қожаның қолында тәрбиеленеді. Кейінірек Бәйдібек бидің шақыруымен Мақтым Ағзамның отбасы Қаратау маңына көшіп барып қоныстанады. Мақтым Ағзам жаңа қонысында мектеп-медресе ашып, мешіт салдырады. Осында жүріп бой жеткен Домалақ ана атасы Мақтам Ағзамның өсиетімен 19 жасында (1397ж) Бәйдібек биге тұрмысқа шығады.
Домалақ ана өмірінің соңғы жылдары Ташкент қаласында өтеді. Алайда ері Бәйдібектің түсінде берген аяны бойынша, өздерінің ескі қонысы Қаратауға барып тұруға қамданып, жол шегеді. Көш Балабөген өзенінің жағасына келген кезде Домалақ ана сол жерде намаз оқып тұрып көз жұмады. Сол жылы Домалақ ананың немересі Дулат Бұхарадан Абдулла Шері есімді шеберді алдыртып, ана басына төрт қанатты күмбезделген кесене-там тұрғызады. XI - XV ғасырлар аралығында Домалақ ана кесенесі бірнеше рет қайта жөндеуден өткен. Домалақ ана кесенесі жерден 12 м биіктікте сегіз жапырақты етіп өріліп, негізгі бөлігінің үстіне күмбез орнатылған. Аңыз бойынша, Домалақ ана кесенесінде екі қасиетті тас бар, осы екі тастың арасынан тек жаны таза адам өте алады. XX ғасырда салынған кесене 6 бағаналы болған.
1906-1908 жылдары Ресейден қоныс аударып келген орыстардың тобыры күмбез-ескерткіштерді бұзып талқандап жібереді. 1908 жылдың жазында ақын Орынбай Тайманов (1867-1949) жаңа ескерткіш күмбез салдырады. 1942-1943 жылдары Шошқабұлақтың тұрғын орыстары, кәрістері тағы да бұзып тастайды. 1957 жылы тағы да жаңа күмбез салынады, бірақ ол көп сақталмаған. 1966 жылы Маңғыстаудан алып келінген ақ тастармен қайта қаланды. 1998 жылы Домалақ ана кесенесі жаңартылып, 2000 жылы айналасын көркейту-көгалдандыру жұмыстары аяқталды. Кесененің құрылысын жүргізуші және жобасын жасаушы сәулетшісі - Саин Назарбеков. Домалақ ана мұражайында түрлі көне қолжазбалар, қолдан жасалған көптеген заттар сақталған. Домалақ ана кесенесі - көпшілік тәу етер қасиетті орын.
Кесенеге жақын жерде Домалақ ананың бастауы бар. Оны күтіп-баптайтын шырақшының айтуынша, Домалақ ана Жарықшақ бабаны өмірге әкелерде қатты толғатып, өкшесін жерге қатты тіреген екен. Сонда өкшесінінің астынан су шығып, аман-есен босаныпты. Сол суға баласын жуындырып, өзі де тазаланады. Міне, содан бері бұлақ көзі тартылмай, келіп-кетушілердің зиярат орынына айналады.
Бұлақ суының емдік қасиеті бар. Ел арасында оның суы көз, ішкі ағза ауруларына, қол мен денеге шыққан аллергия, қышыма, ұшық сияқты тағы басқа түрлі жараларға, аяқ-қол қақсағанда, елірме мен қояншық ауруына шалдыққандарға дауа болады деген сенім бар.
Сонымен қатар ауданда Қос Ана кесенесі орналасқан. Халық аңыздарына сүйенсек, Бәйдібек Қарашайұлының екінші әйелі - Зеріп ол және олардың келіні - Сыланды анна осында жерленген. Қос Ана кесенесі Бәйдібек би бейітінің жанындағы Ғарыш деп аталатын жерде орналасқан. Мұнда да зиярат етіп келушілер саны өте көп. Қазіргі таңда кесенеде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.