Ақмешіт үңгірі адам жанын тазартып, рухани кеселді сылып түседі
Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданының тарихы тым тереңде. Аудан тарихынан білгісі келіп ізденушілер көп. Туристер де ауданның киелі жерлеріне келіп тәу етіп жатады. Көптеген киелі жерлер бүкіл республика тұрғындарын өзіне қызықтыруда. Соның бірі - Ақмешіт әулие үңгірі. Үңгірдің ішінде ұзындығы 7-8 метрдей жырық бар. Сонымен адамдар еңбектей көтеріліп, Алладан тілек тілейді. Ақмешіт үңгірімен байланысты бірнеше аңыз-әңгіме бар. Солардың бірі, бұл үңгірде халық үшін маңызды үлкен мешіт болған. Мешітке сырттан кіретін жол болмады. ХХ ғасырдың басында күмбездің бір бөлігі құлап, орнында осы үңгірге кіретін саңылау пайда болды. Адамдар осы жерге сатылар салып, зияратшылар келіп, тәу ететін орынға айналды. Орталық күмбезге келетін төрт жерасты жолдары болған. Жер қыртысының өзгерістеріне байланысты жерасты жолдары жабылып, бірнеше жылдар жер астында қалған. Ақмешіт атауын алған бұл үңгір келушілерді өзінің ерекше тылсым дүниесімен қызықтыруда.
Аңыз бойынша, жаугершілік қиын-қыстау заманда, Есіркеп Қойкелді батыр қалмаққа қарсы қол жинап, он мыңнан астам сарбазымен жауға қарсы шығуға дайындалып жатқан кезде жаңбыр жауып кетеді. Селдетіп жауған жаңбыр астында таңғы намазды қалай оқимыз деп қиналмай, бірден үңгірге түсіп, бәрі қатарласа тұрып намазға жағылады. Мынау бір керемет жер екен деп таңданысады. Үңгірге бойы үйренгеннен кейін сарбаздардың бірі батырға: «Кереметтігімен ұзақ есте қалдыру үшін бұдан былай бұл үңгірге Есіркеп немесе Қойкелді деп ат қойып кетейік», – дейді. Батыр бұл ұсынысқа: «Қасиетті үңгірдің киесі оған лайық болмасақ, бұл атауды кешіре алмаса, ең қиыны сол болар», – деп қарсылық білдіреді. Жарықтық Қаратаудың қасиет дарыған етегі ғой. Батыр да ойға беріле тұрып: «Бұл үңгір олай болмаса, он мыңнан астам адам – бізді жаңбырдан қорғаштамас еді ғой, таңғы намазымызды оқуға мүмкіндік берді, тастары да аппақ күйінде ғажап әсер сыйлады, он мыңымыз бір жерде сәждеге бас қоя алдық, киелілігі де осы да, бұл жерді енді Ақмешіт деп атайтын болайық, бұл қасиетті жер екен», – деп сөзін түйіндепті. Содан былай бұл үңгір «Ақмешіт үңгірі» деп аталып кетіпті.
Үңгір ерекше көрінісімен келушілерді таң қалдыратын орын қыратты беткейде орналасқан. Оған түсу тереңдігі 10-12 метр. Ол үшін темір баспалдақ орнатылған. Үңгірдің ауызы 200 шаршы метрге жуық. Ал іші 1 гектардан аса жерді алып жатыр. Үңгір төбесінің биіктігі 32-35 метрді құрайды, ұзындығы — 162 метр, ені 64 – метр. Үңгір ішіне күн сәулесі батыстан тек кешқұрым уақытта ғана түседі.
Ақмешіттің тура ортасында тұт ағаштары бар, ол құдды бір орманды елестетеді. Төбеден бірнеше жерден су жыл он екі ай тамшылап тұрады. Үңгірдің бір кереметі, ондағы ауа температурасы қысы-жазы 18-20 градус жылылықты көрсетіп тұрады.
78 жастағы Асқар Рүстембекұлының Ақмешіт үңгірінің шырақшысы қызметін атқарып отырғанына жиырма жылдан асқан. Айтуынша, бала күнінде үңгір іші бүгінгіден де кең болыпты.
"Келушілерге тас құлап кетпесе екен, аяқтары сүрініп қалмаса екен деп отырамын. Ол үшін арнайы бас киім де (каска) бар. Жан-жақтың бәрі жырақ, тас. Ниет етіп келушілер келгенде алдымен сақтық шараларын түсіндіремін. Кейін тарихын сұрайды. Оны айтып беремін. Кейде ақсақал деп бата сұрайтындар бар. Батамды да беремін. Осылай бірі келіп, екіншісі кетіп жатады. Негізі үңгірге түскен адамның тынысы кеңейіп, ерекше күшке ие болады. Қан қысымы деп жатамыз ғой, сол қалпына келеді екен. Оны осында келіп кеткендерден естимін. Қант диабеті, тыныс жолдары ауруларына да шипа іздеп келгендерді білемін. Осында келсек, бойымыздағы теріс энергиядан арылып, жеңілдеп қаламыз" деушілер де бар", — деді шырақшы.
Үңгірдің іші қашанда қоңыр салқын райынан еш өзгермейді. Жазда даланы 40 градус аптап ыстық күйдірсе, үңгір ішінде 17-19 градус шамасында ғана жайлы леп тербеп тұрады. Үңгір төбесінен ауық-ауық созыла үзіліп мөлдір тамшылар құлайды. Мұны жергілікті жұрт «Ақ молданың көз жасы» деп атайды. Осы су тамшылары үңгір ішіндегі ғажайып өсімдіктерге нәр береді.
Үңгірдің географиялық орналасуы мен құрылымдық үдерісін зерттеген мамандар оны әктасты жыныстар қабатының ойылуынан пайда болған деген болжам жасапты. Үңгірдің ішінен қарағанда саңылау пішіні киіз үйдің шаңырағы іспеттес көрінеді.
Нысанның ішінде ұзындығы 7-8 метрдей үлкен жолды жырық бар. Зиярат етуге келген адамдар жоғарыдағы жолды жырықтың сорабы арқылы еңбектей көтеріліп, өзіне қажет арман-мұратын, дұға-тілегін бір Аллаға жолдайды. Бұл дәстүр қашан қалыптасқаны белгісіз. Ел ішінде көп айтылатын тағы бір аңызға сенсек, ертеде үңгір ішінде көп жамағат жиналып намаз оқитын, құлшылық жасайтын мешіт тәрізді орын болған-мыс.
«Осындағы мешітке сырттан кіретін құпия жолдар салынған. Екі ғасыр бұрын мешіт күмбезінің бір бөлігі опырылып құлап, үңгірге кіретін үлкен саңылау пайда болады да, жер қыртысының өзгеруіне байланысты бұрынғы құпия жолдар жабылып қалған», дейді жергілікті өлкетанушылар.