Мәртөбе-Ұлы дала Парламенті

Oinet.kz 18-11-2021 1042

Screenshot_29.jpg

Үшінші мегаполис мәртебесін алған Шымкентте тарихи, киелі орындар аз емес. Бір ғана Ескі қалашықтың өзінде мегаполистің өткен тарихын танытатын, туристерді тартатын көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр. 2013 жылы шаһар құрамына сансыз баптардың мекені атанған Сайрам елді мекені өтті.

Тарихшы, археологтардың айтуынша, Шымкент пен Сайрам тарихтың әрқилы кезеңдерінде бір-бірімен тығыз байланыста болған. Сонымен бірге бұл екеуі алма-кезек өңірдегі жетекші қалаға айналып отырған. Мәселен, көне дәуірлерде Шымкент Сайрамсу, Бадам өзені аңғарларындағы ірі қала атанса, орта ғасырларда Сайрам басты шаһарға айналған. Өз тарихында қос қала алғаш рет бір мегаполистің аумағына біріктірілді. Бұл Шымкенттің туристік әлеуетіне үлкен серпін берді.  

Шымкент қалалық әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда, үшінші мегаполистің аумағында бүгінде 110 туристік нысан бар. Оның ішінде жеті тарихи нысан республикалық маңызы бар «Қазақстанның киелі жерлері»  жобасына енген. Осындай тарихи әрі туристік нысанның бірі – Мәртөбе кешені.

Ерекше кешен Шымкент қаласындағы Сайрам тұрғын алабы мен Қарамұрт ауылының аралығында орналасқан. Жазба деректерге қарағанда, Мәртөбе өз заманында билеушілердің ордасы болған. Қалашықтың орны VІІ-ХІІ ғасырларға тән.  Биіктігі 6-7 метрді құрайды.  Мәртөбені көбіне «Ұлы дала парламенті» деп те атайды.

Мәртөбе кешені бүгінгі таңда танымал туристік бағыттардың бірі болып отыр. Өткен жылдан бергі аралықта Сайрам тұрғын алабындағы тарихи нысандарды тамашалауға 70 мыңдай турист келген.

Қазақ жерінде ұлы жиындар өткен, маңызды шешімдер қабылданған жерлер, оның ішінде тарихи төбелер аз емес. Ұлы хандар жерленген – Ұлытау,  орда тіккен – Кішітау, хан жайлаған – Қаратау, Хантау. Жәнібек пен Керей хандардың қазақ тайпаларының басын қосып, Қазақ хандығының туын тіккен әйгілі Қозыбасы.  Жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ жасақтарының басын қосқан, бірліктің символы саналатын  Ордабасы тауы. Тарихшылардың айтуынша, қазақ жерінде төбелер көп, бірақ Мәртөбе  жалғыз. Дәл осы Мәртөбеде үш би – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би «Жеті жарғыға»  қол қойып, ал Тәуке хан оларды өз мөрімен бекітті деген аңыз бар.

Осы Мәртөбедегі жиындарда көшпелі қазақ қоғамындағы шаруашылықтан бастап, халықаралық қатынастарға дейінгі мәселелер талқыланған. Рулар мен тайпалардың ақсақалдары даулы істерді қарап, төрелік айтқан. Мәртөбені 1978 жылы «Қазақстан тарихы мен мәдениеті ескерткіштері жинағы» авторларының бірі, белгілі қазақстандық ғалым-археолог Николай Подушкин бастаған Шымкент педагогикалық институтының археологиялық отряды  зерттеді.

Мұнда ХVІІ ғасырда билік басына келген Есім ханнан бастап, ХVІІІ ғасырдағы Тәуке хан тұсына дейін алты Алаштың баласы бас қосып, билер кеңес құрған. «Есім ханның ескі жолы» да осы жерде талқыға түсіп, жарияланған. «Жеті жарғыны» қабылдар сәтте қазақтың атақты би-шешендерінен 12 би, олардың қатарында Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билерден өзге, Жайма, Сасық, Көкім билер да қатысқан. Мәртөбенің «Ұлы дала парламенті» аталуы осыдан.

Мәртөбе кешеніне деген туристердің қызығушылығы жыл санап артып келеді.

Сайрам көне һәм жаңа қала
«Цитадель» - мың жылдық тарихы бар нысан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу