Шымкентке Түркиядан келетін туристер саны артқан
Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының мәліметі бойынша 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында үшінші мегаполиске келуші туристер саны 158 224 адамға жетіп, 2 есеге артқан. Бұл көрсеткіш былтыр бірінші жартыжылдықта 69945-ті құраған болатын. Сәйкесінше, 6 айда қала экономикасына түскен табыс көлемі 9,5 млрд теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 2 есеге арттыру көзделіп, келген туристер санын 315 381 адамға жеткізу қарастырылған. Нәтижесінде, қала экономикасына 19 млрд. қаржы түседі деп күтілуде. Ал, жалпы бюджеттен бөлінген 1 теңгенің қайтарылымы 62 теңгені құрап отыр.
Шымкентке келетін туристердің басым көпшілігі – Ресей, Өзбекстан, Түркия және Қырғызстанның азаматтары.
Сонымен бірге қалада туризмді дамыту саласында проблемалар да жоқ емес. Соның бірі білікті мамандарды даярлау. Шымкенттегі 11 мемлекеттік колледждің тек біреуінде ғана туризм саласына қатысты мамандар даярланады. Индустрия және тамақтандыру сервисі колледжін өткен оқу жылында даяшы, аспазшы, кондитер, гид-экскурсовод мамандықтары бойынша 379 түлек оқу бітірген. Туризм саласының мамандары туризм индустриясын қалыптастыру үшін портьер мен даяшыдан бастап, қонақүйдің басшысы мен менеджеріне дейін қалада даярлануы тиіс екенін айтуда. Сондай-ақ Шымкент қаласында туризмді дамыту бағдарламасын әзірлеу – өзекті мәселе. Сала мамандарының пікірінше, бағдарлама қаланың туристік ресурстарын ашуы және олардың тиімділігіне баға беруге тиіс. Ең табысты экскурсиялардың сипаттамасын ұсынуы, сондай-ақ қазіргі кезеңдегі қаланың туристік әлеуетін дамыту перспективаларын анықтауы қажет.