Меценат сүйікті қаласына тарту жасады
Сайрамда бар сансыз бап демекші, қаламызда өткен дәуірлерден сыр шертетін жәдігерлер көп. Соның бірі бұған дейін де мәселесі көтеріліп келген Сайрам тұрғын алабындағы Қызыр мұнарасы. XVIII-XIX ғасыр еншісіне жататын ескерткіш «Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасына енгізілген. Жергілікті маңызы бар 8 киелі мекеннің бірі саналатын ескерткіштің жағдайы сын көтермейтін. Ал қабырғасының қалыбын сақтаған тарихи орындардың ілуде бір кездесетіні анық.
Әбден тозығы жеткен киелі орын сырттан келген турист қонақтардың құтын қашыратыны анық. Ескі замандарда бой көтеріп, бүгінге аңыз болып жеткен әйгілі ескерткіштің ғажайыбы өз алдына бөлек әңгіме. Сондықтан сыны кетсе де, сыры кетпеген тарихи орынға алаңдаушылық білдірмегендер кемде-кем. Кезінде қараусыз қалғаны жөнінде жергілікті басылымдар да мәселе көтерді. Ащы сын да, жанашыр ұсыныс та айтылған. Олқылықтың орнын Шымкент қаласы Туризм басқармасының «Туристік ақпарат орталығы» қалпына келтірді. Сөйтіп қараусыз қалған жәдігер жаңа кейіпке енді. Жұдырықтай жұмылған азаматтардың іскерлігі, патриоттығы көпшілікке үлгі дер едік.
Шымкент қаласы туризм басқармасының «Shymkent Tourism Center» туристік ақпараттық орталығының басшысы Айдарали Рамановтың сөзінше, алғашқыда Қызыр мұнарасын жөндеу оңай болмаған. Алдымен Сайрам ауданы тұрғындарымен басқосулар өтті. Талай ғасырға куә ескерткішті кейінгі ұрпаққа жеткізу жөнінде меценаттармен келіссөздер жүргізілді. Мұнан бөлек, туристерге елімізде ежелден өнер мен мәдениеттің болғандығын көрсету үшін де аз тер төгілген жоқ. Өйткені саяхатшылар Қызыр мұнарасына соқпай кетпейді.
Белгілі Бауыржан Мырзатаев «Қызыр мұнарасының» абаттандыру жұмыстарына өз қаржысынан 15 миллион теңге бөлді.
Осылайша нысанның 200 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолына арналған тақталар салынды. Мұнараның жан-жағы темір қоршаумен қоршалды. 500 шаршы метрге көгал төселді. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, жарық шамдары қойылды. Келушілердің көліктері аялдайтын орын да ескерілді.
– «Сайрамда бар сансыз бап» деген ұлағатты сөзді жастайымыздан естіп өстік. Сондықтан киелі орындарды көзіміздің қарашығындай сақтау біздің парызымыз. «Сүйікті қалама сыйлық!» эстафетасының басталғанын естігенде үнсіз тұра алмадық. Маңызы бар киелі жерді көріктендіріп, тарту жасадық. Қала тұрғындарын осындай акцияны қолдауға шақырамын, – дейді меценат Бауыржан Мырзатаев.