Алтынды дұрыс таңдай білесіз бе?
Қазақтың әрбір қуанышында сыйлық ретінде ұсынылатын, трендке айналған бір зат бар. Ол – алтыннан жасалған бұйымдар. Қазір қай ортаға барсаң да, мойныңдағы алтын алқаң мен қолыңдағы жүзігіңе қарап «баға» береді. Сол арқылы «дәрежеңді» айқындайды. Алайда алтынның да алтыны бар. Бүгінде сынамасын «алтын» деп көрсететін алып-сатар алаяқтардан аяқ алып жүре алмайсың. Сондықтан бүгінгідей ала-құла заманда алтынның түр-түсін, сапалы-сапасызын, қымбат-арзанын айыра білу – үлкен қабілет. Ендеше алтын таңдауда нені ескеру керек? Осыны біле жүріңіздер! Алтынның маманы, «Қазақювелир» АҚ сынама зертханасы директорының орынбасары М.Магауяновтың айтуынша, алтынның таза алтын, саф алтын (самородки), афинаждалған алтын (зауыттарда өндіріледі) деген түрлері бар. Табиғи алтын жұмсақ болып келеді. Зергерлік бұйымдар жасауға арналған алтын қорытпа түрінде болады. Қорытпа түрі оның құрамындағы қоспаларға байланысты. Оны таза алтынға күміс, мыс, мырыш, никель және тағы басқа металдарды қосу арқылы өндіреді. Соған байланысты алтынның сарғыш, қызғылт, ақ түстері пайда болады. Алтын әшекей сатып аларда алдымен бұйымның таңбасына қарау керек. Таңбада бұйымды жасаған зауыттың белгісі және оның қандай сынамаға сәйкес келетіндігі көрсетіледі. Қазақстанда 375, 500, 585, 750, 958, 999 сынамалары тағайындалған. Сынама – бұйымдағы қорытпаның 1000 бірлігіндегі таза алтынның мөлшерін көрсетеді. Бұйымдардың сапасына, сыртқы келбетіне мән беру керек. Бетінде жарықшалар, деформациялар, құрал-саймандардың іздері болмауын назарда ұстаңыз. Алтын тастармен әшекейленген жағдайда, тастардың орнатылу сапасын қарап шығу қажет. Тастар қозғалмайтын және түсіп қалмайтындай берік орнатылуы тиіс. Сонымен қатар ұстатқыштары киімді іліп кетпейтіндей, майыспайтындай жасалғанын тексеріп алыңыз. Алтын таңдау кезінде мынадай кеңеске жүгіну қажет. 1. Лупамен бұйымның ішкі-сыртқы жағын тексерсеңіз, бұйымды шығарушының арнайы белгілері анық білініп тұруы тиіс.
Тіпті үлкейте отырып, бұйымның біркелкі түстілігін, шетінде түссізденген, «жамалған» жері жоқтығын, алтын жалатылған темір емес екендігін де байқауға болады. 2. Алтын бұйым жерге құласа, хрустальға ұқсас дыбыс шығарады. Шыныға, әйнекке алтын бұйыммен сызық түсіріп те тексеруге болады. Егер бұйым таза алтын болса, ол із түсірмейді, себебі алтын шыныдан жұмсақ. 3. Алтынға йод тамызса, ол қарайған із қалдырады. Ал латунь, жез, мыстан із қалмайды. Бірақ есте сақтар нәрсе – жоғары сапалы алтынның йодпен әсері қиын, сондықтан алтынның тазалығын мұндай тәсілмен тексеру әрқашан оң нәтиже бермейді.583, 585 сынамалы алтын бұйымдарды йодтан аулақ ұстаған жөн, әйтпесе бүлдіріп аласыз. Ең дұрысы – алтын бұйымды ломбард мамандарына тексерту қажет. Олар алтынның сынамасы мен жасалған еліне дейін дөп басып айта алады. Алтынның сынамасы нені білдіреді? Бүгінгі таңда көбіне 585 және 750 сынама жиі пайдаланылады. 585 сынаманың 58,5% алтын болса, 750 сынаманың 75% алтын, қалғаны қосымша металдар болып келеді. 585 сынама – сапалы, бағасы 750 сынамаға қарағанда арзанырақ әрі бағасы да қолжетімді. Оның түсі де әртүрлі болады: ақ, сары, қызыл. Ал 750 сынама алтынның пайызы көп болғандықтан, бағасы да қымбаттау. Оның түсі ақ және сары келеді, қызыл түсі сирек кездеседі. Адамдар алтынды таңдағанда сапасы мен сынамасына анықтап көңіл бөлгені абзал. Сонымен қатар алған бұйым өзіне жарасымды, қызмет орны, той-томалақтар, кездесулер, отырыстар, бәріне де ыңғайлы болғаны жөн. Алтын таққан жақсы. Сапалысын таққан одан да жақсы. Ең жақсысы – алтын аларда алыпсатарларға алданып қалмау. Ол үшін тұтынушы өз құқығын жақсы білуі керек. Алтынды таңдарда жоғарыдағы кеңестерге жүгініп қана қоймай, сатушыдан ол жайлы егжей-тегжейлі ақпарат алуға құқығыңыз бар. Қандай өнімді алсаңыз да, асықпай бақылау жасап, ақылға салып сараптау қажет. Сонда ұтпасаңыз, ұтылмайсыз.
Дереккөз: massaget.kz