Жарықдиодты шамдар экспортқа шықпақ
Шымкентте үш индустриалды аймақ бар. Олар: «Оңтүстік», «Тассай» индустриялық аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы. Жыл басында қала әкімі Мұрат Әйтенов «Тассай» индустриялық аймағының инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртудың 2-ші кезеңі бойынша тиісті бюджеттік өтінім беру, индустриялық, көлік-логистикалық аймақтың және арнайы экономикалық аймақтың жер учаскелеріне талдау жасалып, тиімді игерілуін қамтамасыз ету қажеттігін айтқан болатын.
«Тассай» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындардың бірі - «КАЗТЕХНИКАС» ЖШС-ы. Мұнда жарықдиодты шамдар өндіріледі. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасымен индустриалды аймақтан 1,5 гектар жер бөлінген.
Құны 500 миллион теңгені құрайтын бұл жоба 2020 жылы бастау алып, биыл іске қосылды. Қазір мекемеде 25 қала тұрғыны жұмыс жасайды.
Зауыт жылына 20 мың дана жарықдиодты шам өндіруге қауқарлы. Шамдардың сапасы өндірілгеннен кейін су ішінде 5 минут тұрады да, кейіннен іске қосу арқылы тексеріледі екен. Яғни суға төзімділігі анықталып барып, сатылымға шығарылады.
Мұнда тек жарықдиодты шамдар ғана шығарылмайтынын айтып өткен жөн. Сонымен қатар, мұнда темір сөрелер де жасалады екен.
Өндіріс орны алдағы уақытта мемлекеттік қолдау арқылы өнім көлемін ұлғайтып, экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Бұл Шымкенттен шығатын өнімнің сапалы әрі сұранысқа жоғары екенін дәлелдейтін бастама.