«Жұлдызды» 25 жоба!
Шымкент қаласында жалпы аумағы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» индустриалды аймағы құрылып жатқаны белгілі. Бұл Президенттің өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес орындалып жатқан жобалар. Индустриалды аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес, бірінші кезеңде 2020-2021 жылдары аралығында 110 гектар, екінші кезеңде 2021-2022 жылдары 230 гектар жер игеріледі.
Шымкент қаласындағы «Жұлдыз» индустриалды аймақта құны 100 млрд. теңге болатын 25 жобаның пулы жасақталды. Бүгінде индустриалды аймақтың инфрақұрылым құрылысын жүргізу үшін қажетті бюджеттік қаржы қаралуда. Сонымен қатар, 302 га жер учаскесінің мемлекеттік актісі алынды. Инвесторларға жер учаскелерін бөлу осы жылдың маусым айына жоспарлануда.
Бұдан бөлек, қаладағы индустриялық аймақтарда 2021 жылы 25,9 млрд. теңгеге 416 жұмыс орнын құрумен 9 инвестициялық жобалардың іске қосылуы жоспарлануда. Сондай-ақ, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында осы жылы 11,5 млрд. теңгеге 301 жаңа жұмыс орнын құрумен 6 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда.
Айта кетейік, «Оңтүстік» индустриалды аймағында 72 жоба іске қосылып, онда 4,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды және оған 62 млрд. теңгенің инвестициясы тартылған. Ал, «Тассай» индустриалды аймағында жалпы құны 26,3 млрд. теңгелік 17 жоба іске қосылып, онда
1 мыңға жуық жұмыс орындары ашылған.