Жас кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік
Кәсіпкер боламын деген шымкенттіктерге жаңа мүмкіндік. Қаладағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша білім алған азаматтарға гранттар үлестірілмек. Ол үшін жаңа салаға бой үйретіп жүрген азамат инновациялық жобасын ұсыну керек.
Кәсіп бастаймын деп жүрген шымкенттіктерге жаңа мүмкіндік. Қолында бизнес жоспары мен идеясы бар азаматтар өз жобаларын ұсынып, мемлекеттік грантқа ие бола алады. Осылай деген қаламыздың кәсіпкерлік және индустриялық даму басқармасы өтініш қабылдаудың 5 сәуірден басталатынын айтады. Басты шарт үміткердің «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша білімі болуы керек. Және де жасы 18-ге толған болуы шарт.
«Бизнестің жол картасы 20-25″ аясында осы бағдарлама ішінде мемлекеттік грант бар. 2020 жылы 67 кәсіпкер грант қаражатын жеңіп алды. Сол қаражат бойынша өз кәсіптерін Шымкент қаласында жүзеге асыруда»,- дейді Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриялды- инновациялық даму басқармасының бизнесті мемлекеттік қолдау бөлімінің бас маманы Архат Сәрсенбаев.
Өткен жылы мемлекеттік грантқа Шымкент бойынша 67 азамат қол жеткізген еді. Солардың бірі Гүлзина Қожабекова. Медицина саласында жүрген ол жеке клиника ашуды ұйғарған. Осылайша «Бизнес бастау» бағдарламасымен білім алып, өз жобасын ұсынған. Бүгінде кәсіпкер ұсынған жоба мақұлданып, 5 млн. теңгелік грант иегері атанып отыр.
«Бизнес бастау бағдарламасы бойынша 1 айлық сабақты оқыдым. Сол кезде маған инновациялық идеяларды қолдау үшін 5 млн-дық конкурс грантқа қатысуға сізде мүмкіндік бар деп айтты. Соған бизнес тренерім дайындады. Гестроскапияға түсіреміз. Сонымен бірге науқас өзінің қандай потологиясы бар екенін өз көзімен мониторда көріп жатады. Егер сол жерден биопсия алу керек болатын болса, біз арнайы зажимдерімен етті алып, гистологияға жіберіп қорытындысын береміз»,- дейді кәсіпкер Гүлзина Қожабекова.
Айта кетейік, бизнес жобасы жеңіске лайық деп танылған азаматтар 2 млн-нан 5 млн теңгеге дейін грантқа иегері бола алады. Биыл ол үшін бюджеттен 196 млн. теңге бөлініп отыр. Өтініштер Ерімбетов көшесінің бойындағы 304 үйде 19 сәуірге дейін қабылданады.