Шымкентте шағын және орта бизнестің үлесі 32,3 пайызды құрайды
Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз мәжілісінде Шымкент қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков өңдеу өнеркәсібі салалары қай бағытта дамып жатқаны туралы айтып берді.
– Бүгінде Шымкентте шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі көрсеткіштерінде оң нәтиже байқалады. Атап айтсам, қаладағы жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер саны 68 264 бірлікті құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,1 пайызға өсім көрсетті. Ал жұмыспен қамтылғандар саны 166 044 адамды, жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 32,3 пайызды құрады. Одан бөлек, жиһаз, химия, негізгі фармацевтикалық өнімдер және жеңіл, тамақ өндірісі секілді өңдеу өнеркәсібінің салаларында өнім көлемі артты, – деді Береке Талғатұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, қалада 718 гектарды құрайтын негізгі төрт өндіріс аймағы белсенді жұмыс жасап отыр. Аталған аймақтарда 174 жоба іске қосылып, 112 жоба нақты жүзеге асырылған. Соның нәтижесінде қаланың экономикасына 137,5 млрд теңге инвестиция тартылып, жаңадан 7 500-ден аса жұмыс орны құрылған.
Сонымен қатар, қазіргі таңда «Жұлдыз» индустриалды аймағы бойынша жер телімін беру басталған. Яғни өзінің жаңа жобасы, нақты өндірістік идеясы бар кәсіпкерлер мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мүмкіндікті пайдалана алады.