Оксана Петерс: «Қазақша білемін деп мақтанудың қажеті жоқ, бұл біздің парызымыз»
Оксана Петерс... Бұл есімді көзі ашық, көкірегі ояу азамат жақсы білуі тиіс. Ол--республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында кәсіби журналист ғана емес, мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлттың өкілі ретінде танылды. Мемлекеттік тілге деген ерекше құрметімен көпшілікке үлгі болды. Қазақ тілінінің қазақ жеріндегі халықтарды біріктіруші тіл екенін, егер ықылас-ниет түзу болса, мемлекеттік тілді еш қиындықсыз меңгеріп алуға болатынын паш етті. Сол қасиетімен көрерменнің көзайымына айналып, ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленді.
Оксана Петерс
Оксана кезінде жергілікті «Отырар», одан кейін республикалық «Астана» телеарналарында еңбек етіп, бүгінде Жоғары Соттың баспасөз қызметіне жетекшілік етеді. Жерлесімізбен сұхбаттасудың сәті түсіп, оған ойымызда жүрген біраз сауалдарымызды қойған едік.
«Алдымда үнемі жақсы адамдар күтіп тұрды»
– Оксана, естуімізше, қазақ ауылында өскен көрінесіз? Қазақ тілін білуіңізге де сол ауыл, қазақы орта әсер еткен болар?
– Иә, кіндік қаным тамған жер—Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы. Әкем латыш, шешем орыс қызы. Бала кезімде мен ата-әжемнің тәрбиесінде өстім.
Үй шаруасына ерте бастан араластым. Тіршілікке ерте араласқандықтан, өз бетімше шешім қабылдауға, кез-келген тығырықтан тек өз қажыр-қайратыммен шығуға тәрбиелендім. Тез ысылғандығымның өмірде көп пайдасы тиді.
Айналамдағы адамдардың бәрі қазақ болғаннан кейін, адамның өзі де соған ыңғайлана береді емес пе?! Көрші-қолаң, достарыммен әңгімелесейін десем олар мені, мен оларды түсінбеймін. Барлығын қазақша түсіндіреді, ал маған жауап қайыру қиын соғады. Сондықтан қалайда болсын қазақ тілін үйренуім керек деген шешімге келіп, жетінші сыныптан бастап қазақ сыныбына ауыстым. Сыныптастарыммен ілесе жүріп, ананы-мынаны сұрап, мейілінше көбірек әңгімелесуге тырысатынмын. Алғашқыда қазақша сөйлеген сөздерімде де, жазуымда да қателіктер өріп жүретін. Алайда талпыныс пен қызығушылығымның арқасында екі жылда қазақша әжептәуір сөйлеп шыға келдім. Әрине, тек өз қажырлығымның арқасында ғана тілді меңгердім десем, артық болар. Ең біріншіден, мектептегі ұстаздарымның, екінші сол ауылдағы достарымның арқасында деп ойлаймын. Олардың барлығы мен үшін әрқайсысы әке-шешемдей жақын, жанашыр болып кетті.
– Мектепті аяқтаған соң қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдадыңыз. Ал, «Отырар» телеарнасына қалай келдіңіз?
- Жоғарыда айтқандай, мектепті бітірген соң дәрігерлік жолға түскім келген. Осындай байламмен Шымкенттегі медицина академиясына оқуға талаптандым. Ойлана келе бала кезімнен қазақ тілі маған соншалықты жақын болып кеткендіктен, оны әрі қарай жетілдіру үшін Мұхтар Әуезов атындағы Мемлекеттік университеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түстім. Дәрістің алғашқы күндерінде мынадай қызық оқиға болған. Тобымды іздеп лекция залына кіріп бара жатсам, мұғалім орысшалап «Сіз адасып кеттіңіз. Бұл қазақ тобы» деді. Мен оған күлімсіреп «Жоқ, мен шатасқан жоқпын. Осы топтың студентімін» деп қазақша жауап бердім. Ол таң қалды. Арпа ішіндегі бір бидайдай болып, тобымда қаракөздердің ішіндегі жалғыз мен едім.
Алдымнан қашан да жақсы адамдар күтіп тұрады. Осыған шүкіршілік етемін. Сіз айтып отырған «Отырар» телеарнасы менің өміріме үлкен өзгерістер алып келді. Алғашында құттықтау бөлімінің маманы етіп алды. Сөйтіп, бірте-бірте аудармаға кірістім. Шағын мәтіндерден бастап, үлкен бейнефильмдерді аударумен, дыбыстаумен айналыстым. Қосымша денсаулық бағдарламасын түсіріп, жүргіздім. Сосын таңғы бағдарламаның шығармашылық ұжымымен бірге жұмыс істедім. Біраз уақыт өте келе «Отырар» телеарнасының басшысы Валентина Куликова менен жаңалықтарды жүргізуімді сұрады.
«Теледидардан тыс өмірді де көргім келді»
- Шымқалада өзіңіз айтпақшы қызметіңіз де отбасыңыз да бәрі жақсы болған екен. Онда неліктен атбасын Астанаға бұрдыңыз?
- Алғашқыда Астана қаласына барамын деген ой болған жоқ. Әдеттегідей телекомпаниядағы қарбалас жұмыстарыммен жүргенмін. Күтпеген жерден «Астана» телеарнасының басшылығы атынан шақырту алдым. Көп ұзамай Астанаға көшіп келдік. Астана телеарнасында төрт жылдай қызмет еттім. Қазақша бағдарламалар мен жаңалықтарды жүргіздім. Бір-екі рет орысша жүргізіп көріп едім, көңілімнен шықпады.
- Қазір теледидардан кетіп, Жоғарғы сотта қызмет етіп жүрсіз. Өте жауапты маманның бірісіз. Айтыңызшы, жаңа жұмысыңыздан қиналып жатқан жоқсыз ба? Бәрін тастап қайтадан тележурналистикаға оралғыңыз келмей ме?
- Жоғарғы соттан бұрын «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының баспасөз хатшысы-- ресми өкіл қызметіне шақырту түскен болатын. Оған ойланбастан келісім бердім. Өйткені теледидардан тыс өмірдің де тыныс-тіршілігімен танысқым келді. Жұмыстың алғашқы күніне бастап мемлекет басшысының өзі төрағалық ететін беделді партия жұмысына белсене кірістім. Біздің бөлім апта сайын журналистерге брифинг ұйымдастырып, партияның тыныс-тіршілігінен ақпараттар беріп тұрды. «Нұр Отан» партиясы түрлі қоғамдық маңызы бар іс-шаралардың бастамашысы. Жоғарғы Сотта Көпшілікпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің меңгерушісімін. Әрине, өте жауапты іс. Бірақ атқаратын жұмысым жаныма жақын келеді. Сот төрелігі, судьялардың жауапкершілігі мен қауырт жұмысын тек осында жұмыс істеп, көзбен көргенде ғана түсінесің. Әрбір істің артында адам тағдыры тұр. Кез-келген дауды таразылап, тиісті шешім шығару, кінәліні жазалау кез-келгеннің қолынан келе бермесі анық.
«Үйде көбіне қазақша сөйлеуге тырысамын»»
- Тілдерді дамытудың бағдарламасында Қазақстанның барлық тұрғындары 2020 жылға дейін толығымен дерлік қазақ тілін меңгеруі тиіс деген талаптар қойылып жатыр. Бұл саясатқа деген көзқарасыңыз қалай?
– Әрине, толығымен қолдаймын. Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Демек, әрбір адам қазақ тілін білу міндетті. Қазіргі таңда тілді үйренемін деушілерге ешқандай қиындық жоқ. Барлық жағдай жасалған. Қазақ балабақшалары бар, мемлекеттік органдарда құжат алмасу қазақ тілінде жүргізіледі. Осыны түсінгендіктен көптеген қазақ тілін білмейтіндер алға талпынып, қазақша сөйлеп жатыр. Қазақ тілін білу біздің парызымыз. Бұрын ана тіліне қырын қарап келгендердің біразы қазір қазақша сөйлеп жүр. Мен өзім танитын адамдарды айтып тұрмын. Бұдан әрі, әсіресе жастарға қазақ тілін үйрету мәселесін бірінші кезекке қою қажет. Ертеңгі күні тіл білмей, жұмысқа орналасу мүмкін болмайды.
Өз басым бес-он жылдан кейін жағдайдың күрт өзгеретініне сенемін. Уақыттың талабы сол, мемлекеттік тіл үстем болуы қажет. Басқа елдерде солай емес пе?! Әлемнің дамыған елдерімен иық теңестіріп отырған жағдайда тілдің мәселесі бірінші кезекке қойылуы шарт. Елбасымыз тіл мәселесіне қатты көңіл бөліп жатыр. Осы саясаттың арқасында болашақта Қазақстанның барлық азаматтары 100 пайыз қазақша сөйлейді деп сенемін.
- Қазақтың қай тұлғаларын үлгі тұтасыз?
- Қазақтың барлық тұлғаларына құрметпен қараймын. Әдеби салаға жақын болғандықтан Абайды, Мұхтар Әуезовты, Ыбырай Алтынсаринді үлгі тұтамын. Шәмші Қалдаяқов, Төлеген Мұхамеджанов сынды біртуар композиторлардың әндерін шырқағанды ұнатамын.
- Туған жерің Шымкентке жиі келіп тұрасың ба?
- Мүмкіндігінше жиі келіп тұрамын.
- Әңгімелесіп, сыр бөліскеніңізге рахмет!