Медициналық сақтандыру халықтың мінез-кұлқын өзгертеді

Oinet.kz 11-12-2017 1185

Қыркүйек айының алғашқы дүйсенбісінде Парламенттің алтыншы шақырылымының үшінші сессиясын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп ашып берді. Ол жазғы демалыстан әдбен тынығып оралған сенаторлар мен мәжілісмендерге алдағы уақытта қандай заңдарды жаңарту керектігін қадап тапсырды. Соның ішінде ең алдымен Сенат пен Мәжіліс депутаттарына «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңды жіті қарау міндеттелді.

 Screenshot_1.jpg

– Бізде 2,7 миллион адам жұмыспен өзін-өзі қамтығандар деп саналады. Мен барлық уақытта әлеуметтік қорғау министрлерінің бәрінен сұрап келемін: Әлемде өзін-өзі қамтығандар  деген түсінік қайда бар? Нағыз салық төлеуден жалтарудың жолы деген осы! Денсалық сақтау министрі, мен дұрыс айттым ба, жоқ па? Мұндай сұрақтар бар болса, онда сіз неге біз медициналық сақтандыру жүйесіне өтіп жатырмыз деп айтып жүрсіз? Осыларды сақтандыру жүйесіне өткізіп алайық. Бұларға төлесек, сонда айтпай ма, «егер тұрғындардың біраз бөлігі медициналық қызметтерді тегін алатын болса, неге мен жарна төлеуім керек?» деп. Алдымен аражігін ажыратып алайық, – деп Мемлекет басшысы мәселені төтесінен бір-ақ қойды.

Осыдан кейін-ақ келер жылдың қаңтарынан бастап халық қызметін пайдалана бастайды деп күтілген Міндетті  әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тағы екі жылға шегерілуі мүмкін деген ақпарат тарады. Бұқаралық ақпарат құралдары мұны қос палатаның отырысында Президенттің пәрменінен кейін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қосымша уақыт сұрауымен байланыстырып, жарыса жеткізуде. Тіпті кейбір ақпараттық порталдар «ведомство арнайы қор құрып, азаматтардан 5 миллиардтан астам теңге жинап алған. Алайда жаңа жүйеге толық көшуге дайын емес» деп те жазып жатыр. 

Бізге маңыздысы – Мемлекет басшысының Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне өтпес бұрын алдымен тұрғындардың мәртебелерін ажыратып алу туралы ұсынысы болып тұр. Ұлт көшбасшысы бұлай алаңдаушылық білдіруі де бекер емес. Оның меңзегені – халықтық сана. 

Ең алдымен ұлт денсаулығын нығайту үшін жүйеге қаты-сушылардың мінез-құлқын өзгерту қажет. Бұл «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ басқарушы директоры Ерік Байжүнісовтің пікірі. Оның айтуынша, себебі, дәрігерлер өз қызметін жетілдіруге ынталандырылмаған, пациенттер өз денсаулығын күтуге, сақтауға құлықсыз. Бұл өз денсаулығына деген жаппай жауапсыздықты тудырған тегін жүйенің салдары. Тегін болған соң қызметтерді пайдалану көлемі де артады, одан ұзын-сонар кезек проблемасы туындайды. Медицина қызметкерлері мен пациенттер арасындағы қарым-қатынас бұзылады. Белгілі бір мөлшерде бекітілген жалақы медициналық қызмет сапасының төмендеуіне және кадр тапшылығына ұрындырды. Ал кез келген қызметке ақы төлеу нормаға айналған қоғам мүшелерінің мінез-құлқы да өзгеше болады. Мысалы, Еуропаның, Америка немесе Жапонияның әр тұрғыны жылына бір рет тексеріліп, ауруды ертерек анықтаудың оңайлығын және оның экономикалық тұрғыдан тиімділігін біледі. 

ДДСҰ мәліметінше, жыл сайын кедейлік қамытын киген 100 млн-ға жуық адамның медициналық қызмет ақысын төлеуге шамасы жетпейді. Сондықтан әр ел өз халқын барынша қорғау мақсатында денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың түрлі үлгілерін енгізіп жатады. Олар бюджеттік қаржыландырудың үлесін арттыруға немесе міндетті медициналық сақтандыру жарналарын енгізуге негізделген. Әлемде сақтандырудың Бисмарк үлгісі (неміс), Бевередж үлгісі (ағылшын) және Семашко үлгісі (кеңестік) деген үш түрі дамыған. «Бевередждің» сақтандыру үлгісі бүгінде Ұлыбритания, Швеция, Дания, Ирландия сияқты бірқатар елдерде кеңінен таралған. Бұл мемлекеттер реттелетін мемлекеттік (бюджеттік) денсаулық сақтау жүйесін негізге ала отырып, оны сақтандыру элементтерімен толықтырған. Мұнда пациенттер мен жұмыс берушілердің жарналары денсаулық саласын қосымша қаржыландыру көзі есебінде қарастырылады. Германия, Австрия, Бельгия, Нидерланд, Швейцария, Орталық және Шығыс Еуропаның өзге де елдері «бисмарктік» сақтандыру үлгісін таңдаған. Мұнда негізгі рөлді міндетті жарна төлейтін жеке кәсіпкерлер атқарады. Ал кеңестік денсаулық сақтау жүйесі бұрынғы социалистік блок елдерінде ғана сақталып қалған. КСРО медицинасы тек экстенсивті сипатта дамыды. Бар күш дәрігерлер, медбикелер мен ауруханадағы орын санын көбейтуге жұмсалды. Емдеу мен диагностика тәсілдерін енгізуге инвестиция салудың орнына «ауруханадағы орын» санын қудық. Бұл кеңестік денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық және идеологиялық тұрғыдан күйреуіне әкеп соқтырды. Мұны әсіресе, 80-90-шы жылдары отандық стационарлар көмегіне жүгінген азаматтар ұмыта қойған жоқ. Ол кезде өзіңмен бірге төсек-орыннан бастап, дәрі-дәрмек, дәке сияқты керек-жарақты ала баруға тура келетін. Себебі, ауқымды көрсеткіштерге негізделген жүйе экономикалық қиын заман туған кезде өміршең еместігін көрсетіп берді. Әдетте халық «ақ халатты абзал жан» деп құрметке бөлеп жататын дәрігер мамандығының беделі төмендеді. Дәрігерлердің 70 пайызын бүгінде әйелдер қауымы құрайды. Ал олардың айлығы орташа статистикалық жалақының 70 пайызынан аспайды. Меди-цина мамандарының жалақысы әлі күнге дейін жұмыс нәтижесіне емес, маманданған саласына, ғылыми және біліктілік дәрежесіне тәуелді. 

Жалпы, денсаулық сақтау саласының өзіндік ерекшеліктері бар және мұнда адам денсаулығына тауар ретінде қарауға болмайды. Бұл саладағы тауар – медициналық қызмет. Бірақ, нарықтық тетіктер бұл жүйеде дұрыс жұмыс істемейді. Себебі, олар шалажансар шектеулермен тежелген. Мысалы, емханалар мен стационарлар мемлекет меншігінде, медициналық сақтандыру нарығы дамымаған, денсаулық сақтау нысандары тек бюджет қаражаты есебінен салынады, тіпті жеке меншік клиникалардың өздері де мемлекеттен көбірек ақша алып, соның есебінен күн көруге тырысады. Жүйенің жаппай орталықтандырылуы және мемлекет тарапынан шектен тыс «реттелуі» жаңа технологиялар мен әдістердің дамуына кедергі келтіреді. 

Бүгінде денсаулық сақтау саласына қаржы жетпейтінін мойындау керек. Себебі, Қазақстан медицина саласына ІЖӨ-нің 3-ақ пайызын бөледі. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері ІЖӨ-нің 8 пайызын, АҚШ 17 пайызын денсаулық саласына бөледі. Осынша қаражат бөлінген соң шетелдік ауруханалардың жабдықталу деңгейі мен дәрігерлердің жалақысы да жоғары болатыны түсінікті. Біздің клиникаларымыздың қазіргі жабдықталу деңгейі шет елдікінен кем түспейді. Бірақ бюджет қаржысының жетіспеуі және қызмет саны мен көлемін қолдан шектеу салдарынан отандық медицина толық дамуға мүмкіндік ала алмай отыр. Дегенмен ІЖӨ-ден қажетті соманы бөлген күнде де ештеңе өзгермейді. Ақша реформаланған ортаға түскен кезде ғана нәтиже бере бастайды. Сондықтан Мемлекет басшысы 5 институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында денсаулық саласын әрі қарай дамыту үшін міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қажеттігін қадап айтты. 

Біз халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлеріне негізделген және оның күнделікті сұраныстарына жауап беретін медициналық идеология қалыптастыруымыз керек. Халықты медициналық қызметпен барынша қамтып, дәрігерлік көмектің қолжетімділігін қам-тамасыз етуге тиіспіз. Осы мақсатта Қазақстан денсаулық сақтау саласындағы түрлі модельдердің жағымды-жағымсыз жақтарын саралай келе, барлық тараптардың мүддесін ескеретін міндетті әлеуметтік ме-дициналық сақтандыру үлгісін таңдады. Әлбетте, бизнес өкілдері бұған скептикалық көзқараспен қарайды. Себебі, өз қызметкерлерінің денсаулығы үшін жауапты болу қиын және бұл міндетті мемлекетке ысыра салу оңай әрі көп шығынды қажет етпейді. Қазіргі технологиялар мен медицинаның даму қарқыны салаға қосымша қаржы құюды талап етеді және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен басқа бұл мәселенің шешімін тауып беретін жол жоқтың қасы. Ұлт денсаулығы үшін ортақ жауапкершілік енгізбейінше медицинаны жаңа деңгейге көтеру мүмкін емес. Ортақ жауапкершілік дегенді шығынды мейлінше азайтып, сырқаттанып қалған жағдайда медициналық көмекті барынша көп алу деп түсінген жөн. Біз төлеген жарналарымыздың дәл қазір аурухананың реанимация бөлімінде жатқандарға немесе орган алмастыруға зәру сырқаттарға көмектесе алатынын түсінуіміз керек. Салық пен сақтандыру жарнасының арасындағы айырмашылық міне, осындай. 

Бүгінде әлемдегі ең үздік деген денсаулық сақтау модельдерінің бәрі аурудың алдын алуға және барлық елде өлім-жітім көрсеткішінің негізгі себебі болып табылатын жұқпалы емес ауруларға қарсы күреске ден қойып отыр. Бұл үрдістің негізінде адамдарды саламатты өмір сүруге, дұрыс тамақтануға және өз денсаулығының қадіріне жете білуге үйрететін өте қарапайым қағида жатыр. Аталған шаралар жиынтығы өлім-жітімді азайтып, халықтың өмірін ұзартуға мүмкіндік бермек. Көпшілік дәрігерге ауруы жанына батқан кезде, тіпті, әбден асқынып кеткенде баратын біздің жүйеде бәріне медицинаның кінәлі болып шыға келетіні жасырын емес. Бұл үрдістің жыл сайын көбеймесе, азаймай отырғаны өкінішті. Сал-дарынан біз тегін дәрі беретін, тиісінше күтім жасайтын стационарларға «ілігуге» барымызды салатын болдық. Көптеген адамдар стационарға жай ғана жатып, өзінің немесе жақындарының денсаулығын тексерткісі келеді. Оған біреу тамыр-таныс арқылы, енді біреулер барлық инстанцияларға шағымдана жүріп қол жеткізеді. Оған қоса, біз бәріміз тамырдан дәрі салдырғанды жақсы көреміз. Дәрігер емдеу қағазына осыны қоспаса ем-домның сапасына, дәрігердің біліктілігіне күмән келтіретініміз де жасырын емес. Өкінішке қарай, әр жылдары енгізілген реформалардың бірде-бірі адамдардың өз денсаулығына және дәрігерге қатысты түсінігі мен мінез-құлқын өзгерте алмады. 

Енді неліктен шет елдің дәрігерлері кішіпейіл келеді, пациенттерді қуана қабылдайды деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Бұл сұрақтың жауабы өте оңай. Себебі, әр пациент оның табыс көзі және оның біліктілігі мен беделі қаншалықты жоғары болса табысы да соншалықты көп болмақ. Ал, бізде қалай? Біздің жүйеде дәрігердің жалақысы оның емдеу ме-кемесінде өткізген уақытына, яғни алатын «ставкасына» тәуелді. Мұндай жағдайда дәрігерлер үшін пациенттердің аз болғаны оңтайлы. Жағдайды түбегейлі өзгерту үшін жүйеге нарықтық қатынастарды енгізу қажет. Мұ-ны елімізде табысты жұмыс істеп келе жатқан және мемлекеттік сектордағы білікті дәрігерлерді жинап алатын жеке клиникалардың тәжірибесінен бай-қауға болады. 

Сақтандыру пациентке клиниканы да, емдейтін дәрігерді де таңдау құқығын береді. Өйткені, ол жүйеге ақша әкелетін негізгі қатысушы және пациент қанша көп келсе аурухана мен білікті дәрігер де ақшаны сонша көп алуы тиіс. Мемлекеттік секторға бұл модельді енгізу қиын. Себебі, бюджеттен бөлінген қаржыны бас дәрігер бөліске салады. Ал сол ақшаны тапқан дәрігер белгілі бір мөлшерде бекітілген жалақыны қанағат тұтуға мәжбүр. Бұдан жүйеге қатысушылардың мінез-құлқын өзгерту қажет деген екінші қорытынды шығады. Сақтандыру медицинасы дәрігерлерге еңбекақыны сағатына қарап емес, атқарған еңбегіне қарай төлеу жүйесіне көшуге негізделген. Бұл емханалардың пациенттерді аз шығынмен тез емдеп жазуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізуіне мүмкіндік береді. Нәтижесінде емделуші емхана мен дәрігер таңдау құқығына ие болады және жүйе жұмысындағы басты буынға айналады, дәрігер еңбекақысы көбейген соң біліктілік деңгейін арттырып отыруға ынталы болады, мемлекет халықтың сұранысына жауап беретін, пациентке ба-ғытталған медицинаға қол жеткізеді. 

Санжар Асфендияров жайлы он дерек
Заңда фамилияны қандай жағдайда өзгертуге болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу