Әлеуметтік желідегі қазақстандық жас миллионерлер

Oinet.kz 22-11-2019 1459

«Ералаш» естеріңізде ме? Совет Одағының дүрілдеп тұрған тұсында қалың көрерменге жол тартқан Ералаш әзіл-сықақ киножурналы талай баланың жүрегінен орын алып үлгерді. Бұл киножурналда мектеп оқушыларының өмірі позитивті түрде көрсетіле отырып, көрермендерді күлкіге қарқ қылды. Жұрт әрбір нөмірін асыға күтумен болды. Сол тұста Ералаш өз миссиясын толық орындады деуге болады. Киножурналда өтірік өрге баспайтыны айтылып, балаларды білімге, достыққа, ең бастысы мейірімге шақырды.

Screenshot_5.jpg

 Одақ ыдырап, ғасырлар тоғысында Ералаш бұрынғы деңгейінен құлдырады. Себебі, киножурнал бәсекеге төтеп бере алмады. Балалар уақытты теледидар алдында емес, Instagram, Facebook секілді әлеуметтік желіде өткізетін болды. Осылайша, желіде Ералаш секілді әзіл-сықаққа құрылған қысқа фильмдер топтамасы жарық көре бастады. Бұл фильмдерді қолында ұялы телефоны кез-келген адам түсіре алады. Дегенмен, фильмді күнделікті түсіру, оны әлеуметтік желіге жүктеп, жаңартып отыру оңай емес. Міне, осы миға салмақ салатын ауыр жұмысты ұршықша иіріп, көрермендерді күн сайын жаңа фильмдермен қуантып отыратын топтар пайда болды. Оларды жастар арасында «вайнерлер» (viner) деп атады. Вайнерлер – фильмге сценариін жазатын, оған режиссерлік жасап және басты рөлде өздері ойнайтын еңбекқор шығармашыл жастар. Вайнерлер өз еңбектерін Instagram әлеуметтік желісіне жүктеп отырды. Себебі, есі кіресілі-шығасылы балалар мен жастар шоғыры осында. Ал, Facebok желісінде ересек кісілер отыратындықтан, олар мұнда шикі дүниелерімен бақтарын сынап көруге жүрексінді.

Сонымен, 2015 жылы шығармашыл жастар желіден парақшалар ашып, фильмдерін сонда тоғытуды бастап кетті. Бастапқыда парақшаға 100 адам, одан кейін 500 адам, уақыт өте келе 100 мың, 500 мыңға дейін адам жазыла бастады. Неліктен? Себебі, шығармашыл жастар бүгінгі таңда өзекті болып жатқан тақырыптарды көрермендерге трагедия түрінде емес, әзіл ретінде жеткізе білді. Мысалы, жақында ұшақта қазақ тілін білмейтін стюардесса мен одан қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен жолаушыға байланысты орын алған жағдайды алайық. Шындығына келсек, бұл өте өзекті мәселе. Міне, осы жағдайға байланысты вайнерлер шама-шарқынша түрлі фильмдер түсірді. Әр вайнер фильмде өз көзқарастарын білдіреді. Әрине, талғамдағы секілді, көзқараста да талас жоқ. Көрермендер ақ-қарасын өздері ажыратуға тырысып, форумда бір-бірімен қырық-пышақ боп керісіп жатты. 

Сонымен, жастарды баурап алатындай бұл не қылған фильмдер? Теледидардан әзіл-сықақ фильмдері жиі беріледі? Неге теледидардағы фильмдер емес, әлеуметтік желідегі фильмдер жастар арасында резонанс тудырды? Себебі, мұндағы фильмдер бар- жоғы 15 секундтан 1 минутқа дейін созылады. Көріп тұрғандарыңыздай, өте қысқа. Бірақ, кәсіби шығармашыл жастар осы 1 минутқа талай нәрсені сыйдыра алады. Фильмді көріп болған соң, оны форумда фильм авторымен бірге талқылай аласыз. Мінекей, вайнерлер түсірген фильмдер осынысымен құнды. Бүгінде заманда қалың кітап оқуға ерінетін, тіпті толық метражды фильмді көруге ерінетін тым жалқау жастар үшін бұл таптырмас ермек.

2 жыл ішінде мұндай қысқа әрі нұсқа фильмдерге сұраныс күрт артты. Сұранысқа орай, вайнерлер де танымалдылыққа ие бола бастады. Тіпті, кей вайнерлік жобалар бренд болып қалыптасты. Мысалы, шартты түрде алсақ, «Қазақфильм», «Союзмультфильм» секілді. Мінекей, уақыт өте келе осы брендтерге коммерциялық ұсыныстар түсе бастады. Бұрын өмірдегі қызықты оқиғалар мен өзекті тақырыптарда бейнематериалдар түсіріп жүрген вайнерлер енді жарнамалық роликтер түсіретін болды. Теледидардағы жарнамадан ерекшелігі – мұндағы жарнама көркем стильде түсіріледі. Және жарнама көбіне жасырын түрде беріледі. Яғни, насихат секілді. Жастар көбіне теледидардағы жарнамаға емес, осындай көркем жарнамаларға сенім артатын болды. Мұны статистикалық деректер растайды. Яғни, бір IT компания әлеуметтік желіде кең танымалдыққа ие болған «Yuframe» атты жобаның вайнерлеріне жарнама түсіртіп, парақшаларында жариялатқан. Нәтижесінде, компанияның табысы күрт артқан. Бұл қалай? Сөйтсек, қазақстандық «Yuframe» әзіл-сықақ жобасына Instagram парақшасында 3 миллионға жуық адам тіркелген. Бұл Қазақстандағы аудиториясы ең көп жоба. Атышулы Баян Есентаева 2,5 миллионнан астам оқырманымен екінші орында келеді. 

Yuframe өз парақшасында жарияланған әрбір жарнамалық материалға 700 мың теңгеден бастап 1 миллион теңгеге дейін қаламақы алады. Неге? – Yuframe қазақстандық вайнерлік жобалар арасында көш бастап тұр. Біздің парақшадағы әрбір бейнематериалды орташа есеппен 1 миллионға жуық адам қарайды. Осыдан-ақ біздің жазылушылар боттар емес, шынайы адамдар екенін байқауға болады. Бізді жұмысшылар, кәсіпкерлер, студенттер, оқушылар, т.б тамашалайды. Көбіне оқушылар мен студенттер. Олар өте белсенді болады. Біздің фильмдерды қызу талқылап жатады. Танымалдылығымыздың сыры осында деп білемін. Сондықтан да жарнама берушілер көбіне бізді таңдап жатады. Енді 5 жылдан кейін жазылушылар төлем жасауға қабілетті аудиторияға айналады. Бұл біз үшін өте тиімді, - дейді Yuframe жобасының директоры Расул Абдуллаев. 

Ең қызығы, Yuframe Қазақстанға сырттан ақша әкеледі. Яғни, Ресейлік компаниялар қазақстандық Yuframe-ға жарнама беруде. Осы арқылы ел қазынасына кіріс түсуде. Себебі, Yuframe жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, уақтылы салықтарын төлеуде. 

Бүгінде Yuframe тек жарнамалық бейнероликтер түсіріп қана қоймай, көптеген асхана, білім беру орталықтарымен серіктестік орнатқан. Яғни, Yuframe брендіне арқа сүйеген коммерциялық нысандар үлестерін төлеп тұрады. Өз кезегінде Yuframe әрқашан оларды насихаттап жүреді. Сонымен қатар, Yuframe жобасындағы қыз-жігіттер түрлі мерекелік іс-шараларды жүргізу арқылы ақша табады. 

Yuframe жобасына еліктеп, көптеген жастар өз жобаларын жүргізіп жатыр. Мысалы, дәл қазір қазақтілді жастар арасында XaXa show, Kartop.Tv секілді жобалар танылып келеді.

Абай Құнанбай қарасөздерінің бірінде қалай да болса мал табу керектігін айтқан еді. Бүгінде жастар малды қара күшпен емес, креативті оймен, ақыл-санамен тауып келеді. Әрине, бұған қуанасыз.

Әлемді мейірім құтқарады... Ал әйгілі өнер жұлдыздары қаншалықты қайырымды?
Болат Жылқышиев. Мемлекетшіл азамат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу