Болат Жылқышиев. Мемлекетшіл азамат

Oinet.kz 22-09-2017 1573

Алғабас ауылының тұрғындары оның сол күнгі әрекетін ерлікке балай отырып, әлі күнге дейін үлгі ете еске алады. Сол жылы тосын мінез танытқан табиғат жергілікті жұртты қатты алаңдатқан-ды. Қалың жауған қар құрсауында қалған ауыл тұрғындары сыртқа шығар жол ашып әбігерге түсті. Үйінді қарды күреп,  үйден шығар-ау, бірақ аудан-ауылмен қатынасты ойлап үрейленгендері де аз емес. Жол ашылмай байланыс үзілсе қайтпек?! Осынау бір қиын сәтте, қалың қарды бұза-жара қарда жүретін көлікпен жалғыз жеткен облыс әкімі Болат Жылқышиевті көрген жұрттың бойындағы үрей сол сәтте-ақ сейілген болатын.

Screenshot_13.jpg

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның; «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейтін тамаша сөзі бар. Біз әңгіме етіп отырған мемлекетшіл азаматтың бойында ерекше мінез бар. Иә, Болат Жылқышиев елге қызмет қылуды лауазым немесе мәр­тебе ретінде емес, мінез ретінде қабылдайтын секілді. Болат Әбжаппарұлы мемлекеттің дамуы, бұқара­ның игілігі жолында, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуы үшін жан аямай қызмет ететін мемлекетшіл азамат екенін мінсіз қызметімен дәлелдеп келеді. Ел үшін жасайтын қызметті өзінің азаматтық борышы екенін жанымен түсіне алатын жан. Болат Жылқышиев жөнінде жазуға отырғанда ең алдымен қазақтың біртуар ұлы Жүсіпбек Аймауыт­ұлының «Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын», – деген қанатты сөзі ойға оралған-ды. 

Иә, ілгеріде жұрт тұрғыны мол, аумағы үлкен, тірлігі көп Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған Болат Әбжаппарұлының өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдан да, қоғамдық-саяси аурадан да шу шығармай тып-тыныш тірлігін тындырып жүргенін жоғары бағалаған болатын. Өсу баспалдағы облыс әкімінің орынбасары, департамент бастығы, қала әкімі арқылы өрілген Б.Жылқышиевтің облыс басшылығына келуі бұрын-соңды өлкенің жылнамасында жазылмаған жаңалық болған. Бұл қызметте ол өңір тұрғындары айта жүрер тың бастамалар көтеріп, жүзеге асырды. Мысалы, Қонаев даңғылын ұзартты. Бір ғана „Нұрсәт“ шағынауданын салумен-ақ  қолтаңбасы қалыптасты десек те болады. Кентаудың мүшкіл хәлін көтеріп, Шымкентті көркейтті. Облыс бойынша 2005 жылы  27 643 млн. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылыпты. Жаңадан 75 мектеп салынды. Ана өлімі 52 пайызға төмендеді.  Облыстағы кәсіпорындар саны 35 709-ға көбейді. Елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне көп көңіл бөлінді. 2000 жылы құбыр суымен қамтамасыз етілген елді мекендер саны — 340 болса, 2005 жылы  оған 46 ауыл қосылды. Осылайша облыс бойынша таза сумен қамтылған ауыл 43 пайызға жеткен. Жылқышиев тізгін ұстаған 4 жыл ішінде жалпы аймақтық өнімнің өсімі 40 пайызға жетіп, 275,8 миллиард теңгені құраған. Сол бір жылдары оңтүстікте шу көбіне кадр тағайындауда адамдарды алалаудан, жершілдікке, жікшілдікке бөлінуден шығатын. Мұндай өсек-аяңды өрбітпестен, Жылқышиев іс тетігін шешетін командасындағы кадрларды жастардан жасақтады. Аудандық, ауылдық деңгейдегі атқарушы биліктің абырой-беделін арттыруға ұмтылды. 

Айталық, бұрын облыстық бюджетке жәутеңдеп жүретін полицияны қаржыландыру әр ауданның жергілікті бюджетіне жүктелді. Тәртіп сақшыларын қолдау мақсатында облыстық бюджет қаржысынан полицейлерге 50 автокөлік сыйға тартылды. Озаттығымен танылған ауыл әкімдеріне де отыздан астам «темір тұлпардың» кілтін тапсырды. Диқандар үшін ауадай қажет машина-трактор стансалары құрылды. Мамандығы инженер-механик, инженер-экономист әкім өнеркәсіп саласын жандандырды. Ұзақ жылғы «ұйқысынан оянып», тіршілік көшіне қайта ілескен 43 кәсіпорынға 5421 адам жұмысқа тұрды. Өңірге инвестиция тарту қарқынды жүргізілді. Сол жылдары әлемнің 55 мемлекетімен экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асырған оңтүстікқазақстандықтардың сыртқы сауда айналымы 277 миллион АҚШ долларына жетті. Облыста 16 ауылдық несие серіктестігі жұмыс істеп, 2005 жылы егін және мал шаруашылығына 1916 миллион несие берілген. Мал тұқымын асылдандыруға бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі артты. Отырар , Бәйдібек, Шардара аудандарының экологиясы, экономикасы нашарлығы ескеріліп, арнайы бағдарлама түзілді. Айта берсек, тың бастама оң өзгеріс көп.

Облысты басқаруға дейінгі қызметтерінде де Болат Әбжаппараұлы өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Мысалы, Тараз қаласын тоқсаныншы жылдары біліктілікпен басқара білген Болат Әбжапарұлының «Тараз қаласының құрметті азаматы» атануы көп жәйтті аңғартады.  Ел тарихында ерекше есте қалатын бұл жылдар Тәуелсіздіктің туы жаңадан тігіліп, елдегі қоғамдық-психологиялық ахуал да, әлеуметтік-экономикалық жағдай да өтпелі қиындықтарды бастан кешіруі салдарынан «тар жол, тайғақ кешуге» толы кезең еді. Қысқа жіп күрмеуге келмеген күрделі кезеңде жоқтан бар жасап, өте сын сағатта тірліктің көзін тапқан іскерлігін, ұйымдастырушылық қарым-қабілетін даусыз дәлелдеді. Тараз қаласының әкімі қызметі Болат Жылқышиевтің өмір жолындағы жарқын, сонымен бірге үлкен белестерге жол ашқан кезең болды. Бұдан кейін ол Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, басқарма басшысы, Кентау, Шымкент қалаларының әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Ал, 2002 жылы Елбасы оған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымын сеніп тапсырғаны белгілі. Өзіне жүктелген міндеттерді әрдайым мүлтіксіз орындауға ұмтылып, ұлтқа, ел-жұртқа пайдасы мол талай оң бастамаларды сәтті жүзеге асырған, сый-құрметке кенелген  абзал азамат бұдан кейінгі жылдары Сенат депутаты атанды. Сенаттың депутаттық корпусындағы беделді комитетті басқарды. Өткенге көз жүгіртсек, Кентау, Шымкент қалаларының тұрғындары үнемі айтып отыратын игі істері жетерлік. Мысалы, кезінде тірлігі тұралаған Кентауға Б.Жылқышиевті әкім етіп тағайындаған сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «ахуалды түзетіп, әл-ауқатын көтеруді» жүктегені мәлім. Ол кезде жағдай тіпті қиын еді. Жәрдемақысын ала алмаған әйелдер әкімшіліктің ғимаратында түнейтін. Әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмаған мүгедектер ғимараттың алдында тұратын. Сол ахуалды да Б.Жылқышиев толық ретке келтірді. Шымкентте 2001 жылдары тіпті коммуналдық мәселелер де ушығып тұрған болатын. Оны шешті. Қаланы гүлдендірді. Ол кезде қазіргідей ағыл-тегіл бюджет те жоқ болатын. Соған қарамастан там-тұмдаған қаржымен-ақ талай істі тындырды. Сондай-ақ, қазағы қалың оңтүстік жұртының жадында жатталып қалған тағы бір игі қадам, жиналыстардың, барлық іс-қағаздардың облыс көлемінде мемлекеттік тілде жүргізілуі еді. Мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде ұлтжанды Болат Жылқышиев Сенат депу­таты ретінде де бел­сенділік танытты. Мемлекеттік қызмет туралы заң қабылданарда Б. Жыл­қы­шиев: 

– «Мем­лекеттік қызметке келген әрбір адамның мем­лекеттік тілді білуін міндеттей­тін уақыт келді. Заң қа­былда­на­тын болған соң, талапты да кү­шейту керек шығар. Егемен­діктің 20 жылы өтті, сол 20 жылда үй­рен­гісі келгендер үйренді, үй­рен­гісі келмегендерге міндеттеу мәселесін заңға енгізу керек. Мем­­лекеттік қызметкерге мем­лекеттік тілді білуді міндеттеу керек», – деп кесіп айтты. 

Осы арада айта кетелік, сенатор Жылқышиевтің депутаттық сауалдарының көпшілігі оңтүстікте орын алып жатқан мәселелерге қатысты болды. Мәселен, облыстық балалар ауруханасының іске қосылуы. Аурухананың құрылысы бітпей қалғанда сенатор Б.Жылқышиев сол кездегі Экономика министрі Бақыт Сұлтановқа тікелей шыққан соң, қаржы бөлінді. Қазір аурухана ел игілігіне қызмет етуде. Сондай-ақ, сенатор Қазығұрт ауданындағы 8 ауылды газбен қамту жұмысына да белсене кірісіп, облыстан бір тиын қаржы сұрамай, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен газдандыру мәселесін де шешіп берді.

Бүгінгі таңда қала көркін аша түскен Шымкенттiң жаңа әкiмшiлiк-iскерлiк орталығын салу мәселесі де облысты Б.Жылқышиев басқарған жылдары жоғары деңгейде көтерілген екен. Ал одан бұрын облысты абыройлы азамат Асанбай Асқаров басқарған тоқсаныншы жылдарға дейiнгi кездiң өзiнде қаланың бас жоспары жасалып, жоба бойынша қазiргi Қонаев даңғылы мен Байтұрсынов көшесiнiң аумағында жаңа әкiмшiлiк-iскерлiк орталық, көпқабатты үйлер салынуы тиiс болған. Бiрақ бас жоспарды жүзеге асыру басталар тұста Асанбай Асқаров қудаланып, қызметiнен босады. Орталық болады деген жерлер ту-талапайға түстi. Одан кейiнгi аралықта Шымкенттiң бас жоспарын жасауды бiлiктi басшы Болат Жылқышиев  қолға алды. Бұл жобада әкiмшiлiк-iскерлiк орталық қазiргi “Тұран” ықшамауданынан салынатын болып шешiлген едi. Шымқалаға кiре берiс маңайдағы тегiс, ашық, биiк алқапқа өте дұрыс таңдау түскен. Жалпы кез келген бас жоспардың орындалу мер­зiмi болады. Бұл бас жоспар мен Шымқаладағы халық санының көбеюi арасында үйлесiм болмады. Әкiм­шiлiк-iскерлiк орталық салуды бастаудың қаржысы бөлiнедi дегенше халық саны алдын ала жасалған болжамнан асып кеттi. Жылқышиев қызмет ауыстырды. Дегенмен бастапқы тың бастама бүгінде жүзеге асырылып келеді.

Біз жоғарыда мемлекетшіл азаматтың жүзеге асырған игі бастамаларының, нәтижелі жұмыстарының бірқатарын ғана атап өттік. Қазақтың танымында «текті» деген әдемі сөз бар. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген ғажайып ұғымдағы бірінші қыр осы – тектілік болса керек. Текті болу бай-бағлан болумен, ата-баба­сының ұлық немесе әкімқара болуымен өлшенбейтіні және мәлім. Тектілік – адалдықты ту етіп, ақылы мен еңбегіне ғана сенген, ұлттың танымын отбасылық ұстаным қылған әулет­терге қатысты айтылатын ұғым. Осы орайда, Жылқышиевтарды жұрт текті әулетке жатқызатынын айта кетелік. Әкесі Әбжаппар облыс деңгейінде басшылық қызметтер атқаруымен ғана емес, жазушылығымен де елге танымал болған жан. Жазушының ұлы да қай деңгейдегі лауазымды қызметте болсын еңбекқорлығымен, іскерлігімен, адалдығымен және басқа көптеген жақсы қасиеттерімен ел алғысына бөленді. Еліміздің өсіп-өркендеуіне сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, бірнеше мемлекеттік наградалармен марапатталған, бүгінгі күні халыққа қызметін өндірісте жалғастырып келе жатқан Болат Жылқышиев ағамыз асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Ұлттық ұстын, ұлттық тәлім, ұлттық құндылықтардың ең нәзігі, ең қажеттісі, ең сүбелісі – бала тәрбиесі екені анық. Бұл орайда, Болат ағамыз өмірде өз орнын тауып, отбасылы болған үш ұлынан тараған немерелерінің қызығын көріп отырған бақытты ата.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

18 қыркүйек 2017 жыл

Әлеуметтік желідегі қазақстандық жас миллионерлер
​Жұмат Әнесұлы. Жүз жылға созылған қуғын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу