Ордабасылық кәсіпорындар өнімдерін экспортқа шығаруда
Ордабасы ауданында барлық сала бойынша ілгерілеушілік байқалады. Ауданды басқарып отырған әкім Әліпбек Өсербаевтың айтуынша, ауданды сипаттайтын басты көрсеткіш – жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 55 млрд 353 млн 500 мың теңге болған немесе былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,2%-ға артқан. Оның ішінде өнеркәсіп саласына 24,1 пайыз (13,3 млрд теңге), ауылшаруашылық саласына 57,1 пайыз (31,6 млрд теңге), орындалған құрылыс жұмыстары 8 пайыз (4,5 млрд теңге), тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне 10,8 пайызы (5,9 млрд теңге) тиесілі. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 456 300 теңге болып, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55 700 теңгеге артқан. Өнеркәсіп саласында қаңтар-қыркүйек айларында 13 млрд 313 млн 132 мың теңгенiң өнімі өндіріліп, өсім 3,5%-ды құраған. Өнеркәсіптің басым саласы өңдеу өнеркәсібінде 11 млрд 921 млн 456 мың теңгенің өнімі өндірілген. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, биылғы 9 айда 8 кәсіпорын жалпы құны 2 млрд 862 млн 800 мың теңге болатын 5804,6 тонна өнімді экспортқа жіберген. Мысалы, «Ордабасы құс» ЖШС 663,1 тонна күрке тауық етін, «Аделя» шаруа қожалығы 934,7 тонна көкөніс өнімін Ресейге, «Ордабасы нан» ЖШС 721,3 тонна өндірілген жоғарғы сұрыпты бидай ұнының 80%-ын Өзбекстанға, сондай-ақ бірқатар кәсіпорындар мақта талшығын Чехия, Белоруссияға экспорттаған. Ал ауданға тартылған инвестиция көлемі 14 млрд 955 млн теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 161,3%-ды құрап отыр. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, қаңтар-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі – 31 млрд 619 млн 900 мың теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5 млрд 770 млн 600 мың теңгеге артқан. Мал шаруашылығы саласын дамытудың негізгі көрсеткіштері мал басы мен өнімдерін ұлғайтуға және асыл тұқымды мал басының үлесін арттыруға бағытталған ауданда қаңтар-қыркүйек айларында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, ірі қара мал – 110%-ға (72 мың бас), жылқы – 107,5% (24,1 мың бас) қой – 100,1%-ға (361,4 мың), ешкі – 13,4%-ға (15,5 мың) құстың барлық түрлері – 115,2%-ға (560,6 мың бас) өсті. Жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемін 40 млрд 157 млн теңгеге, ауыл шаруашылығы негізгі капиталына тартылатын инвестиция көлемін 7 млрд теңгеге жеткізу, жылыжай көлемін 3,1 гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Сондай-ақ биыл Бадам өндірістік аймағында орналасқан «Green Technology industries» ЖШС Шанхай, Гонконг елдерінің инновациялық технологияларын пайдаланып, полиэтилен бұйымдарын қайта өңдеу арқылы синтепон талшығын өндіру зауытының екінші кезеңін іске қоспақ. Ал 2020 жылы 22 млрд 300 млн теңгеге 2 инвестициялық жоба 415 жұмыс орнымен ашылады деп жоспарлануда.