20 отбасы пәтерлі болды
Ордабасы ауданының 55 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді. Дүбірлі тойға Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты. Аудан орталығы Темірлан қаласындағы Қажымұқан атындағы орталық стадионда өткен мерекеде түрлі бағдарламалар ұйымдастырылды. «Алтын күз» айдары бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің, қолөнер шеберлерінің және түрлі ұлт өкілдерінің көрмесі ұсынылды. Мерейтойға арналған салтанатты жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданының 10 азаматын «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, ал аудан әкімі Әліпбек Өсербаев жылдың үздік шаруаларын, ауылшаруашылық еңбеккерлерін ауданның 55 жылдық мерекелік медалімен марапаттады. Аудандық мәдениет үйінде «Тарихқа тұнған Ордабасы» ғылыми-танымдық конференциясы ұйымдастырылып, аудан әкімі Ә.Өсербаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы І.Жүсіп, ОҚО педагогикалық университетінің проректоры Б.Қашқынқызы баяндама жасады. Ал орталық стадионда Өзбекстан, Қытай елдерінен келген өнерпаздардың қатысуымен халықаралық ақындар айтысы өткізіліп, бас жүлдені түркістандық Карима Оралова иеленді. Сондай- ақ атаулы мерекеге орай аудан орталығы Темірлан елді мекенінде жаңадан бой көтерген тұрғын үйден көп балалы және аз қамтылған 20 отбасына пәтер кілті табыс етілді. Көпшілікке «Күш атасын танымас» ұлттық спорт ойындары көрсетіліп, мерекелік іс-шара эстрада жұлдыздарының шеруімен жалғасты. Аттың құлағында ойнаған жігіттер, күміс көмей әншілер, күйшілер мен бишілер де бұл тойда аянып қалмады. «Ән мен әнші» эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы мерекенің шырайын ашып, Ордабасы жұртшылығына керемет көңіл күй сыйлады.