«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірнеше нысан ашылды
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Ордабасы ауданында бірталай шаруа атқарылған. Мәселен, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша 1171 іс-шара ұйымдастырылса, «Өлкетану» бағыты бойынша 250 түрлі форматтағы іс-шара өткізіліп, оған 8125 адам қатысқан. Сондай-ақ «Отаным тағдырым», «Саналы азамат» бағыттары бойынша да өткізілген іс-шаралардың мағынасы мен қамтылуына мән берілген. Аудандағы 50 мектеп кітапханасында «100 жаңа есім» бойынша көрме ұйымдастырылып, ақпараттық сабақтар өткізілген, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында 50 аудио, бейне байқаулар ұйымдастырылған. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша 133 іс-шара өткен. Елбасы мақаласында басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керектігі, қалыпты және шынайы патриоттық сезімге тыйым салмай, керісінше ынталандыру қажеттігі айтылған-ды. Бұл орайда ауданда «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде, демеушілер есебінен ауыл округтерінде спорттық алаңшалар мен бөбекжайлар, 1 200 млн теңгеге емхана салынып, 700 млн теңгеге 70 жатын орнымен Бөржар ауыл округіндегі «Қайнар» емдеу-сауықтыру орталығы ұлғайтылды. Ал «Жомарт жүрек» жобасы аясында «Бөрте милка» ЖШС-нің директоры Н.Әбішев аз қамтамасыз етілген екі қызметкеріне тұрғын үй алып берсе, «Агро 5» ЖШС 2-топ мүгедектігі бар Дәрібаевтар отбасына қаржылай көмек берді. Жалпы аудан көлеміндегі 127 кәсіпкермен «Мектепке жол» акциясы аясында 250 балаға жалпы соммасы 3 млн 750 мың теңгеге көмек көрсетілген. Бағдарлама аясындағы игі істер жалғасын табуда.