Мақтаның тоннасы 150 мың теңге

Oinet.kz 04-10-2019 641

Screenshot_5.jpg

Оңтүстіктің бағына әрі мақтанышына айналған мақтаның түсімі биыл жаман болған жоқ. Ресми мәліметтерге сүйенсек Түркістан облысы бойынша ағымдағы жылы 131 мың гектар алқапқа мақта дақылы егілген. Шаруалар  343,6 мың тонна шитті мақта жинауды жоспарлап отыр. Өңірде бүгінгі таңда 25,8 мың тонна шитті мақта жиналған, ол жалпы қордың 8%-ы. Аймақта қайта өңдеумен айналысатын 16 зауыттың 7-і шитті мақтаның 1 тоннасын 150 мың теңгеден қабылдауды бастады. 

Түркістан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша облыс аумағында жиналған шитті мақтаны алғашқы өңдеуден өткізетін 16 лицензияланған мақта өңдеу кәсіпорындарының 184 қабылдау бекеттері жұмыс істеуде.

«Шаруаларды қолдауға орай, өнімдерге субсидия төленетін болады. Бұл бағытқа 1,9 млрд.теңге қаржы қаралған. Мәселен, мақта өніміне субсидия алу үшін мақта өңдеу зауытына қайта өңдеуге тапсырылған шитті мақтаның 1 тоннасына 12 мың теңге төленсе, қайта өңдеуге тапсырылған немесе сәйкестік сертификаты бар өңдеуге өткізілген күріштің 1 тоннасына 4 мың теңге субсидия беріледі», - деді Нұрбек Бақтыбайұлы.

Айта кетерлігі, шаруалар субсидия алу үшін өзінде қайта өңдеу кәсіпорнымен жасалған ауыл шаруашылығы өнімін тапсыру туралы шарттардың, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорны мен ауылшартауарөндіруші немесе ауылшаркооперативі арасында ауыл шаруашылығы өнімін беруді растайтын құжаттардың және қайта өңдеу кәсіпорны шеккен шығындарды растайтын төлем құжаттары болуы қажет.


Жетісайда 60 пәтерлі тұрғын үй бой көтермек
Имам – ел біріктіруші дәнекер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу