Төлебиліктер "Олимпиада шыңын" қабылдап алды
Түркістан облысында "Олимпиада шыңы" эстафетасы бастау алғаны белгілі. Эстафетаның мақсаты – жастардың бойына «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Прагматизм», «Бәсекеге қабілеттілік» басымдығын сіңіру, пайдалы істермен айналысу, өзін-өзі жетілдіру, уақытты тиімді пайдалануға үйрету және баулу. Сондай-ақ, жастарымыздың болашақта «Олимпиада шыңын» бағындырып, чемпион болуға жол ашу.
Аталмыш эстафетаны алғаш болып арыстық тұрғындар бастап, шардара ауданына жолдаған болатын. Енді міне, шардаралықтар Төле би ауданына жолдап отыр. Леңгір қаласының орталық «Жастық» стадионында өткен жарыста жасөспірімдер баскетбол, футбол, волейбол спорт түрлерінен өзара сынға түсті.
Жарыстың ашылу салтанатына Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Р.Бейсебаева мен Ленгір қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ғ.Ордабаев арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Жасөспірімдерге демеушілер есебінен алынған аяғын мықтауға, жүгіруге арналған тренажер құрылғысы, күрес матрастары, арнайы спорттық киімдер, татами, жаттығуға арналған құрал жабдықтар сыйға тартылды. «Жастар жылына» орай ұйымдастырылған жарыс нәтижесінде футболдан 1-орынды Киелітас командасы иеленді. Ал, 2-орынға Ленгір , 3-орынға Көксәйек командалары қол жеткізді. Волейболдан жүлделі орындарды Леңгір қаласының үш командасы өзара бөлісті. Баскетбол ойынынан да аталған командалар мықтылығын көрсетті. Іс-шара соңында «Олимпиада шыңы» атты эстафета кубогы Төлеби ауданынан Қазығұрт ауданына табысталды.
Спорт – денсаулық кепілі». Салауатты өмір салтын ұстанып, болашақта олимпиада шының бағындыру, көк туымызды көкте қалықтатып, әнұранымызды әлемдік додаларда шырқату. Осылайша ұрандатқан төлебилік спортшылар аталған шарадан керемет көңіл күймен тарқасты.