Киелі мекен
Ордабасы ауданының құрылғанына 55 жыл толуына орай Төрткүл ауылында тарихи-танымдық конференция өтті. Жиын Төрткүл ауылының тарихы мен шежіресіне арналды. Ауыл азаматтары өлкесінің сыры мен өткенін жас ұрпаққа баяндап, ұлағатты әңгімелер айтты.
«Туған жердің әр тасы, біздің алтын тағымыз» тақырыбында өткен жиында тарихшылар мен ауыл ақсақалдары ауыл атауына аса мән берді. «Ертедегі Ұлы Жібек Жолының бойына орналасқан Төрткүл өңірінің топырағы, суы, ауасы ойшыл бабаларымыздың рухымен нәрленген десек артық айтпаймыз. Мұнда талайлардың киелі ізі қалған. Соның бір дәлелі деп Төрткүл төбесін айтуға болады. Ауылдың шетінде мен мұндалап көзге көрініп тұрған төбе расында төртбұрышты» дейді қариялар. Атауына сәйкес келіп тұрған бұл маңға археологиялық қазбалар жүргізілгенде ыдыс сынықтары мен дәнүккіш табылыпты. Тарихшылар 6-11 ғасырларда өмір сүрген қала осы төбенің астында қалғанын анықтаған деседі. Бұл маңда ата-жұрты атам заманнан бері тұрақтаған қазыналы қарттар қыш құмыраның сынықтары тарыдай шашылып жататын төбені киелі дейді. Киесі топырағын түрттіруге жол бермейтін төбеге әлі де археологиялық зерттеулер жүретіні анық.