«Оңтүстік – достық мекені»
Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс әкімі аппаратының "Қоғамдық келісім" КММ-ң ұйымдастыруымен Сайрам ауданында орналасқан Анвар Исмаилов атындағы кәсіптік колледждің мәжіліс залында «Оңтүстік – достық мекені» жобасы аясында кездесу болып өтті.
Кездесу барысында облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Бациев Хасан Шаевич және жастар жанашыры «Pro Mentor» ЖШС-ң директоры Джамалов Асылбек Достмухамедұлы қатысып, әртүрлі этнос өкілдерінің жастарына өңірдегі тұрақтылық пен этносаралық татулықты насихаттады. Сондай-ақ Елбасының «100 нақты қадам» - Ұлт жоспары аясында қазақстандық біртектілікті, қоғамдық келісім мен бірлікті, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мақсаттар мен міндеттерді де жастарға түсіндіріп өтті. «Қазақстан әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем елдердің бірі. Біздің елімізде сан ұлттың өкілі татулық пен достықтың буынын бекітіп, әлемдік дамудың көшбасшысы болуға ұмтылып келеді. Мемлекеттің бірден-бір алға қойып мақтанар айнасы – этносаралық татуластық. Қазақстан жерінде 130-дан аса ұлт өкілдері татулықта өмір сүріп келеді. Бізбен көршілес кей елдердегі, тіпті алыстағы көптеген мемлекеттер өз ішінде дау-дамай туғызып, жанжалдасып, қанды шайқасқа дейін баратындары жайлы құлағымыз естіп, көріміз көрген. Соларға біздің «Жұмылғанда жұдырық, ашылғанда алақан» болып отырғанымыз үлкен сабақ болуы керек» деді ұйымдастырушылар.
Сонымен қатар, кездесуге қатысқан аудандық Қоғамдық келісім және ардагерлер кеңесінің төрағасы, Аналар кеңесінің төрайымы сөз алып, жастарға өздерінің өмірлік тәжірибелері мен жетістіктері туралы айтып өтті.