Kaspi Bank акционерінің мүлкіне арест қойылды

Oinet.kz 06-10-2019 1326

photo_260888.jpg

Baring Vostok қорының негізін қалаушы, Kaspi Bank акционері Майкл Калвидің Ресейдегі бар мүлкіне арест қойылды. Бұған қоса, америкалық кәсіпкер ісі бойынша айыпталған өзге азаматтардың да мүлкіне арест салынды. Бұл ақпаратты қор өкілдері мен инвестор заңгеріне сілтеме жасаған "Интерфакс" агенттігі хабарлады.

Сот шешіміне сәйкес, кәсіпкердің әйелі мен бала-шағасы тұрып жатқан пәтерлер де арестке алынған. Калви адвокаты сот шешімін апелляцияға беретінін айтты.

52 жастағы Майкл Калви биыл ақпан айында қамауға алынған. Тергеушілер кәсіпкерді "Восточный" банкінен 2,5 миллиард рубль ұрлау үшін алаяқтық схема құрды деп айыптады. Іс осы банктің директорлар кеңесінің мүшесі Шерзод Юсуповтың арызы бойынша қозғалған. Калви тағылған айыптарды жоққа шығарып, қылмыстық істі "банк акционерімен арадағы корпоративті даумен" байланыстырған. Калви біраз уақыт тергеу изоляторында отырды, кейіннен үйқамаққа ауыстырылды.

Бұған дейін қаржылық сараптама жүргізіліп, Калви мен өзге айыпталушылардың әрекетінен қылмыстық сипат таппаған.

Есеп комитетінің басшысы Алексей Кудрин Калвидің қамалуы экономикаға теріс әсер етіп, Ресейге келетін капиталды еселеп азайтты деген.

"Бэринг Восток" – Ресейдегі ең ескі әрі ең ірі тікелей инвестиция қоры. 25 жыл бұрын құрылғалы бері ол 3,7 миллиард доллардан астам капитал жинап, бірнеше елдегі 80-ге жуық жобаға, соның ішінде Қазақстандағы Kaspi.kz-ке инвестиция салған. 2018 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, "Бэринг Восток" қоры Қазақстандағы Kaspi Bank-тің 39,5 пайыз акциясына иелік етеді. Бұған дейін Kaspi Bank акционерлерінің бірі Михаил Ломтадзе америкалық кәсіпкердің қамалуының қазақстандық Kaspi.kz банкінің жұмысына әсері жоқ деп мәлімдеген.

Дереккөз: Азаттық радиосы

Оралда қоқыс контейнерінен шақалақтың мүрдесі табылды
Мәдениет министрі: «Д.Назарбаева – бізге өмірде ақылдылығымен қатты әсер ететін тұлғалардың бірі»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу