Сенатор заңдар мен нормативтік құжаттарды алдымен қазақ тілінде жазуды ұсынды
Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы парламентке түсетін заң жобалары мен халықаралық құжаттардың қазақ тілдегі нұсқаларының сапасыздығы туралы айтып, оларды мемлекеттік тілде дұрыстап жазуды ұсынды, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
"Шындап келсек, мемлекеттік заңдар, алдымен, сол мемлекеттің өз тілінде дайындалып, содан кейін ғана, қажет болса, орыс тіліне аударылуы тиіс. Бұрынғы Кеңес республикаларының ішінде Қазақстан мен Беларусьтен басқа елдердің барлығы да әлдеқашан осылай істейді", - дейді депутат сенатта заң шығару жұмысын одан әрі жетілдіруге арналған парламенттік тыңдауда.
Сенатордың айтуынша, өткен сессияда бір топ сенат депутаты заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындау сапасына қатысты Қазақстан үкіметіне сауал жолдаған. Алайда үкіметтің жауабы сенаторларды қанағаттандырмаған.
"Осы уақыт ішінде мемлекеттік органдар мамандарының терминдік қолданыстар мен стильді меңгеретін уақыты болды. Бірақ мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қазақ тіліндегі халықаралық құжаттарды парламентке қатесіз жіберуге шамасы да, ынтасы да жоқ сияқты. Өйткені уақытша лингвистикалық топтың қарауына, алдын ала лингвистикалық сараптамаға келіп түсетін халықаралық құжаттардың сапасы ешқандай сын көтермейді", - деп ашуланды Бақтиярұлы.
Министрліктер мен ведомстволардың қызметкерлері топтың жұмысына әбден сеніп алғаны соншалық, пысықталмаған, тексерілмеген материалдарды жібереді екен.
"Олар өз жұмысына немқұрайлы қарап, лауазымдық міндеттерін тиісінше сапалы атқармайды", - деп атап өтті Бақтиярұлы.
Кейбір жағдайларда құжат жобаларының қазақ тіліндегі мәтіні мен орыс тіліндегі мәтіні мазмұны жағынан бір-біріне сәйкес келмейді. Қазақ тілінің грамматикалық және стилистикалық нормалары сақталмайды. Сол себептен бір құжатты бірнеше рет қарауға тура келеді.
"Біздіңше, бұл халықаралық құжаттар мен заң жобаларын мемлекетік тілде дайындауға деген атқарушы органның құлықсыздығын, ниетінің жоқтығын байқатып отыр", - деді ол.
Мұрат Бақтиярұлы бай да көркем қазақ тілі нағыз заң тілін қалыптастырып, норма жасауға және жазуға өте қолайлы тіл екенін атап өтті. Тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілін халықаралық қатынас тілі ретінде қалыптастыруды қолға алғанын еске салды.
"Осы мәселені түпкілікті қолға алып, заңдар мен нормативтік құжаттарды, алдымен, мемлекетік тілде әзірлеуге көшетін уақыт жетті. Мемлекеттік деңгейде маңызды және нақты шараларды қабылдай отырып, орталық атқарушы органдар халықаралық құжаттарды мемлекеттік тілде сапалы дайындаудың жауапкершілігін мойнына алып, заң жобаларын, алдымен, мемлекеттік тілде дайындауды қолға алуы керек", - деді депутат