«Бухгалтерлер ісі»: Жарты миллиард үшін ешкім қамалған жоқ? Неге?

Oinet.kz 04-03-2026

Screenshot_5.png

Түркістан облысында «бухгалтерлер ісі» деп аталып кеткен білім саласындағы қаржы жымқыруларға қатысты тағы бір сот үкімі шықты. Дәлірегі сот үкімі күшіне енді. Жуырда Түркістан облыстық соты Бәйдібек аудандық білім бөлімінің 18 қызметкеріне қатысты іс бойынша шығарылған үкімді апелляциялық сатыда қарады (үкімнің өзін осыдан 3-4 ай бұрын Бәйдібек аудандық соты шығарған).

Апелляциялық алқа алғашқы соттың шығарған үкіміне аздаған өзгертулер енгізді. Натырақ айтқанда, білім бөлімінің басшысы қызметін атқарған үш сотталушыға тағылған «салғырттық» бабын «аса ірі мөлшердегі салғыртыққа» ауыстырды. Алайда бұдан сотталушылардың жазасы ауырлаған жоқ.

Жалпы бұл үкімнің басқа аудандардан бір ерекшелігі – бірде-бір есепші темір торға қамалған жоқ. Білім бөлімі басшыларының істері қысқартылса, қалғандары шартты, бас бостандығын шектеуге сотталған. Апелляциялық алқа олардың да жазаларын өзгертусіз қалдырды.  

Апелляциялық сотта Бәйдібек аудандық прокуратурасы білім бөлімінің басшысы қызметін атқарған үш сотталушының баптарын қайтадан Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4 бөліміне (олардың істері алғашқыда сотқа осы баппен түскен), яғни аса ірі мөлшерде қаржы жымқыруға ауыстыруды және оларды 7 жылға бас бостандығынан айыруға соттауды сұранған. Алайда сот басшылардың әрекеттерінде «пайдакүнемдік» жоқ екендігін алға тартып, шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.

Жалпы осы жерде айта кетейік,  бұған дейін біз «Рейтинг» газетінде мемлекеттік айыптаушылардың «бухгалтерлер ісінде»  ешқандай дәлел-айғақтардың жоқтығына, тіпті антикор мен экономикалық тергеу қызметі тергеушілерінің қарсылығына қарамастан  кейбір азаматтардың үстерінен қылмыстық істер қозғалтқанын, осы себепті біраз қызметкер жазықсыз жазаға тартылып, кейіннен жоғары инстанцияларда ақталып шыққанын жазғанбыз.

Бұдан  «бухалтерлер ісі» жоғарыдан келген тапсырма бойынша жүргізіліп жатыр ма?» деген күдіктің құлағы қылтияды. Ол кімнің тапсырмасы? Неге ондай тапсырма берілді? Бұл жағы әзірге құпия бола тұрсын. Мұны бір деңіз.

Екіншіден, сот барысынды істі болған есепшілердің біразы қаржы жымқыруға жалақыларының аздығынан барғанын айтқан. Иә, бухгалтерлердің тапқан табыстары күнкөрістеріне әзер жеткен. Біздің сұрастырып білгеніміз, қаражат жымқырылды деген  2019-2023 жылдары аудандық білім бөліміндегі есепшілердің айлығы 80 мың теңгенің шамасында болған екен (қазіргі табыстары 180 мың теңгенің төңірегінде көрінеді).  Бұл аз ба, көп пе? Қанша дегенмен қолдарында үлкен материалдық жауапкершілік бар есепшілердің қылмысқа баруына жалақының аздығы себеп болғаны елеусіз қалдыруға болмайтын факті емес пе? Енді сот үкіміне қайта оралайық.

Тергеу нұсқасына сүйенсек, қаржы жымқыру 2019 жылдан басталған. Сол кезеңде Бәйдібек аудандық білім бөлімін Ақбала Құлымбет басқарған. Жалпы мұғалімдердің жалақысынан жымқырылған  583 миллион теңге көлеміндегі қаржының 463 миллионнан астамы дәл осы басшының кезеңіне сәйкес келеді.

Бұдан кейін басшының міндетін атқарушы болып біраз уақыт бас маман Айнұр Қалаубаева отырған. Оның кезіндегі ұрланған қаражат 33 миллионнан асады. Бөлімді 2022 жылдан кейін басқарған  Ерболат Пернеевтің кезінде  87 миллион теңге талан-таражға түскен.  Жоғарыда айтқанымыздай, тергеу органдары олардың істерін сотқа Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлімі 2-тармақшасымен, яғни «бөтен мүлікті аса ірі көлемде иелену» бабымен тапсырған. Алайда бөлім басшылары қаржы жымқыруға ешқандай қатыстарының жоқтығын, тіпті бұл туралы ештеңе білмегендерін айтқан. Бұған сенуге бола ма? Рас, сот барысында кейбір есепшілер бас есепші Сарыпбекова арқылы бөлім басшысы А.Құлымбетке деп ай сайын 100 мыңнан 400 мың теңгеге дейін ақша  беріп отырғандарын айтқан. Алайда мұны Сарыпбекованың өзі жоққа шығарған. Ақыр аяғында дәлелдердің жоқтығына байланысты сот алғашқы екі басшының (Құлымбет пен Қалаубаева) ісін «салғыртыққа» ауыстырып, қылмыс мерзімінің ескіруіне байланысты істерін қысқартты. Соңғы басшы Ерболат Пернеевке «салғырттық» бабы бойынша бір жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалғанымен оның ісі де рақымшылыққа байланысты қысқартылған.

Бәйдібектегі қаржы жымқырулар да өзге аудандардағыдай жүргізілген. Сол баяғыдай, есепшілер өздерінің таныстарының, туыстарының мәліметтерін енгізу арқылы ақша аудара берген. Кейін ақшаны шешіп алып, жеке бастарына жұмсаған. Түскен пайдадан үлес беруді де ұмытпаған.   Мұндай заңбұзушылықтардың болып жатқанын ешкім білмеген. Сотта берген жауаптарында есепшілер дәл осындай системаның баяғыдан бар екенін айтқан.

 2016-2023 жылдары аралығында Бәйдібек аудандық білім бөлімінде бас есепші қызметін атқарған  Ж.Сарыпбекованы осы қылмыстық схеманың басты ұйымдастырушысы деп атауға болады. Ол сотта берген жауабында есепшілерге жалақы қорынан жылына бір-екі рет ақша алуға тапсырма бергенін, жымқырылған қаржының 65–70 пайызын өзі алып, қалғанын есепшілерге қалдырғанын мойындаған. Ол шамамен 100 миллион теңге қаржы жымқырып, есесіне мемлекетке 133 миллион теңге қайтарғанын мәлім еткен. Сотта есепшілердің барлығы дерлік Сарыпбекованың  70/30 тәсілімен жұмыс істегендерін айтқан (кейбіреулері жымқырылған қаражаттан 15 пайыз ғана алғанын алға тартқан).  Сонда осыншама қаражаттың бәрін басбух жалғыз өзі «жеп қоюы» мүмкін бе? Мүмкін емес шығар. Ол мұны жоғарыдағы басшыларымен бөліскен болуы әбден ықтимал. Бірақ ықтимал дәлел емес.  Тергеу орындары бухгалтер мен бөлім басшылары өзара сөз байласқан деген тұжырым жасайды. Алайда сот осыған қатысты келтірілген дәлелдерді негізсіз деп тапқан.

Бір қызығы, 2023 жылы қаржы жымқырулар әшкере болғаннан кейін Сарыпбекова есепшілердің басын қосып, жиналыс өткізген. Бұл жиналыста не айтылғанын бір есепші диктафонға жазып жүрген. Сотта осы аудиожазбалар дәлел ретінде қарастырылды. Осы жиналыста Ж.Сарыпбекова жеген қаржыны орнына қою үшін  өзі 70 000 000 теңге, бас экономистер 50 000 000 теңгеден, есепшілер 32 000 000 теңгеден шығаруы тиістігін айтқан. Яғни, бұдан Сарыпбекованың ақшаны жымқыру ғана емес, оны қайтаруға да өзі бас-көз болғанын байқау қиын емес. Ақша жинағандардың ішінде «ештеңе білмейтін» білім бөлімінің басшысы да бар. Нәтижесінде  «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың» арқасында есепшілер қазынаға келтірген шығынды ың-шыңсыз толық көлемде жауып тастаған. Бірін-бірін сатпаған. Бәйдібектік есепшілердің өзара ұйымшылдығы тергеушілер мен судьялардың өздерін де таң қалдырған шығар, сірә.

Жоғарыда айтылғандай, бөлімді басқарған үш басшының ісі қысқартылса, қалған есепшілер  189-бап бойынша кінәлі деп танылып, 5-7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Алайда сот жазаларды шартты түрге ауыстырған. Бір-екі сотталушы бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.  Нәтижесінде Бәйдібектегі «бухгалтерлер ісі» бойынша бірде-бір адам түрмеге қамалған жоқ. Бұл нені білдіреді?

Шамасы сот  сотталушылардың келтірген  шығынды толық көлемде жауып тастағанын, айыпталушылардың кінәсін ішінара мойындағанын, олардың бұрын сотталмағанын ескерген болуы мүмкін. Алайда бұл мәселенің екінші жағы да бар ғой. Жарты миллиардтан астам теңге жымқырылған іс бойынша бір де бір айыпталушының қамалмауы нені көрсетеді? «Қазынаның қаржысын ұрлай бер, тек ұсталып қалған жағдайда орнына қойсаң, болды» дегенді ме? Сіз қалай ойлайсыз?

P.S. Айтпақшы, бұл «бухгалтерлер ісіндегі» соңғы үкім емес. Әлі мақтааралдық есепшілердің ісі соңына жеткен жоқ. Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, бұл іс бойынша шығын  2,4 млрд теңгені құрайды. Айыпталушылардың саны – 43. 

«Рейтинг» газеті, 4 наурыз 2026 жыл.  


«Эпштейн файлдары»: Оның Мәсімов және Келімбетовпен не байланысы бар?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу