ТҮРКІСТАНДАҒЫ «БАРДАК». Әзімбек әлсіз әкім болып тұр

...2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұйымдастыруымен Түркістан қаласының 1500 жылдығы дүркіретіп тұрып тойланды. Сол кезде мектеп партасында отырған Әзімбек Пазылбекұлының пешенесіне енді міне, Түркістанның әкімі болу бұйырды. Қазір елдің арасында осыған қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. «Әйтеуір, Пазылбекұлы моральдық-психологиялық ахуалы ауырлау Түркістанда ат төбеліндей топтың шылауында қалып кетпесе болғаны» дейді бір білгіштер. Кім біледі?!
Бердібек Машбекұлы Қазақстанда бес бірдей өңірді іскерлікпен басқарған жалғыз шенеунік. Бердібек Сапарбаевтың туған інісі Нұрлыбек Нәлібаев бүгінде Қызылорда облысының әкімі. Жуырда Президенттің өзі де оның жұмысына жоғары баға бергені белгілі. Әзімбек әкім сол екеуінің ізін жалғап келе жатқан немере інісі екендігі де жұртшылыққа жасырын емес. Өкінішке қарай Әзімбек әкім әзірге абыройды асқақтата түсетін тірлік атқарудың орнына әйгілі әулеттің атына кір келтіретін әлсіздікке жол беріп жатыр.
...«Көтере алмас шоқпарды белге байламаңыз», әкім Әзімбек мырза! Осындай ой елдің көкейінде 2024 жылдың қазанында даңқты Түркістан қаласына ешкім күтпеген, еңбек жолы Түркістан өңірінде өрілмеген, еліміз ғана емес, тіпті тұтас түркі дүниесі көз тіккен атақты облыс орталығына тәжірибесі, іскерлігі әлі пісіп-жетілмеген Әзімбек Пазылбекұлы әкім болып тағайындалған кезде туындаған еді. «Рейтинг» газетінде сол кезде бұл тақырыпты тарқатып жан-жақты жазғанбыз. Содан бергі аралықта бір жарым жылға жуық уақыт өтті. Әзімбек әкім не тындырып, не қойды? Күткен үміт қаншалықты ақталды? Өткен аптада облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесуіне арнайы барып қатысқанда осы сауалдардың жауабын алдық.
Сонымен... облыс әкімінің түркістандықтармен кездесуі жоспарланған уақыттан әлдеқайда ұзаққа созылып, соңы айқай-шуға ұласқаны әлеуметтік желіде әлі күнге қызу талқыланып жатыр. Қоғам пікірі қақ жарылып тұр. Бір тарап қала тұрғындарының таласа-тармаса қисынсыз сауалдар қойғанын алға тартса, екінші тарап Әзімбек Пазылбекұлын ақтап, кездесуде әр азаматқа еркін сөйлеуге мүмкіндік берілгенін жазып жатыр. Алайда қалай десек те, Түркістандағы кездесу елдің ерекше назары ауған киелі қалада қордаланған әлеуметтік мәселелер шешімін таппай тым шиеленісіп кеткенін ашық көрсетті. Рухани астанада соңғы уақытта арыз-шағым көбейген және олардың көпшілігі жергілікті әкімдік тарапынан оңынан шешілмей ушыға түскен.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің осы жиында:
– Қала тұрғындары өз мәселелері бойынша қала әкіміне келеді. Бірақ олар сіздің жауабыңызға қанағаттанбай, сосын облыс әкіміне арыз-шағымын жолдайды. Мысалы, былтырдың өзінде 363 қала тұрғыны облыс басшысының жеке қабылдауына жазылды. Осыларды толық әрі жан-жақты зерделеп, қала деңгейінде тиісті шешуді тапсырамын, – деген сөзінің өзі біраз жайтты аңғартпай ма?
Тіпті облыс басшысының сұрақ қойып, шулап, бір-бірімен ұрысып жатқан тұрғындардың тірлігіне қынжылыс білдіріп, әкім Әзімбекке қарата «не бардак болып кетті сенікі?» деген сөзі әлеуметтік желіде «хитке» айналды. Облыс басшысының осы айқай-шуға толы кездесуден кейін тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдауының өзі бірер сағатқа созылғаны біраз жайтты аңғартады. Сонда облыс орталығы, рухани астана – Түркістан проблемаға соншалықты деңгейде көміліп қалған ба? Әкім Әзімбек Пазылбекұлы сол проблемалар әбден ушыққанша шешпей «ай қарап, жұлдыз санап» жүрген бе?
Сөзіміз жалаң болмасын, арнайы барып қатысқан осы кездесуде айтылған бірнеше мәселеге тоқтала кетейін. Мәселен, шаһарда халыққа берілген жер телімдеріне салынған бірқатар үйлердің әлі күнге дейін заңдастырылмауы – ең өзекті проблемалардың біріне айналған. Қазіргі қалалық әкімдік «сотқа жүгініңдер» дегеннен әріге аса алмаған. Ал сот талап-арыздарды қанағаттандырусыз қалдырған. Құжаттары болмағандықтан тұрғындар салған үйлеріне коммуналдық қызметтерді тарта алмай отыр. Әрине, барлық мәселе заң талаптарына бағынуы тиіс. Бірақ бұл проблема дер кезінде шешілмесе, оның соңы әлеуметтік наразылықтарға апарып соғатыны айтпаса да түсінікті емес пе?
Мемлекеттік бағдарлама аясында жаңадан салынған үйлердің сапасына қатысты шағымдар да жиі айтылды. Кейбір мөлтекаудандарда әлі күнге дейін асфальт төселмеген, жарық мәселесі шешілмеген. Қоғамдық көлік саласында да проблемалар жоқ емес. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың кезегі жылжымайды. Қала әкімдігіне қарасты мекемелердің бірінде істейтін жұмысшылардың зейнетақы жарналарының төленбегені туралы мәселе де көтерілді.
Т.Сыздықов деген азамат қаладағы туризм саласындағы көрсеткіштердің 2017–2018 жылдардағы деңгейден әлі көтерілмегенін, себебі жаңа туристік бағыттардың, жобалардың жоқтығын алға тартты. Түркістан – рухани астана, туристік орталық ретінде дамуы тиіс қала. Алқалы жиындарда айтылып, жарнамасы жер жарған туризм саласындағы жобалардың жемісін халық көрмесе, одан не пайда? Жиында сөз алған азаматтар осындай мәселелермен қала әкіміне екі-үш мәрте барғанын, алайда мәселенің шешілмегенін айтты. Тіпті осы үшін қалалық әкімдіктегі жауапты басшылардың қызметіне баға беріп, кадрлық өзгеріс жасау қажеттігін айтқандар да болды. Мәселе көтерген кейбір азаматшалар үйіне полиция қызметкерлерінің келіп, қорқытқанын мәлім етті. Бұған қаншалықты сенуге болады? Осы айтылғандардың бәрін бос сөз, бос байбаламға балауға бола ма, жоқ па? Мұндай сауалдардың жауабын алдағы уақытта журналистік зерттеу барысында анықтайтын боламыз.
Айтпақшы, жиында сөз алғандардың ішінде қала әкімін мақтағандар аз болды. Әдетте ақсақалдар бастайтын «әкіміміз жақсы жұмыс істеп жатыр» деген дәстүрлі мадақ бұл жолы естілмеді. Бұл – халықтың Әзімбек Пазылбекұлына берген шынайы бағасы ма, әлде жиынның расында да нағыз «демократиялық форматта» өткенін растайтын факті ме, ол жағын мәртебелі оқырманның өзіне қалдырдық.
Бірақ айта кетер бір мәселе – Түркістанды бұған дейін басқарған, халықтың шынайы алғысын алған әкімдер – марқұм Әліпбек Өсербаев пен Нұрбол Тұрашбеков, Әли Бектаевпен салыстырғанда Әзімбек әкімнің әлі де болса тәжірибесіздігі, әкімдік салада жиған-тергені, көрген-білгені аз екендігі анық байқалады.
Айтпақшы, облыс әкімінің кездесуінен кейін нақты тапсырмалары мен ескертулерінен қорытынды шығарғаны шығар, Әзімбек Пазылбекұлы соңғы күндері қаланы қызу аралауға кірісті. Тұрғындармен кездесіп, жиында көтерілген мәселелерді зерделей бастапты. Апта басында қала әкімінің орынбасары болып идеология саласында жауапты қызметтерді атқарған Мадияр Әліпов тағайындалды. Бұл кадрлық шешімнің арғы жағы да рухани астанадағы моральдық-психологиялық ахуалдың ауырлығымен байланысты болуы мүмкін.
Ойды ой қозғайды. Мақаламыздың басында сөз еткен Бердібек Сапарбаев екімыңыншы жылдардың басында Оңтүстік Қазақстан облысының тізгінін ұстап тұрған тұста республикалық «Жас Алаш» газетіне «Мықты екеніңді білейін, Оңтүстікті басқарып көр!» деген тақырыппен көлемді сұхбат бергені еріксіз еске түседі. Сол Сапарбаевтың ізінен ерген бауыры Әзімбек әкімнің Түркістан қаласының тізгінін ұстағанына бір жарым жылға жуықтады. Мұны, әрине, аз уақыт деуге болмайды. Түркістан – Әзімбек Пазылбекұлының қаншалықты мықты екендігін көрсететін үлкен сынақ. Ол осы сынақтан қалай өтеді? Әйгілі әулеттің атына келтіріп алған кірден қаншалықты арыла алады? Өте жақын туысқан ағасы Қызылорда облысының мақтаулы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың карьерасы келешекте қалай өрбиді, оның қызметі өссе қамқорлығына бөленген інісі Әзімбек әкімнің ары қарайғы баспалдағы қалай болады? Мұны уақыттың еншісіне қалдырдық.
P.S. Айтпақшы, халықпен кездесу өткен күні Әзімбек Пазылбекұлы Түркістан облыстық мәслихатының сессиясына келіп бюджет қаражатының атқарылуы туралы есеп беруі тиіс еді. Елге есеп берудің у-шуы ұзаққа созылуына байланысты ол депутаттардың сұрағына жауап қататын жиынға келуге үлгере алмаған. Сессияда оның орынбасарына Түркістан қалалық әкімдігі бюджет қаражатын игеруде неліктен жаппай заңсыздықтарға жол беруде деген сұрақ қабырғасынан қойылды. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме.
Абылай ЕСІМБАЙ,
Түркістан қаласы
«Рейтинг» газеті, 25 ақпан 2026 жыл.


