Қаржы министрлігіне қарасты басқарма басшысы ұсталды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі прокуратураның үйлестіруімен Проблемалық кредиттер қоры АҚ басқармасының бұрынғы төрағасын лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікпен ұстады, деп жазады Оinet.kz.

ҰҚК мәліметінше, тергеу материалдарына сәйкес, күдікті жекеменшік иесіне қорға аударылуы тиіс кепіл мүлкін сатудан түскен қаражатты ұстап қалу құқығын заңсыз берген. Соның салдарынан мемлекетке 11,4 млрд теңге көлемінде залал келген.
Бұдан бөлек, ол мемлекеттік мүлікті төмендетілген бағамен сатып, бюджетке 1,3 млрд теңгеден астам қаражаттың түспеуіне жол берген.
Сондай-ақ құжаттарды қолдан жасау арқылы кепілге қойылған жер учаскелерін сатқан борышкер компаниялардың меншік иесі мен оның сыбайластары ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл әрекеттердің салдарынан қорға 800 млн теңге көлемінде шығын келтірілген.
Сот санкциясымен күдіктілер Қылмыстық кодекстің 190 және 361-баптары бойынша қамауға алынып, олардың мүлкіне тыйым салынды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.


