Қорғаныс министрлігі әскердегі өлім-жітімге қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстан Қорғаныс министрлігі әскер қатарында тіркелген өлім-жітім оқиғаларына байланысты ресми мәлімдеме жасап, мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін шұғыл кешенді шаралар қабылданғанын хабарлады деп жазады Оinet.kz порталы.

Ведомствоның мәлімдеуінше, жыл басынан бері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына, туған-туыстарына министрлік басшылығы атынан көңіл айтылған.
— Қорғаныс министрлігінің басшылығы орын алған жағдайлардың ауырлығын және әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жауапкершіліктің толық көлемін терең түсінеді, — делінген ресми хабарламада.
Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың тапсырмасымен әскери бөлімдерде тәрбие жұмысы мен әскери тәртіптің жай-күйіне бақылау күшейтілді. Қару-жарақпен жұмыс істеу, оқу-жаттығу сабақтарын өткізу, атыс жүргізу және қызметтік міндеттерді орындау кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуы қатаң қадағалануда.
Барлық әскери бөлімдерге жеке құрамның психологиялық жағдайын кешенді тексеру үшін арнайы комиссиялар жіберілді. Әскери қызметшілердің психикалық ахуалы мен қызметтік міндеттерді орындауға дайындық деңгейі қайта бағалануда.
Қорғаныс министрлігі қабылданып жатқан шаралар әскери қызметшілердің қауіпсіздігін арттыруға және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталғанын атап өтті.


