Әкімдіктер өртке дайын емес
Кешегі күні өткен үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев орман шаруашылықтарының биылғы жылдың өрт қаупі жоғары кезеңіне дайындық дәрежесіне жүргізілген тексерулердің нәтижелері туралы баяндады.
10 сәуірдегі жағдай бойынша Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының орман мекемелері, сондай-ақ «Семей орманы» резерваты дайын болмады. Облыс әкімдіктеріне анықталған кемшіліктерді жоюға және техниканы толық жауынгерлік даярлыққа келтіруге ұсыныстар жолданды.
Премьер-министр әкімдіктердің назарын өрттерді сөндіру кезінде жедел ден қою және өзара іс-қимыл жасау үшін мемлекеттік органдардың іс-қимылдарының жаңа алгоритмін орындау қажеттігіне аударды.
Осы ережелерді сақтамауына байланысты Павлодар облысы мен Абай облысының жауапты ведомстволарына биылғы жылдың алғашқы өрттері кезінде экология және табиғи ресурстар министрлігіне, ТЖМ және ІІМ-ге тиісті шаралар қабылдап, жаза қолдану арқылы тергеу жүргізу тапсырылды.
Олжас Бектенов Қазгидрометтің ыстық және құрғақ жаз туралы болжамын ескере отырып, өрт қаупі жоғары кезеңдегі барлық қызметтердің жедел және үйлестірілген жұмысының маңыздылығын атап өтті. Маусымға дайындық жұмыстарын жандандыру қажет аймақтар аталды.
«Тексеріс көрсеткендей, Табиғи өрттердің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары барлық өңірде бірдей тиісті деңгейде іске асырылып отырған жоқ. Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарындағы елді мекендердің айналасынан минералды белдеу жасау жұмыстары басталмаған. Далалы жерлерде, орманда өрт шығатын болса, бұл ауылдарға тікелей қауіп төнеді. Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарында елді мекендердің аумағын қураған шөптер мен қоқыстардан тазарту жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілмеген. Одан бөлек, Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының орман мекемелері өрт қаупі жоғары кезеңге дайын емес. Осыған байланысты өңір әкімдеріне биылғы маусымға дайындық жұмыстарын күшейтуді және бұл мәселені тікелей бақылауға алуды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар міндеттер жүктеді. Төтенше жағдайлар министрлігіне Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мамыр айының соңына дейін табиғи өртке қарсы республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізуді тапсырды.
«Оқу-жаттығуларда трансшекаралық өртті сөндіру және көрші мемлекеттердің қызметтерімен өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтау керек. Өрт қаупі жоғары өңірлерде мемлекеттік авиацияның өрт сөндіруге арналған тікұшақтарының кезекшілігін ұйымдастыру мәселесін қараңыздар. Орман алқаптары мен ашық жерлерді шолып шығу үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану керек», — деді Олжас Бектенов.
Экология министрлігі әкімдіктермен бірлесіп табиғат қорғау және орман шаруашылығы мекемелерін әрі қарай жарақтандыру жөніндегі жұмысты жалғастырады. Сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, өртті ерте анықтау және өрттердің өршу жағдайын, оны сөндіру алгоритмдерін модельдеу жүйелерінің қамту ауқымын ұлғайтады. Тиісті жоспар-кестені әзірлеу және оны Үкіметте бекіту, орындалуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді.
Әкімдіктердің алдына елді мекендерде өрт сөндіру бекеттері мен ерікті өртке қарсы құралымдарды ұйымдастыру бойынша жұмысты жалғастыру міндеті қойылды. Өңірлерде әуе кемелерін тарту үшін жанар-жағармай материалдарының қажетті қорларын қамтамасыз ету, өрт сөндіру көліктері мен тікұшақтарға қажетті су көздерін дайындау қажеттігі атап өтілді. Ұйымдастыру мәселелерін биылғы 10 мамырға дейін шешу тапсырылды.