«Желге ұшқан миллиардтар»: Ел шуласа да Мықтыбеков мыңқ етпей отыр

Oinet.kz 13-11-2024 506

Былтыр осы уақытта өз тарихында алғаш рет ел чемпионы болған «Ордабасы» командасы биылғы маусымды тәп-тәуір бастағанымен, соңына қарай ойыны сұйылып кетті. Әсіресе, команда кейінгі кезеңдегі сүреңсіз ойындарымен жанкүйерлерін жерге қаратты.  Чемпиондар лигасында алғашқы ойыннан-ақ ұшып кетті.

Screenshot_1.jpg

Сарапшылардың айтуынша, «Ордабасының» биыл Қазақстан чемпионатында тағы да топ жаруына толық мүмкіндігі болды. Бірақ маусымның соңында команда «тәпсісінен жаңылып», ойсырай ұтыла берді. Тамызда команданың бас бапкері Алексендр Седнев қызметінен кетіп, оның орнына Кирилл Кекер келді (ол бұған дейін Алматының «Қайратын» жаттықтырған. Кейбір білгіштер «Ордабасыға» Кекерді «Қайратты» чемпион қылу үшін жіберді деп әзілдеп жүр). Бірақ бұл ауыс-түйіс «Ордабасының» айын оңынан туғыза қоймады. Команда биылғы ел чемпионатында төртінші орынды қанағат тұтты. Елдің артқан сенімі ақталмады. Сенімнен бұрын бюджеттің осы мақсатта жұмсалған қайран ақшалары, қайран миллиардтары-ай десеңізші.

Ел чемпионаты мәресіне жақындап, ақырғы голдар соғылып жатқан тұста, аладоптың сиқыры Сенат пен Мәжілісте отырған халық қалаулыларының да «делебесін қоздырып» жібергенге ұқсайды. Депутаттар кезектесіп, Премьер мен Бас прокурорға, министрге футбол саласындағы жүйесіздік пен жөнсіздіктерге қатысты сауал жолдады. Елдің көкейіндегі мәселені көтерді.  Солардың бірі сенатор Дархан Қыдырәлінің айтуынша, футбол саласына бөлініп жатқан қаражаттардың есебі  жоқ. Оның бір ұшы жемқорлыққа барып тірелуі мүмкін.

– Елімізде осы отыз жылда 2 стадион ғана салынған екен. Алайда соның екеуі де, небәрі бір ойыннан кейін жарамай, жабылған «Түркістан арена» да, «Астана Арена» да қайта күрделі жөндеуден өтті. Қалған стадиондар ескі, көбі УЕФА талаптарының төменгі деңгейіне де сай келмейді. Ал кейбір өңірлер жыл аралап тозығы жеткен стадиондарын қайта күрделі жөндеуден өткізеді. Оның орнына осы қыруар қаржыға әрбір облыс орталығында талапқа сай стадиондар неге салынбайды? Мұнда жемқорлық жоқ па? Командасы қарсыластар қақпасына бір гол сала алмай анти-рекорд жасап отырғанына қарамастан өзі Еуропаның азулы құрамаларының бапкерлерінен көбірек жалақы алатын ұлттық құраманың бас бапкерінің айлығы құпия. Федерация мұны кімнен жасырады? Көпшілігі жергілікті бюджетке байлаулы футбол клубтарындағы легионерлердің айлықтары да ашық айтылмайды. Осы ретте легионерлерге шектеу, лимит деген жоқ, кейде алаңда 11 шетелдік ойыншы жүреді. Әйтсе де, санның сапаға әсері шамалы. Сондықтан оларды ФИФА рейтингіндегі ТОП 30 елдің ішінен таңдаған жөн деп ойлаймыз.  Еліміздегі футболды дамытуға жауапты Федерацияның жылдық бюджеті 10 млрд теңгені (20 млн еуро) құрайды. Бұл қаражаттың қайда, қалай жұмсалып жатқаны туралы ашық мәлімет жоқ. Өңірлердегі филиалдарына 3-5 млн теңгеден бөлетінін ескерсек, қалған қаражаттың есебі бар ма?– делінген сенатордың сауалында. 

Мәжілістегі бір топ депутат та құзырлы органдарға хат жолдады. Олардың жазуынша, бөлінген қаражатқа футбол емес, жемқорлық дамып жатыр.

«ФИФА рейтингісі бойынша біз әлі күнге дейін соңғы 110-130-шы орындар арасында жүрміз. Омыраулаған 30- дыққа кіруді ойлауды да қойғанбыз. Ал футболдағы №1 жемқорлық қылмыс болып саналатын «келісіп алған күдікті ойындар-матчтар» саны бойынша әлемдік рейтингте алдыңғы 4-орынға шығып, спортта да жемқорлыққа ұшыраған ел болып танылудамыз.. (Sportradar халықаралық ұйымының антирейтингі). Әрине, жемқорлықтан әрқашан алдамыз бар салада! Оған еш күмән жоқ... Сонда біз мемлекеттің қаржысын футболдағы жемқорлықты дамытуға жұмсап жатырмыз ба? Фактілерге қарасақ, солай. Тоқетері, спорт, футбол деген мемлекеттің млрд-таған қаржысын шығындататын, әлдекімдердің қалтасын тығындататын салаға айналған»,– мәжілісмендердің депутаттық сауалында осындай фактілер келтірілген.

Жалпы футболдағы мәселенің бәрін ақша шешпейді. Мұнымен бәрі келіседі деп ойлаймыз.  Егер бәрін ақша шешетін болса, биылғы ел чемпионатында «Ордабасы»  ешкімге дес бермес еді. Өйткені әлеуметтік желілер мен ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, биыл Қазақстандағы футбол клубтарының ішінде ең көп қаражат «Ордабасыға» бөлінген.

Шымкенттің футбол командасына жергілікті бюджеттен 2024 жылы  5,3 млрд теңге қаржы қаралған. Бұл жалпы үшінші мегаполис спортына бөлінген ақшаның 87,1 пайызын құрайды екен (мәссаған, сонда Олимпиададан, Азиададан жүлде әкеліп жүрген бокс, күрес, көркем гимнастика сияқты спорт түрлеріне бұйырғаны тиын-тебен ғана болғаны ғой).  Бұдан кейінгі орында «Ақтөбе» клубына 4,55 миллиард кеткен (жалпы спортқа бөлінген қаражаттың 40 пайызы), үшінші орында Семейдің «Елім-айына» қаралған қаражат 2,3 миллиард (72 пайыз).

Ал ел чемпионатының биылғы жеңімпазы Алматының «Қайратына»  қазынадан қаралған қаражаттың көлемі бар-жоғы 0,75 миллиард екен.  «Астана» клубы бюджеттен соқыр тиын да алмайтын болып шықты (алайда бұл елорда клубы өз күнін өзі көреді дегенді білдірмейді,  ақшаны «Самұрық-Қазынадан» алады).

Жуырда Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы жыл соңына дейін футбол командаларын республикалық, халықаралық жарыстарға дайындауға қызмет көрсету жөнінде тендер жариялады. Лотқа қойылған қаражаттың көлемі 892,9 миллион теңгені құрайды. Техникалық сипаттамаларына қарағанда, қызмет көрсету мерзімі биылдың 31 желтоқсанына дейінгі уақытты қамтиды. Бұл жерде тендер негізінен «Ордабасыны» қаржыландыру үшін жарияланған деп топшыладық.  Тендерге құжаттарды қабылдау ендігі аптада аяқталады. Ал «Ордабасы» бұл маусымдағы кездесулерінің бәрін өткізіп қойды. Сонда миллиардтқа жуық ақша «Ордабасының» қандай шығындарын жабуға жұмсалады? Әлде ақша тағы да сол баяғы «үрдіске» сәйкес кәсіби спортшыларға, бапкерлерге еселеп, үстін-үстін сыйақы төлеуге кете ме?

Осы жерде «Ордабасыдағы» ойыншылардың дені легионерлер  екендігін айта кетейік. Легионерлерсіз күніміз жоқ дегеннің өзінде де мұның бір жөн-жобасы болу керек емес пе? Бұған дейін елімізде клубтарға легионердің алаңға шығатын санына шектеу енгізілген болатын. Алайда соңғы жылдары футбол федерациясы бұл шектеуді алып тастады. Қазір тіпті алаңды тұтастай команданың жалдамалы ойыншыларымен толтырып тастаған клубтар да бар. Легионер алып келудің арғы жағында да бір гәптің бары және оның ақшаға барып тірелетіні анық.   Жуырда Президент ¬асым-Жомарт Тоқаев шетелден спортшы шақыруға тыйым салу қажеттігін айтты. Бұл тапсырма футболға да қатысты бола ма?

Ең қызығы мынада: ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде «Ордабасыға» бөлінген қаражат қызу талқыланып  жатқан тұста Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков үнсіз. Мегаполис спортының тізгінін ұстап отырған шенеунік ретінде ол мәселенің мән-жайына түсінік беруі керек еді ғой. Мықтыбековтің мыңқ етпеуі нені білдіреді? «Шулап-шулап қоясыңдар, бәрібір өз дегенімізді істейміз» дегенді ме? Әлде «менде не билік бар дейсіңдер, бәрі жоғарыдан шешіліп жатыр ғой» дегенді ме? Қалай болғанда да басқарма басшысы ойыннан тыс қалмауы керек еді ғой.

Сіз қалай ойлайсыз?

«Бишімбаев түрмеден қашып кетті». ҚАЖК ақпаратқа түсінік берді
Түркістандық шенеуніктерді не түлен түртті? Елді алдап, көзбояушылық жасап...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу