Сыздықбековке «сатқындық» жасаған кім? - Жиналыс үстінде ұсталаған шенеунікке үкім шықты
«Өкінішке қарай, арамызда сатқындар бар, айтқан сөзге, уәжге тоқтамай, өткен жылдан бері қаншама осы әңгімені тыңдап отырып, артымыздан пышақ тыққанмен бірдей... Бұл менің шын позициям, тапсырмам, тағы маған берілген. Мен одан қайтпаймын, ешқашан. Қаланы жөндеп біржағына шығаруға тырысамыз, қолдан келгенше. Президент тапсырма беріп отыр, «ақшаны ұрламаңыздар» деп, халықтың ақшасы бұл, сіздердің бала-шағаңыздың ақшасы. Сіздерге бұл сабақ болсын. Кез келгеніңізбен осылай болады, егер қоймасаңыздар, әрине адам тағдыры бірақ әр адам өзінің тағдырына жауапты».
Естеріңізде болса, биыл ақпанда Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Момыновты жиналыстың үстінде антикордың қызметкерлері ақша жымқырды деген күдікпен ұстап алып кеткен кезде Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков залда отырған шенеуніктерге осындай ескерту жасаған болатын.
Жария түрде тұтқындалған, елдің арасында әрқилы пікір туғызған Момыновтың ісі шілдеде Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына түскенін біз бұған дейін де жазған едік. Міне, өткен аптада сот осы іс бойынша айыпталған екі сотталушыға үкім шығарды. Азат Момыновты тағылған айып бойынша (қаржы жымқыру, қылмыстық жолмен тапқан қаражатты заңдастыру баптарымен) кінәлі деп тауып, 9 жылға, оның сыбайласы, мердігер компанияның өкілі Нұрдәулет Оразбаевты 8 жылға бас бостандығынан айырды. Үлкен резонанс тудырған іске кеңірек тоқтала кетсек.
Әлі заңды күшіне енбеген сот үкіміне қарағанда, Азат Момынов бұған дейін Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасында бөлім басшысы қызметін атқарған. Былтыр мамырда ол алдымен басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы болады, шілдеде бұл орынға біржолата бекітілген. 15 желтоқсанда оған Шымкент қаласы әкімдігінің өкімі негізінде басқарма міндетін атқару жүктеліп, барлық банктік қаржы және басқа да құжаттарға бірінші қол қою құқығы берілген. Яғни, бұдан Момыновты басқарманың бірінші басшысы лауазымына Сыздықбековтың өзі алып келгенін байқауға болады. Дегенмен Момынов қаржы жымқыруды негізінен орынбасардың креслосында отырған кезде жасаған.
Қылмыстық істің басы былтыр сәуір айынан басталған. Сол сәуірден бастап Момынов сыбайласы Оразбаевпен бірге қазына қаржысын түрлі қитұрқылық жолдармен жымқыруды қара күзге дейін жалғастырған. Бюджеттің жүз миллиондары талан-таражға түсіп жатқан кезде жоғарыдағылар бұған көз жұмып отыра бергенге ұқсайды. Тиісті деңгейде бақылау болмаған. Бұл туралы сот жекеше қаулы қабылдады. Біз оған кейінірек тоқталамыз.
Сот үкіміндегі мәліметтерге қысқаша тоқталар болсақ, сәуірде мәслихаттың шешімімен қаладағы коммуналдық пәтерлерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен жарты миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. А.Момынов бөлінген бюджет қаржысын жымқыру мақсатында бұл іске өзінің ауылдасы әрі танысы Н.Оразбаевты тартқан. Мамырда ол басқа адамдардың атына тіркелген екі компанияны тендерге қатыстырған. Конкурстық комиссияға Момыновтың өзі төрағалық еткен. Сол мамырда тұрғын үйлерді жөндеуден өткізуде ешқандай тәжірибесі жоқ екі компания тендерде жеңімпаз деп танылады. Маусымның соңында олармен 196 миллион теңге келісім жасалып, ақшаның 30 пайызы аударылған. Компаниялар Нұрсәт мөлтекауданындағы үйлерді жөндеуді көзбояушылықпен атқарған, әу бастағы жоспар бойынша бөлінген қаражаттарды талан-таражға салған.
Қылмыстық істің екінші бөлімі қаладағы көпқабатты үйлердің жер сілкінісіне төзімділігін тексеруге бөлінген қаражаттармен байланысты. Осы мақсатқа қаралған ақшаларды Момынов пен Оразбаев алдыңғы сценарий бойынша талан-таражға салған. Рас, үйлердің сейсмикалық жағдайын тексеру үшін бұл іске жекеменшік құрылыс компанияларын, мамандарды тартқан, солардың қорытындысын алған, еңбекақысын төлеген. Алайда бұл жұмыстар талапқа сәйкес орындалмаған. Бюджет қаржысы желге ұшқан, жымқырылған.
- Яғни, А.Момынов лауазымды адам бола тұра, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, Н.Оразбаевпен бірге адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет сеніп тапсырылған бюджеттің аса ірі мөлшердегі жалпы 367 122 870 теңге қаржысын иемденіп, жымқырған. Н.Оразбаев А.Момыновпен бірге адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет сеніп тапсырылған бюджеттің аса ірі мөлшердегі қаржысын иемденіп жымқыруға жәрдемдескен, - делінген сот үкімінде.
Айтпақшы, бұл істің жария тұтқындаудан бөлек тағы бір ерекшелігі бар. Әдетте жемқорлардың істерінде «жымқырылған ақшаны жеке мақсатына жұмсаған» деп қоя салатын тергеушілер Момыновтың қылмыстық жолмен тапқан қаражатты қайда апарып тыққанына дейін анықтаған. Үкімде жазылғандай, Момынов ақшаны ата-анасының аттарына тіркелген Қазығұрт ауылындағы «Qazygurt.SPA» монша кешенін салуға құйыпты.
- 2023 жылғы 28 шілдеден бастап «Qazygurt.SPA» монша кешенінің соғылуына жұмысшыларды жалдап, белсенді құрылыс жұмыстарын жүргізіп, құрылысты 2023 жылғы 30 желтоқсанда аяқтап, жалпы қылмыстық жолмен табылған 312 523 000 теңге ірі мөлшердегі ақша қаражатын монша кешенін салу арқылы заңдастырған, - делінген үкімде.
Момынов сотта кінәсін мойындамаған. Ол тендерді өткізу барысында заңсыздыққа жол бергенін мойындап, ол үшін уақтысында әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын, бірақ өзіне жүктелген міндеттерді адал атқарғанын алға тартқан. Жеген ақшаны монша салуға жұмсады деген айыптаумен де келіспей, құрылыс жұмыстарын әкесі жүргізгенін, оған араласпағынан айтып ақталған. Осы жерде айта кетері, антикор былтыр қараша-желтоқсан айлары аралығында Момыновқа қатысты жасырын тергеу амалдарын жүргізген. Оның ұялы телефоны тыңдалған. Телефонмен әңгіме барысында Момынов осы моншаның құрылысына қатысты мәселелерді Оразбаевпен, басқа да туыстарымен ақылдасқан көрінеді. Сотта жауап берген Момыновтың әкесі моншаны серіктестерімен бірге салғанын, құрылыс жұмыстарын серіктестерінің және мал шаруашылығынан түскен қаражатпен 2020 жылы бастағанын айтқан. Ол осыған қатысты құжаттарды да ұсынған. Алайда сот бұл құжаттар еш жерде тіркелмеген деген негізбен назарына алмаған.
Сотқа осы нысанда жұмыс істеген құрылысшылар куәгер ретінде тартылған. Олардың кейбірі моншаның құрылысында 2022 жылдың көктемінде жұмыс істегенін мәлім еткен. Ал Момыновтың бюджет қаражатын жымқыруы 2023 жылы болған. Мұндай жағдайда экс-шенеуніктің 312 миллионға бағаланған нысанды басынан аяғына дейін тек қылмыстық жолмен тапқан қаражатқа салды деу қисынға келе ме? Антикордың бұл уәжі ақылға қонбайтын сияқты. Дегенмен сот бұл тұжырымды растап, монша кешенін толығымен мемлекет меншігіне тәркілеген.
Енді соттың шығарған жекеше қаулысына тоқталайық. Қаулыда Момыновтың қызмет бабын пайдаланып, бюджеттің ірі көлемде қаражатын жымқырғанын баяндай келе сот:
- Бұл жағдай Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшыларының, осыған жауапты Шымкент қаласының әкімі аппаратының жауапты мамандарының назарынан және бақылауынан тыс қалып, мемлекеттің аса ірі мөлшердегі қаржысының жымқырылуына себеп болған, - деп жазған.
Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы лауазымын былтыр қарашаға дейін Жанат Утебаева атқарған. Ол қазір қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына жетекшілік етеді. Сотта куәгер ретінде жауап берген ол барлық жұмыстарға Момыновтың жауапты болғанын, ол жұмысты қадағалау функционалдық міндетіне кірмегенін және жымқырылған ақша сомалары бойынша ештеңе білмейтінін алға тартқан...
Бұл қылмыстық істің басын жария түрде бастаған Ғабит Сыздықбеков енді тұрғын үй басқармасының сол кездегі басшысы мен өзінің аппаратындағы жауапты мамандарға қандай шара қолданғанын да жасырмай, ашық айта алады ма? Әліптің артын бағып көрейік.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталушы тарап апелляциялық шағым беруі мүмкін.