Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы әдеттегіше саяси элитаның тоқсандық рейтингісін жария етті. Биылдың бірінші тоқсанындағы рейтинг 1-7 аралығындағы балл арқылы, 23 сарапшының пікірі бойынша дайындалған. Бірақ бұл сарапшылардың кімдер екендігі құпия күйінде қалып отыр.
Сонымен, аталған орталық сарапшыларының пікірі бойынша Қазақстанның саяси элитасында ең абыройлы және ең тиімді жұмыс істейтін орган – Мәжіліс болып отыр. Мұның сырын сарапшылар бірінші кезекте Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың беделімен байланыстырады. Жалпы Қошановтың тұлғалық қасиеті Президент Әкімшілігінің жетекшісі кезінде қалыптасқан. Осы абырой-беделі Мәжілісте депутаттардың жұмысына жетекшілік етуде де кәдеге асып жатыр. Кейбір сарапшылар Мәжілісте популизмнің көп екендігін де алға тартыпты. Дегенмен ең бастысы – қазіргі депутаттардың бәрі Президенттің саясатын қолдайды. Мұның бәрі Мәжілісті жұдырықша жұмылдырып отырған Қошановтың қажыр-қайратымен, абырой-беделімен байланысты екендігі айтпаса да түсінікті.
Рейтинтегі екінші орынды Жоғарғы аудиторлық палата иеленген. Бұл палатаның бұған дейінгі жетекшісі Наталья Годунованың беделімен байланысты (Годунова осы жолғы рейтингте әйел-шенеуніктердің арасында бірінші орын алып отыр). Сарапшылардың пікірінше, Годунова өз ісінің маманы, өзінің орнында отырған басшы еді, оның ойда-жоқта қызметтен кетуі түсініксіздік тудырған.
Сенат үшінші орыннан көрінді. Сарапшылар Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың абырой-беделін жоғары бағалаған. Дегенмен Мәжіліспен салыстырғанда сенаторлардың жұмысында ашықтықтың жоқтығы атап өтіліпті.
Төртінші орынды Сыртқы істер министрлігі иеленіп отыр. Өткен тоқсанмен салыстырғанда Сыртқы істер министрлігінің орны бір сатыға жоғарылап отыр. Дегенмен министр Мұрат Нұртілеу өзін мықты басшы ретінде көрсете алған жоқ. Сарапшылардың пікірі «Бұрын Сыртқы істер министрі болған Президенттің қарамағында Сыртқы істер министрі болу оңай емес» дегенге саяды.
Айтпақшы, өткен тоқсандағы рейтингте екінші орыннан көрінген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бұл жолы алтыншы орынға сырғыған. Бұл немен байланысты? Сарапшылардың айтуынша, Ерлан Қарин өте тәжірибелі саясаткер. Бірақ өткен кезеңдермен салыстырғанда мемкеңесші томаға-тұйық ұстанымға көшкен. Былтыр барлық жерде жүретін Қарин биыл ақпарат кеңістігінен алыстау кетіп қалды. Есесіне оған қатысты өсек-аяңдар көп. Кеңесшінің айналасына бір топ блогерлерді ұстайтыны да атап өтіліпті. Бұл оған не үшін қажет болды екен? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Ерлан Қарин әлі де болса өзін елдің бас идеологы ретінде көрсете алған жоқ. Оның абырой-беделі, танымалдылығы белгілі бір топтардың арасынан аса алмай тұр.
Рейтингте Айбек Дәдебаев басшылық ететін Президент Әкімшілігі 28 орыннан 36 орынға төмендеген. Премьер Олжас Бектенов 7-ші орын алыпты. Сарапшылардың ойынша Бектеновтің жұмысына баға беруге әлі ертерек.