Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Ауыз су мәселесі таусылмайтын «жырға» айналғалы қашан. Әсіресе, халқы тығыз қоныстанған Түркістан облысында ауыз судың «әлеулайы» мен «халәуләйі» бұған дейін де талай мақаламызға тамызық болып еді. Осы тақырып тағы да айналып келіп алдымыздан шықты.
Осы аптаның басында Түркістан облыстық әкімдігінде өткен жиында ауыз суға қатысты мәселе қаралды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды төрағалық еткен мәжілісте біраз статистикалық мәліметтер айтылды. Түркістан облысында былтыр ауыз су саласында 70 нысанның құрылысына бюджеттен 18,6 млрд теңге бөлінген. 36 нысанда құрылыс жұмыстары аяқталған. 34 нысан биыл пайдалануға беріледі. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қазіргі басшысы Руслан Мұздыбековтің айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыста 800-ден астам елді мекеннің 739-ы (7 қала, 732 ауылдық елді мекен) немесе 89,1% ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қайталап айтайық, Түркістан облысының 89,1 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылған. 89,1 пайыз... Тағы да Мұздыбеков секілді атқамінерлердің құрғақ цифрлары мен өтірік мәліметтері, көпшілікті алдаған көзбояушылық көлденеңдеп тұр. Бұл цифрға аздан кейін қайта ораламыз.
Жалпы, Түркістан облысында 2020 жылға дейін халықты ауыз сумен қамту көрсеткіші 80 пайыздың шамасында болатын. Облысқа әкім болып Өмірзақ Шөкеев келген соң бұл көрсеткіш күрт өсіп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 92,1 пайызға жетті. Тіпті Шөкеев 2021 жылы елордада өткен брифингте ауыз сумен қамту көрсеткіші жыл соңына дейін 93 пайыздан асып кететінін мәлімдеп жібергені де есте қалыпты.
Алайда кейіннен Есеп комитеті жүргізген тексеру нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша облыста орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткішінің 71,5 пайызды құрағаны айтылды.
2022 жылдың сәуірінде осы мәселе облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия отырыстарында қаралып, халық қалаулылары әкімдік пен Есеп комитеті мәліметтеріндегі жер мен көктей айырмашылықтың мәнісін сұраған болатын. Бұл сауалға облыс әкімінің сол кездегі бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев жауап беріп, Есеп комитеті келтірген 71,5 пайыз облыстағы елді мекендердің саны бойынша алынған цифр, ал жалпы халықтың санына шаққанда бұл көрсеткіш 92,1 пайызды құрағанын мәлім етті.
Атқамінерлер 2021 жылдың қорытындысы бойынша, облыста ауыз сумен қамтамасыз ету қалада – 99,4 пайызды, ауылда – 93,3 пайызды құрайтынын алға тартумен болды.
Ауыз суға қатысты күдік-күмән күшейіп кеткен соң «Рейтинг» газеті осы мәселеге түсінік беруді сұрап, Астанадағы Есеп комитетіне арнайы хат жолдаған болатын. Комитеттегі аппарат басшысы К.Плотников қол қойған хат 2020 жылы Түркістан облысының орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілу үлесі 71,5 пайызды құрағанын дәлелдеп берді.
Сол жылдың тамызында Шөкеев отставкіге кетті. Осыдан кейін облыстың атқамінерлері ауыз суға қатысты статистиканы сол баяғыша сексен пайыздың төңірегінен (85,7) қайта бастаған еді. Мұны неге айтып отыр дейтін шығарсыздар.
Кеше Шөкеев-Жетпісбаев тандемі жасаған өтірікті енді бүгін энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының қазіргі басшысы Руслан Мұздыбеков қайталап жатыр. Сонда атқамінерлердің өткен-кеткен қателіктер мен кемшіліктерден сабақ алғаны қайда?
Осы жерде аздап шегініс жасайық. Биыл 4 қаңтарда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен ауыз суға қатысты жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков Түркістан облысында 737 елді мекеннің немесе 91,3 пайызының ауыз сумен қамтылғанын мәлім еткен болатын (осы жиыннан таратылған ақпарат облыс әкімдігінің ресми сайтында жарияланған).
Сонда арада төрт ай өтпей жатып 91,3 пайыз қалайша 89,1 пайызға түсіп кетті? Бұл нені білдіреді? Бұл Мұздыбековтің жыл басында облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға өтірік ақпарат бергенін білдіреді.
Түркістандық шенеуніктер мұндай жалған мәліметті жыл басында Үкімет пен Ақордаға да жолдаған болуы мүмкін. Сонда атқамінерлер Президент пен Премьерді де алдаған болып тұр ғой.
Шөкеевтің кезіндегі жағдайлар тағы да қайталанып жатыр. Ауыз суға қатысты сұрақтар мен күдік-күмәндер көбейіп кеткен соң, бұл іске тағы да депутаттар араласты. Бұған дейін Мұздыбековтің ауыз суға қатысты есебі облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясында қаралды. Алайда депутаттардың тарапынан сұрақтар тым көбейіп кеткендіктен басқарма басшысының есебі сессияның күн тәртібіне шығарылмай қалды.
Біз осы мәселеге орай кешегі күні Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, мәслихат құрамындағы кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Талғат Қаржауовпен сөйлесіп, мәселенің мән-жайын сұраған болатынбыз.
– Мұздыбековтің бізге берген есебі шынайы жағдаймен сәйкес келмейді. Депутаттар тарапынан біраз сын айтылды. Осыдан кейін есепті келесі сессияға қалдыру жөнінде шешім қабылданды.
– Сонда нақты қандай мәліметтер сәйкес келмейді?
– Мәселен, Жетісай ауданында таза ауыз сумен қамту 80 пайыз делінген. Бірақ оның сапалы, таза ауыз су екендігіне ешқандай дәлел жоқ. Тиісті орындардың қорытындыларымен дәлелденбеген. Құжат жүзінде елді мекендер ауыз сумен қамтылған. Бірақ ол суды таза деп айтуға болмайды, сапасы нашар, – деген Т.Қаржауов мамыр айында депутаттар елді мекендерді аралап, ауыз суға қатысты жағдайды өз көздерімен көруді жоспарлап отырғанын алға тартты.
Ауыз сумен қамтылды деген ауылдардағы су сапасының тиісті талаптарға сай келмеуі жалғыз Жетісай ауданында ғана емес. Мәселен, Төлеби ауданындағы Тасарық, Қаратөбе ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерге осыдан бірнеше жыл бұрын ауыз су жүйесі тартылған. Бұған бюджеттен миллиардттаған қаржы жұмсалды. Су ауылдарға таудан, өз екпінімен ағып келеді. Алайда қазір халық жаңбыр, қар жауған кезде лай суды ішуге мәжбүр. Себебі жобаның жоспары сызылған кезде көп мәселе ескерусіз қалған. Су тазарту қондырғылары орнатылмаған. Мамандардың осындай салғырттығының салдарын енді 12 елді мекеннің халқы тартып жатыр. Бұл мәселені шешудің тиімді жолы – су көзін Алатаудың баурайында жатқан Төңкеріс елді мекеніндегі Бақырауық деп аталатын бұлаққа қосу. Алайда аталған бұлақ ерекше қорғалатын аумаққа – Ақсу Жабағылы қорығына кіреді. Осы себепті жобаны жүзеге асыруға Экология министрлігі тарапынан рұқсат берілмей отыр. Қайбір жолы бұл мәселені депутаттар Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен өткен кездесуде де көтерді.
Жуырда Мұздыбеков ауыз суға қатысты есепті облыстық Қоғамдық кеңесіне беруі тиіс болатын. Алайда басқарма басшысының жиынға өзі келмей, орнына орынбасары Роза Олжабайқызын жібергені Кеңес мүшелерінің орынды наразылығын тудырды. Нәтижесінде есепті басқарма басшысының өзі келіп берсін деген талап қойылды. Қоғамдық кеңестің жиынына бұған дейін де шақырса келмей қоюды әдетке айналдырған Мұздыбековтің мәселесін кеңес төрағасы Бәйділлә Жылқышиев облыс әкімімен бірге талқылайтынын тілге тиек етті. Әкім кімдікі бұрыс, кімдікі дұрыс дейтініне тағы тоқталатын боламыз. Бұл Мұздыбековтің жұмысы, ауыз суға қатысты мәселе депутаттарды ғана емес, қоғам белсенділерін де алаңдата бастағанын білдірсе керек.
Мұндай қара-қайшылықпен, жалған мәліметтермен Түркістан облысы келер жылы Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тікелей тапсырмасына, арнайы бағдарламаға сәйкес елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамти ала ма? Әй, қайдам?! Ал енді ауылға келді деген ауыз судың сапасы қаншалықты талапқа сай? Бұған енді кім жауап береді? Жұртты жалған мәліметтермен «жарылқап» отырған Мұздыбековтің мұнысы несі?